ҚазҰУ ректоры «Болашақтықтардың» алдына жаңа міндеттер қойды

0
1158

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының иегерлерімен кездесті.

Озық ғылыми технологияларды трансферттеу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында жыл сайын 500 ғалымның әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 41 оқытушысы мен қызметкері аталған стипендияның иегері атанды. Бұл еліміздегі стипендиаттардың жалпы санының 7,2 пайызын құрайды. Өткен жылғы көрсеткіш 5 пайыз болған. Бұл айтарлықтай жетістік. ҚазҰУ стипендиаттарының ең көбі АҚШ университеттерінде білім алады, олардың саны – 21. 18 адам Еуропа университеттеріне, Жапония мен Түркияның жоғары оқу орындарына бір адамнан барады.

Әріптестеріміздің таңдаған жоғары оқу орындарының арасында рейтингісі жоғары, беделді білім ордалары да бар. Мысалы, үздік 300 ЖОО-ға 16 университет (39 пайыз), үздік 500-ге – бес университет (12 пайыз) кіреді.

Осы орайда, ҚазҰУ оқытушылары мен қызметкерлері тағылымдамадан өтетін Джордж Вашингтон, Висконсин, Пенсильвания, Лондон императорлық колледжі, Берлин университеті, Гумбольдт, Жапония (Токио университеті), сияқты университеттерді айрықша атап өткен жөн.

Кездесу барысында ректор университеттің жетістіктері мен даму болашағына тоқталды. ҚазҰУ – әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына енген еліміздегі алғашқы және жалғыз университет. Сондай-ақ университет мамандарды даярлаудың 17 бағыты бойынша үздіктер көшінде. Бұл біздің білім беру бағдарламаларымыздың бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді. 2021 жылы ҚазҰУ QS рейтингінде түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі бойынша үздік 250 ЖОО қатарына енді, бұл университет түлектерінің елімізде және одан тыс жерлерде барынша сұранысқа ие екенін дәлелдейді. Бүгінгі таңда университетте кең ауқымды білім беру бағдарламалары мен ғылыми бағыттар бар, бұл университеттің зерттеу саласындағы әлеуетін арттырады.

Бұл аса маңызды жетістік, әрине, оған университеттің оқытушы- профессорлар құрамының қосқан үлесі зор.

Қазір білім беру үрдістері өте жылдам өзгеруде, ғылымда жоғары технологиялық тәсілдер белсенді түрде қолданылуда. Осындай жағдайда ҚазҰУ ғалымдары заман талабына ілесіп, алға ұмтылғаны жөн. Осының барлығы оқу-тәрбие процесінің ғылыми-зерттеу компонентінің жетілуіне, артуына алып келетіні сөзсіз. Білім беру бағдарламаларын түбегейлі жаңарту міндеті тұр. Келешекте маңызды мақсат-міндеттерді шешу үшін жаңа оқу пәндері қажет екені анық.

Стипендиаттардың тағылымдамасы алда тұрған осындай және басқа да міндеттерді шешуге бағытталғаны айтпаса да түсінікті. Стипендиаттар ғылыми тақырыптар мен тағылымдамадан өтетін университетті саналы түрде таңдауы керек.

Тағылымдама нәтижесі университеттің ғылыми-зерттеу ордасына айналуға ықпал етеді әрі соған қосқан зор үлес болмақ. Стипендиаттардың әлемнің үздік университеттері мен ғылыми орталықтарында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге бірегей мүмкіндігі бар.

Кездесу барысында стипендиаттар алға қойған өз жоспары, сондай-ақ ұсыныстарымен бөлісті. Жалпы, университет пен әлемнің жетекші университеттері арасындағы ынтымақтастықты дамыту және ғылыми құрамды күшейту бойынша сындарлы диалог құрылды.

ҚазҰУ басшысы стипендиаттардың алдына нақты міндеттер қойды: университет ғалымдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыруға жұмылуы қажет. Жоғары инвестициялық тартымдылығы бар ғылыми жобалар мен бағдарламалардың тиімділігін арттыруға күш салу.

Сондай-ақ мемлекет дамуының бастапқы міндеттерін ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету үшін жаңа зерттеу топтарын құру жүктелді. Интеллектуалдық күшті нақты сектордың технологиялық мәселелерін шешуге және практикалық маңызы бар ғылыми бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға шоғырлану қажеттілігі айтылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here