Бішкек пен Душанбе араларындағы жер дауын неге шеше алмай келеді?

0
7335

Кез келген мемлекеттің басты құндылығы – халық пен жер. Бұл екеуі жоқ болса, ешқандай елдің болмасы да анық. Ал, тарихта ұлтарақтай жер үшін қантөгіске дейін барған оқиғалар аз кездеспейді. Демек, жер дауы өткеннің еншісіндегі ғана тартыс емес, бүгінде түйіні тарқатылмаған күрделі мәселе. Соңы атысқа ұласқан 27 қаңтар күнгі шекарадағы шиеленіс Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шешілмеген мәселенің бар екендігін тағы бір мәрте еске түсірді. Бішкек пен Душанбе 28 қаңтарда атысты тоқтату туралы келісімге келгенімен, екі ел бұған дейінгі де ресми мәлімдемелерінде ынтымақтастықты ту еткенімен, орын алып жатқан қақтығыстар іс жүзінде көршілердің арасында көрінбейтін қамалдың бар екенін дәлелдеп берді. «Бұған дейінгі» деп отырғанымыз да тегін емес. Өйткені, Ворух анклавында (анклав – мемлекеттің бір бөлігін басқа елдің толықтай қоршап жатуы) ұлтаралық қақтығыс жиі болып тұрады. Екі тараптың бір-бірін оқпен де, таспен де ататыны үйреншікті жағдайға айналды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекаралық дауға тоқталады.

Былтыр көктемде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасы маңында болған қарулы қақтығыс салдарынан қос тараптан 265 адам жараланып, 55 адам қаза тапқан…

КІШКЕНТАЙ АНКЛАВТЫҢ ҮЛКЕН МӘСЕЛЕСІ

Тәжікстан мен Қырғызстанның шекаралық аумағы 970 шақырымға созылып жатыр. Бүгінге дейін соның 519 шақырымы ғана шегеленсе, қалған 451 шақырымның қай елге тиесілі екендігі даулы мәселеге айналған. Ал, Душанбе мен Бішкек 25 мыңдай тәжіктер тұратын Ворух анклавына қатысты «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келе алмаса, бұл істің аяғы насырға шабатын түрі бар.

Рас, екі жүз жыл бұрын даулы аймақтардың қай халыққа тиесілі болғандығын қазір кесіп айту қиын. Дегенмен, КСРО тұсында бүгінгі даулы аймақтарды «біздің жер» деуші халықтардың мекендегені анық. Даудың басталуына Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бөліске түскен жерлердің этностық шеңберді және тарихи деректерді ескермей жасалғаны түрткі болып отыр. Сөйтіп, Одақ ыдырағаннан кейін анклавтар пайда болды. Мәселен, жер көлемі біздің Қостанай облысымен шамалас Қырғызстан аумағында алты анклав бар. Соның төртеуі Өзбекстанға (Сох, Шахимардан, Чон-Гара, Таш-Добе), екеуі Тәжікстанға (Кайрагач, Ворух) тиесілі.

Қырғызстан аумағында Тәжікстан анклавтарының пайда болуына қос елдің Кеңес Одағының құрамынан дайындықсыз шығып кетулері де себеп болды. Айталық, 1991 жылы 31 тамызда Қырғызстан азаттығын алса, іле-шала 9 қыркүйекте Тәжікстан да өзінің тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздігін жариялаған тоқсаныншы жылдары Душанбе мен Бішкектің шекара мәселесін шешуге мұршалары болмады. Бұғанасы бекімеген елдер жер үшін жан алысып, жан берісе күресуді кейінге қалдырып, тар заманда жер даулағаннан гөрі көршілерімен тату-тәтті қарым-қатынаста болу саясатын жүргізді. Және Мәскеуден бөлініп шыққан әрбір мемлекеттің алдында алдымен экономикалық дағдарыстан шығу міндеті тұрды. Қиын-қыстау кезеңде Рахмон Нәбиев пен Асқар Ақаевтың да күн тәртібінде тұрған бірінші мәселелері осы болды. Екі елдің де тұңғыш президенттері анклавтар мәселесін ес жинап, етек жапқаннан кейін ғана талқылауды жөн көрді. Демек, Қырғызстан мен Тәжікстан тәуелсіздіктерін жарияламас бұрын шекара мәселесін алдын-ала талқылап, кесіп-пішіп алғанда, бүгінгі даудың салмағы да аз болар ма еді…

Жоғарыда жазғанымыздай, Ворух анклавында қырғыздар мен тәжіктер арасындағы қақтығыстар жиі болып тұрады. Өкінішке қарай, қос тараптың үкіметтік арнайы комиссиялары күні бүгінге дейін шекара сызықтарын нақтылауда осалдық танытып келеді. 2018 жылдың күзінде кездескен сол кездегі Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон «Ворух жанжалына» қатысты бірқатар мәселелерді талқылап, қырғыз-тәжік аумағын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметаралық комиссия шекара мәселелері бойынша ынтымақтастықты тезірек жандандыру қажеттігін баса айтты. Дегенмен, баяғы жартас сол жартас күйінде қалып, күні кеше шекарада тағы да қарулы қақтығыс болды.

Екі ел шекарасының маңындағы қақтығыс 27 қаңтарда болған. Сол күні қырғыз-тәжік шекарасындағы Баткен ауданына қарасты Торт-Кочо (Қырғызстан) елді мекені тұсында тәжік азаматтары жолды жауып, келіссөзден кейін жол ашылған. Біраз уақыттан соң Қырғызстанның Шекара қызметі тәжік тарапынан оқ атылғанын хабарлаған. Қырғызстан мұны тәжік шекарашыларының арандату мақсатында жасалған әрекеті деп атаған. Ал, тәжік тарапы Қырғызстанды айыптаған.

Соңғы мәлімет бойынша, қырғыз жағынан 11 адам жарақат алған. Денсаулық сақтау министрлігі олардың жағдайы орташа екенін хабарлады. Тәжікстанның «Ховар» агенттігі жанжал кезінде тәжік жақтан екі адам мерт болып, он адам жарақаттанғанын мәлімдеді. Он адамның алтауы – әскери қызметкер, төртеуі – бейбіт тұрғын.

Қырғызстанның ресми мәліметіне сенсек, шекарадағы шиеленіске байланысты 11 052 тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Мысалы, 10 410 адам – қауіпсіз аймақтағы үйлерге көшірілсе, 642 адам – уақытша ашылған пунктерге жайғастырылған. Кейбір аумақта тұрғындар мешітке орналастырылған.

Қырғызстан мен Тәжікстан 28 қаңтар күні сағат 4:00 шамасында шекарада атысты тоқтатуға келіскен.

Иә, шекараның бекітілмеген жерінде жер, су үшін жиі жанжал болып тұрады. Былтыр да шекара маңындағы қырғыз және тәжік ауылдарының тұрғындары арасында жанжал болған. 28 сәуір күнгі қақтығысқа кешкі уақытта тәжіктер Қырғызстанның Көк-Таш ауылына жақын жердегі бағанаға бейнебақылау камерасын қоймақ болғаны себеп. Жергілікті тұрғындар құрылғыны алып тастауды талап етіп, сөзге келіспей қалған, артынша олар бір-біріне тас лақтыра бастаған. Ал, 29 сәуірде ел арасында атыс басталып, жағдай өрши түскен.

Айта кетерлігі, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары оқиға орнынан түрлі мәлімет таратты. Мәселен, Қырғызстанның «Кабар» агенттігінің хабарлауынша, 29 сәуір күні сағат 14:05-те Головное елді мекенінде тараптардың әскери бөлімшелері арасында атыс басталған. Қақтығыс барысында бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілер жарақат алған. Сол күні кешке таман тәжіктер жағы «Мин-бұлақ», «Достук» шекара бекеттеріне, сондай-ақ «Қожогар» және «Бұлақ-Баши» шекара бекеттеріне оқ жаудырған. Баткен шекара отрядының «Достук» шекара бекетінің ғимараты өртенген.

«Ховар» агенттігінің хабарлауынша, қырғыз тарапы оқиға орнына әкелген 250-300 сарбаз Тәжікстанның Бахор ауылының тұрғындарына оқ жаудырған. Осылайша, Тәжікстанның шекара қызметі бейбіт тұрғындарды қорғау мақсатында қарсы шара қабылдаған.

Жалпы, Қырғызстан да, Тәжікстан да қақтығыстың басталуына бірін-бірі кінәлаған. 30 сәуірде шекарадағы қарулы жанжалды реттеу мақсатында Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтері бастамасымен арнайы комиссия құрылған. Комиссия қақтығыстың себебі мен салдарын талқылап, қарулы жанжалды тоқтату туралы ортақ келісімге келген. Өкінішке қарай, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасы маңында болған қақтығыс салдарынан қос тараптан 265 адам жараланып, 55 адам қаза тапқан, 300-ден астам үй мен инфрақұрылым қираған немесе өртенген.

Осылайша, шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Оның арты Бішкек пен Душанбе арасындағы дипломатиялық жанжалға ұласып жатады. Мысалы, 2019 жылы 22 шілде күні Ворух анклавында жергілікті тұрғындар тағы да жанжалдасқан еді. Тәжіктердің Ворух – Исфара жолының бойына өз туларын тіге бастауы қырғыздардың наразылығын тудырған. Ресми мәліметтерге сенсек, айыр қалпақты ағайындар оқ жаудырғанда, тәжіктер де қарап қалмаған. Баткен облысының әкімдігі қақтығыстың салдарынан Қырғызстан тарапынан 17 адам зардап шеккенін хабарлады. Ал, бір тәжікстандық қаза тапқан.

ЖЕР ДАУЫНАН КӨРШІЛЕР ЖАУҒА АЙНАЛДЫ

Қос тараптың бір-біріне қойған шарттарының орындалмауынан бұл түйіткілдің түйіні әлі де тарқатылмады. Тараптардың қойылған талаптарды орындамауға себептері де жоқ емес. Себебі, анклавтар стратегиялық және ресурстық маңызға ие болып отыр. Бұл дауда өзекті екі мәселе бар.

Біріншісі – Ворух анклавына таяу Тәжікстаннан Қырғызстанға құятын Исфара өзені. Судың тіршіліктің қайнар көзі екендігі айтпаса да түсінікті. Содан Қырғызстан мен Тәжікстан Исфара өзенін пайдалануда ортақ келісімге келе алмай отырғандықтан, олардың қарым-қатынасына сызат түскен.

Екінші мәселе – Қырғызстанның Ақ-Сай мен Тамдық ауылдарын байланыстыру үшін салынып жатқан жолдың құрылысы. Тәжікстанның бұл құрылысқа қарсылық танытуының негізгі себебі жаңа жол Ворух анклавын айналып өтетін болады. Ал, Кеңес Одағының тұсындағы екі ауылды байланыстырушы ескі жол Ворух анклавы арқылы өтеді. Тас жолға қатысты келіспеушіліктің артында Қырғызстан мен Тәжікстанның экономикалық текетіресі тұр.

Кеңес Одағынан қалған Ворух анклавы арқылы өтетін ескі жолмен қатынау Қырғызстан үшін тиімсіз. Себебі, қырғыз кәсіпкерлері Тәжікстанға баж салығын төлеуге міндетті болады. Бұл – бір. Екіншіден, Қырғызстан мен Тәжікстан арасы шындап шиеленіскен жағдайда Тәжікстан жолды жауып тастау арқылы айыр қалпақты ағайындарға сес көрсете алады. Сондықтан да, қырғыздарға алдағы уақытта тәжіктердің қас-қабағына қарамау үшін жаңа жолдың салынуы сыртқы саясаттағы беделіне де, экономикасына да тиімді болмақ.

Тәжікстанның да ұстанымын түсінуге болады. Ворух анклавы арқылы өтетін ескі жолдың арқасында жергілікті тұрғындар көтерме сауда мен алып-сатарлықтан күнін көріп отыр. Егер қырғыздың жаңа жолы салынса, тәжік кәсіпкерлері тұтынушыларынан айырылып қана қоймай, оларға қырғыз кәсіпкерлерімен бәсекелесудің өзі мүмкін болмай қалады.

Тәжікстанға келер тағы бір пайда – қалаған уақытында Қырғызстанды экономикалық блокадаға ұшырата алады. Осы арқылы Бішкектің саясатына да ықпалын жүргізуге мүмкіндігі бар. Демек, Тәжікстан Ворух анклавындағы ескі жолдың түсіретін пайдасына әбден үйреніп қалған. Содан Ворухтағы жолдың саяси-экономикалық әлеуетінен айырылуына жол бергісі келмейді.

 Қырғызстан басшылығы 2008 жылдан бері Ворух анклавына қатысты мәселені оңынан шешу үшін Тәжікстанға Ақ-Сай – Тамдық жолының салынуына рұқсат етуін сұрады. Әрине, бұл Қырғызстанның сыртқы саясаттағы сыпайылығы болатын. Себебі, Тәжікстан билігінен рұқсат сұрауға ешқандай негіз жоқ. Өйткені, Ақ-Сай – Тамдық жолы қырғыз жері арқылы өтеді, яғни Бішкек не істесе де өзі біледі.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы алдағы уақытта болатын қауіп те жоқ емес. Біріншісі – ұлтаралық жанжал болса, екіншісі – Ферғана маңындағы лаңкестік топтардың ұлтаралық жанжалды өз пайдаларына асыру қаупі төніп тұр. Сол үшін Бішкек пен Душанбенің өзара бейбіт саясат жүргізулері де маңызды. Ал, істің қай бағытта өрбитінін уақыт көрсетеді. Бір өкініштісі, жер дауынан екі халықтың жауға айналғаны.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, Бішкек пен Душанбенің анклав мәселелерін оңтайлы шешуі алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа. Бірақ, істі неғұрлым тезірек шешсе, соғұрлым шекараның тыныш болатынын естен шығармау керек. Әлде, қос тарап «Отты үрлей берсең өшеді, көршіңді күндей берсең көшеді» саясатын ұстанып, бір-біріне қысым көрсете бере ме?!

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Ферғана атырабы аталып кеткен өңірде Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан шекаралары қиылысады. Осы атырапта қазір барлығы сегіз анклав бар. Оның төртеуі – Өзбекстанға, үшеуі – Тәжікстанға, біреуі – Қырғызстанға тиесілі. Дау-жанжалдың негізгі себебі – су мен жер мәселесі. Шекара маңындағы ауылдарды мекендеген тұрғындар бір құдықтан су ішіп, бір жайылымға мал өрістетеді. Ал, Ферғана атырабында түйіскен елдер анклав мәселесі мен шекара дауын түпкілікті шешпегендіктен, қарулы қақтығыстар жиі болып тұрады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here