33 жыл бойы ешкімге бағынбай келген 267 келіні еңсерген толағай

0
3150

7-17 желтоқсан күндері Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 74 елінен келген 432 ауыр атлет арасынан 20 салмақта кіл мықтылар анықталды. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін саңлақтардың ішінен Лаша Талахадзе (Грузия) суырылып алға шықты. Сөйтіп, кезекті рет ауыр атлетика тарихына өз атын алтын әріптермен жазды. Бұл жолы 28 жастағы грузин ауыр атлеті бұған дейін серпе көтеруде ешкім көтермеген келіні төбесінен асырып, «Әлемнің ең мықты ауыр атлеті» атанды.

Ташкент төрінде екі дүркін Олимпиада чемпионы, бес дүркін Әлем чемпионы Лаша Талахадзенің топты жаратынына ешкім күмәнданған жоқ. Өйткені, соңғы сегіз жылда грузин ауыр атлеті өзі қатысқан әлемдік деңгейдегі сайыстардың барлығында да жеңіске жетіп жүр. Тіпті, жұлқа көтеруде сегіз, серпе көтеруде бес, қос жаттығуда сегіз әлемдік және екі олимпиадалық рекордты жаңартқан. Алысқа бармай-ақ, осы жылы жеткен жетістіктеріне тоқталсақ, аса ауыр салмақта сынға түсетін Лаша Талахадзе көктемде өткен Еуропа чемпионатында, жазда өткен Олимпиада ойындарында, осы айда өткен Әлем чемпионатында топты жарды. Үш жарыста да бұған дейін өзі орнатқан рекордты қайта жаңартты. Сондықтан оның Өзбекстанда бес дүркін Әлем чемпионы атанғаны спорт сүйер қауым үшін күтпеген жаңалық болған жоқ. 109 келіден жоғары салмақта сынға түскен грузин ауыр атлетіне жұлқа көтеруде 225 келі, серпе көтеруде 267 келі зілтемір бағынды. Оның қоссайыстағы көрсеткіші – 492 келі. Осылайша, үш жаттығуда да өзіне тиесілі әлемдік рекордты қайта жаңартты. Салыстырмалы түрде айтсақ, осы Әлем чемпионатында екінші орын алған армениялық Вараздат Лалаян грузин қарсыласынан қос жаттығуда 35 келіге қалып қойды.

Жоғарыда жазғанымыздай, Лаша Талахадзенің Ташкенттегі бұл жеңісі күтпеген жаңалық болған жоқ. Толағайдың барлық жарыста әлемдік рекордпен топты жаратыны үйреншікті жағдайға айналған. Бірақ, Лаша Талахадзенің әлемде бұған дейін ешкім көтермеген 267 келі зілтемірді Ташкентте бағындыруы ауыр атлетика тарихында елеулі күн ретінде қалады. Тарқатып жазайық.

Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін Әлем чемпионы Леонид Тараненко (КСРО/Беларусь) 1988 жылы Аустралия астанасы Канберрада өткен Әлем кубогінде серпе көтеру жаттығуында 266 келі зілтемірді еңсерді. Бұл салмақ халықаралық жарыстарда 33 жыл бойы ешбір ауыр атлетке бағынбай келді. Оны бағындыруға биылғы Токио Олимпиадасында Лаша Талахадзе бір табан жақын болды. Биыл 65 жасқа толған Тараненко өзінің Канберрадағы жетістігін дәл осы Талахадзе ғана жақсарта алатынын болжаған болатын.

«Мен Талахадзенің 270 келі зілтемірді де көтеретініне нық сенімдімін. Сол күнді тағатсыздана күтіп жүрмін», – депті бір сұхбатында Леонид Аркадьевич.

Міне, сол күн 17 желтоқсанда Ташкентте туды.

Иә, тарихты тұлғалар жасайды…

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here