Даралық пен даналық

0
3233
Балалықтан даналыққа – Меллат Раметұлы Дайырбаев

Әр дәуірдің өзіндік талабы мен сол қоғамның өз ортасына орай әр адамның меңгерген кәсібі немесе мамандығы, бағындырған биік белестері мен тұлға болып қалыптасуының сан алуан жолдары болатыны анық. Сол сияқты біздің дәуірімізде де алдыңғы буын ағаларымыздың арасында жаратылыстық ғылым мен қоғамдық ғылымның тетігін тауып, сол тетікті терең бойлап, игерген ілімінің кірпіші боп қаланған айтулы тұлғалар аз болған жоқ. Сондай жанның бірі де бірегейі – Меллат Дайырбаев.

Алдыңғы қатарда: (солдан бірінші) әкесі Рамет Дайырбаев, (солдан үшінші) Қапипа Сыздыққызы; артқы қатарда: (солдан екінші) ағасы Мұқаш Раметұлы, (оңнан бірінші) Меллат Раметұлы (балалық шағы), (солдан бірінші) Қапез Сүлейменов

Меллат Раметұлы – қазақтың баспа, тіл-жазу, аударма және редакция саласының білгірі, белгілі ғалым, қоғам қайраткері, білікті басшы еді. Өкінішке қарай, өткен жылы дара тұлғамыз өмірден қайтты. 2021 жылдың мамыр айының 23-і күні тек біз ғана емес, қазақ қаламгерлері, әсіресе Қытайдағы қазақ баспа, аударма, тіл-жазу саласы қайғыдан қара жамылды.

Қадірменді ақсақалымыз ұзақ уақыттық науқастың себебінен 78 жасқа қараған шағында Алматы қаласының іргесіндегі Үшқоңыр елді мекенінде өз шаңырағында дүниеден озды. Қаралы хабар интернет желісінде әп-сәтте таралып үлгерді. Құдай қосқан қосағы мен бала-шағасы, туыс-туған және бүкіл ел-жұрты қайғыдан қан жұтып, қабырғалары қайысты. Әр елден, жер-жерден көңіл айту хаттары мен жоқтаулар тоқтаусыз түсіп жатты. «Әулетке тіреу, сүйеу болайық, қайғыны жеңілдетейік» деген ниетпен келген қаралы халық толассыз ағылып жатты…

Алатау баурайындағы Үшқоңыр төскейінің биігінен мәңгілікке орын алды, көптен топырақ, дұға бұйырды. Көп өтпей құлыптасқа:

«Ұлтымның көшбасшысы сұңқар ерім,
Тіл дегенде шабатын тұлпар едің.
Баршаны бауырына басатұғын,
Текті ата-бабалардың ұрпағы едің», – деген әулет ұрпақтарының жүрек жарды сағынышқа толы жылы лебіздерін мрамор тасқа қашап жазды. «Жатқан жерің мәңгі жарық болсын» деп ай орнатты. «Алланың нұры жауып, көгілдір көк аспаннан күн сәулесі төгіліп, пейіште нұрың шалқысын» деп күмбез тұрғызды. Салиқалы да саналы, сауатты ұрпағының игі перзенттік істеріне біздер сүйсіне қарадық.

Соңғы қоштасу қаралы жиында көпшілік алдында ағамыздың өмірбаянын, көңіл айту хаттарын, жоқтау өлеңдерін оқыдым. Мен осы арада ол кісінің даралығын, даналығын өксікпен өкініп, көп қайталаппын. Бүгінде айтайын, жазайын дегенім, адамға рух, жігер, қажыр-қайрат, үлгі-өнеге беретін дәл осы асыл қасиеттеріңіз болатын асыл аға!..

Оңнан: Меллат Р.Д., досы Тұмарбек, Ырысхан, жұбайы Қадиша Ошанқызы, артқы қатарда оңнан: Қайролла М., Бақытнұр Р., Лаззат Н.

Ағаның білері көп, ойы терең, ұлттық рухы биік үлкен ғалым, өзгеден ерек, болмысы бөлек екендігі де рас. Солай қалыптасуының сыры мен қыры да жоқ емес-тін. Қаршадайынан тұрмыстық тауқымет пен қоғамның бұраң жол, күрделі кезеңдерін басынан өткерді. Сол жолда талай қиындықтарға мойымай, керісінше тағдырдың бар тауқыметіне қарсы тұра білді, шыңдалды, сөйтіп өсіп-жетілді. Нәтижесінде, елінің елеулі, халқының қалаулы тұлғасы боп қалыптасты.

Осынау жүріп өткен жолы кейінгі ұрпаққа естелік, үлгі-өнеге болсын деп, ағаның туып-өскен мекені, оқудағы жетістіктері, өмір сүрген ортасы мен қоғамдық қызметтерін тілге тиек, ойға өріс етіп, біршама хабардар етуді жөн көріп отырмын. 

Меллат Раметұлы Дайырбаев 1943 жылы Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағының Толы ауданына қарасты Майлы өңірінің Жерошақ деген жерінде Ахметжанның тұңғышы Раметтің шаңырағында дүниеге келді. Үлкен ағасы Мұқаш (Нұрмұхамет) көзі ашық, көкірегі ояу, көргені мен түйгені көп оқымысты, өте білікті, зиялы адам болған. Өзінен кейінгі інілерінің оқуына ғана емес, бүкіл қазақ ұрпағының оқуына шын жанашырлық танытқан бірден-бір жан. Міне, Меллат аға осы істің ашық айғағы еді.

Мұқаш ақсақал әкесі Раметтің шаңырағын Майлы жайлауынан Шәуешек қаласына көшіп, қоныс аударуына мұрындық болды. Бар арманы – інілерін оқыту. Буыны бекіп, қанаты қатая қоймаған бала Мекеңді Шәуешектегі Қарадөң бастауыш мектебіне түсіреді. Келесі жылы Дөңгелекши мектебіне, жалғасын Дөрбілжін ауданына ауыстырып әкеліп, өз үйінде оқытты. Тіпті, көршілес Толы ауданында тұратын нағашыларына да жіберіп оқытады. Сонымен, Толыдан қайта Шәуешекке барып орталау оқиды. Ағасы Мұқаңның соңынан Іле қазақ облысы Құлжа қаласына барып 1-ші орта мектепте оқиды. Соңғы жылдары Шәуешек ұлдар орта мектебінде оқуын аяқтайды. Осы жылдары аудан әкімі болып жұмыс атқарып жүрген Мұқаш Раметұлы өз інісін ары да, бері де, қайта-қайта тиянақтап оқытуы Мекеңді білімге ғана емес, білімге деген құлшынысын оятып, соның төзімділігіне баулудың тамаша әдісі еді. Ал, Мекеңнің ләм деместен әкесі мен ағасының ақыл-кеңесін жерге тастамай орындауы, жаңа ортаға тез бейімделуі, ыждағаттылығы, табандылығы текке кетпей, өзін көп белестерге шығарды. Міне, бұл биік тұлғаның алғашқы қалыптасуы еді…

Оңнан солға қарай: Меллат Раметұлы, Қадиша Ошанқызы, Қайролла Мамытанұлы

1961 жыл – Мекеңнің бақ жұлдызы жарқырап, жаңа тың белеске қадам қойған қуанышқа толы айтулы жыл болды. Қытай Халық Республикасы Бейжің педагогика университеті «саяси-ағарту» факультетінің күндізгі бөліміне қабылданғаны туралы  шақырту алды. Шет жүрген қаршадай қазақ балаларының пешенесіне бұйыра бермейтін бақыт қой бұл. Мекеңнің ғана емес, бүкіл әулеттің қуанышында шек болмады. Топ ішінен тұлпардай оза шапқан жүйрікке ауыл болып қуанды.  

1961-1963 жылдары университетті оқудан бұрын Бейжің ұлттар институтында екі жыл қытай тілінің дайындық курсында оқып, қытай тілін жетік меңгеріп шығады.

1963-1968 жылдары «саясаттану-ағарту» мамандығының дипломын алып және бакалавр атағын иемденіп, университеттегі оқуын тәмамдайды.

Мекең аяулы анасынан ертерек айырылды. Туған анасы Қарақыз (азан шақырып қойған аты – Жами) Рамет шаңырағы Толыдан Шәуешекке көшуден бірнеше жылдар бұрын Алланың ақ ажалымен дүние салып, өздері мекен еткен жайлауға жерленген. Ал, әкесі Рамет ақсақал 1962-1963 жылдардағы «Шәуешек көш-көш» ұлы уақиғасы орын алған аласапыран жылдары Мекеңнен басқа бала-шағасын алып Қазақстанға өтіп кеткен. Өз туған мекеніңнен, жылы ұяңнан әп сәтте ажырап қалу ауыр трагедия емес пе?! Бәрі де Мекең үшін оңай болған жоқ. Мәңгі өкініш, мәңгі сағыныш жалғасып жатты…

Мекең сонда да өмірдің бұраң жол, тайғақ кешулеріндегі түрлі қиындықтарға мойымады, еш жасымады, қайта қайратын қанжарша жанып, қарагеріне қамшы басып шын жүйріктей өрге тартып, өршелене берді. Өмірдің ұлы көшінде өз ұстанымынан, бағыт-бағдарынан жаңылмады, тек алға ілгерілеу, ұмтылумен болды. Балалық шағынан бастап аз сөйлеп көп тыңдауды, толғанып тоқтап айтуды, желіккен жел, көпірмелі көп сөзді тыңдамауды, аққа жақ болуды, әділ сөзге жүгінуді, байсалды да байыпты, сабырлы болуды күнделік тұрмыс дағдысына айналдыра білді. Уәдеге берік, жақсыға серік, абызға ерік беруді, жығылғанға сүйеу, елге тіреу болуды санасына мықтап сіңірді. Осылай болуды өте қарапайым мысалдарымен байыптылықпен тілге тиек етіп,  жастардың құлағына құйып отыратын. Көп жерде, топ ортада беретін ақ бата, ақ тілегінен-ақ абыздылығы аңғарылып тұратын. Міне, үлгі-өнеге, даралық асыл қасиет деген осы!

Меллат аға қызмет қадамын Манас ауданы орман шаруашылығынан бастады. Зауытта жұмысшы болып та көрді. 1974-1996 жылдары ҚХР, ШҰАР, «Халық» баспасы қазақ редакциясында аудармашы, редактор, бөлім меңгерушісі, басқарма басшысы болды. «Халық» баспасы Қытайдағы әр ұлттың тілінде кітап шығаратын ең ірі баспа орындарының бірі болатын. Онда қытай, ұйғыр, қазақ, қырғыз, моңғол және басқа да аз санды ұлттардың өз ана тілдерінде түрлі жанрлардағы шығармалары мен аударма еңбектері жарық көретін. Тек Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің туындылары ғана емес, ұлы Абайдың өлеңдері, қара сөздері, ақылиялары, Мұхтар Әуезовтың «Абай», «Абай жолы» романдары, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Мағауин, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Рәбиға Сыздықова қатарлы көптеген ұлы қаламгерлердің (есіме түскенін айтып отырмын, артық-кеміне кешірім) том-том еңбектері араб жазуымен баспадан шығып жатты.

Бұл еңбектердің қай-қайсысында болмасын Мекеңнің қолтаңбасы, үлкен қажырлы еңбегі мен табан ет маңдай тері қалды. Сонымен қатар, Қытайдағы белгілі ақын-жазушылардың еңбектерінің елімізде жарық көруіне де аянбай атсалысты. Екі ел арасындағы мәдениет пен әдебиеттің алтын көпірі, дәнекері, достықтың жаршысы болды десем артық айтпаған болар едім. Бұған зиялы қауымның бәрі де куә.

Оңнан солға қарай: Қайролла Мамытанұлы, Меллат Раметұлы, Қадиша Ошанқызы, Бақытнұр Рақымқажықызы

«Тіл және аударма» журналының бас редакторы, комитеттің орынбасары болып жұмыс істеген кездерінде атқарған еңбектері ұшан-теңіз. «Қалауын тауып қар жандырған», «қиуадан шауып, қисынын тапқан» білікті басшы бола білді.

Қазақ тіліндегі өзге ұлттар тілінен қабылданған атау-терминдерді жалпыластыру, бір арнаға түсіру және тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуде үнемі ғылыми талқылау-жиналыстарын өткізіп, қазақтар тұратын өңірлердің бәріне барып дөңгелек үстел ұйымдастырып, құнды ұсыныс-пікірлерін ортаға салудан да жалыққан емес.  

Аз санды ұлттардың тіл жазуы жөніндегі негізгі заң ережелеріне сәйкес Қазақ автономиялы аудандарындағы қазақ тілінің қолдану аясына зерттеулер жүргізді. Тіпті, үкіметтік және үкіметтік емес мекемелер, жұмыс орындары маңдайшалығындағы атаулардың қазақ тіліне аударылып, дұрыс емілемен жазылуына дейін ден қойып зерделеді, заңды ғылыми пікірлер арқылы түзетулер енгізді.

Айтып отырған осынау жұмыстар өзге елде бұл жәй кішкентай іс емес. Осы арада өз елімізде ана тіліміздің көсегесінің көгеріп көктеуіне дәл осылай үлес қосатын ұлты мен тілін сүйетін Мекеңдей азаматтар көбейсе игі еді дегің келеді.

Зейнеткерлікке шығып, елге келгеннен кейін де уақытын бос өткізіп қарап жатпады. «Туған тіл», «Алтын бесік», «Көрші» журналдарында өзінің көптеген аударма мақалалары мен тіл туралы жазған ғылыми еңбектерін жариялап отырды. Журналдардың басшылары, редакция қызметкерлерімен үнемі ой бөлісіп, кұнды пікір, үлкен ұсыныстарын ортаға салып ағалық ақыл-кеңесін аямады. Аударма еңбектері, сөздіктері мен жазған ғылыми мақалалары өз алдына бір төбе. Бұл туралы жалпы өмірбаянында толық айтылар деп ойлаймын.

Енді басшылық қызметтегі ұйымдастыру, басқару қабілетінің қандай екендігін қызметтес болған үлкен-кіші көптің лебізінен аңғару қиын емес. Қай елде болса да жоғарғы ғылыми кеңеске мүше болып, мамандықтары бойынша оқымысты мамандарға ғылыми атағын беру, бағалау және оған тікелей жауапты басшы болу тек үлкен дана, ғалым тұлғалардың ғана қолынан келетін іс.

Мекең, міне, өз саласы бойынша қаншама қазақтың зиялы жастарына жетекшілік етті, демеуші болды, ғылымдағы жолын ашты.

Мекең өз дәуірінің асыл азаматы, ұрпақтың үлгі-өнегесі болды.

Асыл аға, Сіздің даралығыңыз бен даналығыңыз әрқашан жадымызда, біз Сізді ұмытпаймыз!

Қайролла МАМЫТАНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here