Роза апамыз әрқашанда есімізде, ойымызда, жүрегімізде

0
1878

2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Осындай айтулы датаға орай  күміскөмей әншінің өмір жолын, шығармашылығын еліміздің киномайталмандары еске алуда.

«Біз, документалистер, еліміздің түрлі киностудияларында Бағланованың өмір күнделігін жүргіздік. Сол соғыс уақытының мазасыз кезеңдерін, әншінің таңғаларлық шарықтауы мен жылдар бойына созылған жетістіктерінің дәлелін мәңгі есте сақтау үшін түсірдік» – деген сөздерден «Қазақфильм» киностудиясының 1989 жылы шығарылған КСРО Халық әртісі Роза Бағлановаға арналған деректі фильмі басталады. Бұл асыра айту емес. Алғашқы қазақстандық эстрада жұлдызын халық қадірлейтін, сүйсінетін, ол туралы  фильмдер түсіріп, кітаптар жазып, оған өлеңдерін арнайтын.  

Басқаша болуы мүмкін емес еді, өйткені, Роза Тәжібайқызының өз тыңдармандарына деген махаббаты шынайы әрі адал еді.

«Менің Ұлы Отаным, менің керемет республикам, менің ғажап халқым!  Жүрегім соғып тұрғанда Сіздерге қызмет етуді жалғастырамын», – деп концертінен кейін халық сүйіктісі көрермендерге айтатын. 

Оның шығармашылық жолы 1941 жылы, соғысқа дейін басталды. 19 жасар Роза туған жері Қазалыдан Өзбекстанға келіп, Ташкент тоқыма институтына түсті. Бірақ тоқымашы болған жоқ. Бірде әнші қыздың бұлбұл дауысын филармония директоры Мухитдин Кари-Якубов естіген, сол сәттен бастап болашақ жұлдыз Өзбек КСР-дың мемлекеттік әйелдер ән-би ансамбліне қосылды. Бірнеше айдан кейін ол Мәскеу консерваториясына жолдама алды, бірақ, кенет Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Жас әнші ансамбльмен бірге майданға аттанды. Осы үрейлі жылдардың бәрін майданда өткізіп, шаршаған, үйін сағынған жауынгерлерге  өз әнімен тек қуанышты сәттер ғана емес, жеңіске деген ерік-жігер,  жақсы өмір сүруге үміт сыйлады. 

1945 жылы 9 мамырда Роза Бағланова Берлиндегі Жеңіске арналған концертте ән шырқады. Елімізде бейбітшілік орнады, ал әнші бүкіл әлем бойынша салтанатты сапарын бастады. Ол гастрольдік сапармен 50-ге жуық елде болды, Станислав Рихтер, Александр Вертинский, Игорь Ильинский, Аркадий Райкин, Галина Уланова және Майя Плисецкаямен бір сахнада өнер көрсетті. Ол үшін Шәмші Қалдаяқов, Бақытжан Байқадамов, Бекен Жамақаев, Нұрғиса Тілендиев әндер жазды.  

«Первая Роза. Объяснение в любви» фильміне арнап жазылған музыканың авторы – композитор Төлеген Мұхамеджанов Роза Тәжібайқызын мейіріммен есіне алады:

«Роза Бағланова жай ғана танымал әнші емес, біздің тарихымыздың әдемі бөлігі. Роза Тәжібайқызы қазақ халқының нағыз мақтанышы болды. Мен ол кісіні үлгі тұтатынмын. Жасы 80-ге келсе де, кездескен кезде маған «Төлеген, ән жазып берші!» дейтін. Ол ешқашан тоқтаған емес, арманына қарай ұмтыла беретін!».

«Жақында ғана егемендік алғанымыздың 30 жылдығын тойлап өттік. Қазақтың бір керемет сөзі бар – отызында орда бұзады деген. Осының ең басында, бас қасында жүрген азаматтардың ішінде қазақтың қыздары да болды. Олардың бірі, бірегейі – Роза Бағланова. Роза апамыз осы көште өзінің әнімен, бұлбұлдай сайрап, халықтың көңілін көтеріп жүрді. Апамыз қаңтардың бірінде 100 жасқа толайын деп отыр. Қазақ өзінің ұлын да, қызын да ұмытқан жоқ. Ел, жұрт аман болса – Роза апамызды ешқашан ұмытпаймыз. Елдің бір жақсы көретін әншісі, бұлбұлы осы Роза апамыз. Қазақстан болсын, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан болсын – бәрі сүйіп тыңдайтын ол кісіні. Әрқашанда Роза апамыз, есімізде, ойымызда, жүрегімізде. Той құтты болсын!», – деп барша қазақстандықтарды алдағы мерейтоймен еліміздің Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев құттықтады.

КЕАҚ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here