Мұрат Жұмабаев: «Тәуелсіз Қазақстанның ең бірінші бітімгер сарбаздары болдық»

0
4301

1992-2001 жылдары тәуелсіз Қазақстанның әскерлері тұңғыш рет жат елде тәжік-ауған шекарасын қорғауға қатысты. Өкінішке қарай, 1995 жылы 17 әскери сарбаз ұрыста қаза тауып, 33-і жараланып ең ірі әскери шығынға ұшырады. Әскери борышын небәрі 19 жасында тәжік-ауған шекарасында өтеген, бүгінде Қармақшы ауданындағы (Қызылорда облысы) Тәжік-ауған шекарасының ардагерлері қоғамдық қорының төрағасы Мұрат Жұмабаевпен ашық әңгімелесіп, тәжік-ауған шекарасының ардагерінен сол бір отты жылдарды, қазіргі жастардың әскерден қашу себебін, Отан қорғаудың қаншалықты маңызды екендігін сұрадық.  

«ТАУДЫҢ АРАСЫНА ТҮСКЕННЕН КЕЙІН ҒАНА СОҒЫСТЫҢ ИІСІН СЕЗДІК»

– Мұрат Тыныштықұлы, тәжік-ауған шекарасында қай жылы болдыңыз?

– Әуелі өзімді оқырманға таныстырайын. 1979 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Төребай би ауылында дүниеге келдім. Алғашқы әскери даярлық және дене шынықтыру факультетін бітіргенмін. Қазір дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. 20 жылдық еңбек өтілім де бар. Отбасымның бәрі ұстаздар. Төрт баланың әкесімін. 1998 жылы әскери борышымды өтедім. Бір жылдан кейін тәжік-ауған шекарасына аттанып, 2000 жылы елге аман-есен оралдық. Тәжікстанға кетпей тұрып, бізді әбден дайындықтан өткізді. Түнгі атыс, медициналық көмек, халық арасындағы әскерилердің ұрыстары деген сияқты нәрселерді пысықтады. Біз үлкен дайындықпен бардық. Қазақстаннан сағат түнгі бірлердің шамасында Душанбеге әскери ұшақпен алып барған. Бастапқы кезде қорқыныш сезімі болмады. Таудың арасына түскеннен кейін соғыстың иісін сездік. Айналадағы қираған және өртенген әскери техникаларды өз көзімізбен көрдік. Сонда бар-жоғы 19 жастағы жігіт едім. Біздің кезіміз қайта тыныштықпен өтті. Ешқандай да жаумен бетпе-бет келмедік. Аман-есен үйге оралғанымызға, Аллаға шүкір!

1991 жылы еліміз егемендігін алды ғой. 1992-2000 жылдары Қазақстаннан тәжік-ауған шекарасын сегіз мыңдай сарбаз қорғаппыз. 1995 жылдың 7 сәуірінде бізден ең көп шығын болды. Тәжікстанның Пшихавр шатқалындағы ұрыста  17 сарбазымыз қаза тауып, 33-і жарақат алды. Шынына келгенде, біз тәуелсіз Қазақстанның ең бірінші бітімгер сарбаздары болдық. Егеменді еліміздің тұнғыш ардагерлеріміз! Ауған соғысы мен басқа да ардагерлерге, әрине басымызды иеміз. Олар оқ пен оттың ортасын көрді. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, басқа елге бітімгершілік миссиясын орындауға Елбасымыздың өзі аттандырған еді.

– Үкіметтен Сіздерге қандай да бір қолдаулар мен көмектер бар ма?

– 2020 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен бізге ардагер статусын берді. Қазір ай сайын 14 мың теңгедей жәрдемақы аламыз. Жергілікті биліктің атқамінерлері де қолдауларын аямайды. Әрбір  мейрамдар сайын марапаттап жатады. Әйтеуір жас кезіміздегі еңбегіміз зая кетпеді.

– Тәжікстанның нақты қай жерінде болдыңыз?

– Тәжікстанның таулы аймақтарында болдық. Бізге берілген міндеттердің бірі – есірткі айналымының жолын кесу болған. Одан бөлек, заңсыз қару-жарақ тасымалына тосқауыл қою керек. Екі елдің арасындағы бейбітшіліктің сақталуын да қадағалаймыз. Жалпы соғыс отының тұтанбауы деген сияқты нәрселер де бар. Өзіміздің Қорғаныс министрлігінің берген тапсырмаларын да орындауға міндетті болдық. «Қауіпті жерге бара жатырмыз ғой» деп, ол кездері ойламаппыз. Бізді жоғары деңгейде дайындықтан өткізді. Әскери дабылмен бір түннің ішінде-ақ бәрімізді алып кеткен. Соғыс болған орындарды өз көзімізбен көрдік. Қаза тапқан сарбаздарға арнайы белгілерді қойған екен. Сондайды көрген соң, бойымызға үрей пайда болды. Содан кейін өзімізді психологиялық тұрғыда дайындадық.

«ОТАНЫН ҚОРҒАМАЙТЫН АДАМ ОТБАСЫН ДА ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ»

– Мұрат Тыныштықұлы, қайда бара жатқандарыңызды білдіңіз бе?

– Тәжік-ауған шекарасына өз еркімізбен барғанбыз. Әрқайсымыздан жеке-жеке сұрады ғой. Бір бөлімнің өзінен 25 бала бару керек болған. Өзім рапорт бердім. Көптеген комиссиялардың алдынан өттік. Психологиялық тексерістерден де өткізді. Комиссиядан құлап қалған жігіттер де болды. Тәжік жеріне алдын-ала баратынымызды білдік. Өзім шекара әскерінде болдым. ТМД елдерінен де сарбаздар келді.

– Қоғамдық қорларыңыз туралы айта кетсеңіз? Қандай жұмыстар атқарасыздар?

– Қазір Қармақшы ауданында Тәжік-ауған ардагерлері деген қоғамдық ұйымымыз бар. Мен аудандағы төрағасымын. Мейрам сайын аудан әкімінің тарапынан марапаттар болады. Облыс бойынша 400-дей, ал ауданда қырықтың үстінде ардагер бар. Жастарға патриоттық тәрбие негізінде әскери комиссариатқа барып, жастармен кездесу өткізіп тұрамыз. Патриоттық тәрбие беру мақсатында кездесеміз. Әскери комиссариатқа да арнайы тақтайша қойдық. «Осындай ағаларымыз бар екен» деп кейінгі буын бізді білсе екен. Биылғы жылғы жоспарымызда аудандық деңгейде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан ардагерлерді еске алу күніне орай аудандық спорттық ойындардан турнир өткізу бар. Аудан әкімі келісім берсе, тәжік-ауған шекарасының ардагерлеріне монумент қойсақ деген жоспарлар да болып тұр. Сонда қаза тапқан жігіттерді еске алып, жақындары гүл шоқтарын қоятын болады.

– Қазіргі жастарымыздың әскери борышы туралы айта кетсеңіз?

– 1996 жылы мектеп бітірдім ғой. Біздің заманымызда «әскерге бармасақ, онда біздің намысымыз жоқ» деп есептейтінбіз. Замандастарымнан әскерден ешкім қашпады. Қазір енді әскери борышын жастарымыз бір жыл ғана өтейді. Біз екі жыл өтедік. Әскердің арқасында көптеген жолдастарым бар. Бір жақсысы басқа жерді көрдік. Әскерде отбасы мен жақындарыңның қадірін біліп, туған жерге деген патриоттық сезім де артады. Әскер адамды шыдамдылыққа үйретеді. Қазіргі жастарға таң қаламын! Әскери анттың ішінде олар «әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге, әскери және мемлекеттік құпияны қатаң сақтауға» деп ант береді. Сөйтеді де әскердегі жеп отырған тамағын суретке түсіріп жібереді. Әрқайсысы мойынындағы аманатты сезіне білуі керек. Көбісі уақытымызды босқа өткіземіз деп ойлайды ғой. Отанды қорғаудан ешқашан қашпау қажет. Отанын қорғамайтын адам отбасын да қорғай алмайды. Өйткені, біз соғыстың ошағын көрдік. Жастарымыздың әскерге ұмтылғандары жөн.

– Әскердегі әлімжеттік туралы не айтасыз? Мүмкін жастарымыз содан кейін де барғысы келмейтін шығар?

– Біз басқа мемлекетте жүргенде әлімжеттік туралы мүлдем ойламаппыз. Біреуді ұрып-соғу, келемеждеу деген атымен болған жоқ. Тек ер адамдар болғаннан кейін, ондай жағдайлар әрине болады ғой. Әртүрлі адамдар жан-жақтан келеді. Өз ойым шамалы нәрселерге төзген дұрыс деп ойлаймын. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр» дейді. Сол сияқты жастар бір-бірін қадірлеген дұрыс. Қазір әскерде бейнекамера көп. Офицерлер жиі-жиі дене жарақаттарын да тексереді екен. «Кейде қатты еркелетіп жіберді ме» деп ойлап қоямын. Соғыстың беті аулақ. Бірақ, әскердегі қиындықтарды еңсеру керек. Сонда ғана елін қорғайтын нағыз азаматтар пайда болады.

– Мұрат Тыныштықұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here