Алыс та жақын Өзбекстан (Этнограф жазбасы)

0
2486
Жол бойынан қарағанда Әйтеке би кешенінің сыртқы көрінісі

Өткен жылдың желтоқсан айында сәті түсіп өзбек елінде үш жұмадай болып қайттық. Осы сапарымызда көрген білгенімді ортаға салып, оқырмандармен ой бөліспек ойдамын. «Ауылы аралас, қойы қоралас» өзбек елі этникалық тарихы жағынан қаншалықты жақын болса да, кейінгі жылдардағы экономикалық-әлеуметтік дамуы жағынан бізге беймәлім тұстары да жетерлік. Орта Азияда жетекші болар екі мемлекеттің бірі – Қазақстан, бірі – Өзбекстан болса, екеуіне де ортақ  шекаралық мәселелер де, саяси-экономикалық мәселелер де баршылық. Қазақ диаспорасының ең бір қомақты бөлігінің шоғырланған жері де осы ел және де ата жұртқа оралып келіп жатқан қандастарымыздың да көпшілігі осы елден. Дербестік алған соңғы отыз жылда екі мемлекет те ұзақ жылдар бойы тек бір ғана президенттің билігінде болды, бірі «ашық есік» саясатын ұстанса, енді бірі «өз қазаны өзінде қайнап жатты». Отыз жылда халық саны жағынан біздер тек екі миллион адамға ғана көбейсек, олар жиырма миллион адамға артып отыр. Әрине, салыстыра берсек, зерттейтін мәселелер өте көп…

Әйтеке би мазарының алдыңғы көрінісі

Біз астанадан ұшып шыққанда ауа райы 16 градус ызғарлы суықты білдіріп тұрса, ал Ташкент жеріне табан тірегенде біздегі қыркүйек айларын сезінгендей болдық, жерде қар жоқ, біздегідей күзгі қарасуық та білінбейді, ауа көрсеткіші 16 градус жылылықты көрсетіп тұрды. Ташкент қаласын аралағандағы алғашқы әсеріміз, сырт адам бірден байқайды ғой, қаладағы қоғамдық көліктердің көпшілігі бізде бұдан ширек ғасырдай бұрын болған «Пазик» және «Газель» жолаушылар көлігі әлі де сұранысқа ие екен. Бірақ, жолақысы біздің ақшамен 55-60 теңге көлемінде, метро да сол шамада. Өзбек жастарынан бір үлгі алар жағдай, қоғамдық көліктерде жастар жағы орындарынан атып тұрып орын беріп, тіпті «көп ұзамай түсемін» деп бас тартып жатсаң да, бәйек болып жатады екен. Бір байқағанымыз, көшеде де, қоғамдық орындарда да өзбектер өте кішіпейілділік танытып, әйелдері мен жас қыздарына дейін «ассалаумағалейкүм» деп бас изесіп амандасып жатады. Алғашқы кезде бізге біртүрлі тосын болып көрінгенімен, кейін бізде сол дәстүрге бағынып танымасақ та, көптен білетін танысымыздай амандасатын болдық.

Өзбекстандағы біз үшін «таңсық» көрінген жағдайдың бірі – мұнда кейінгі отыз жылда дүниеге келген жастар тек қана өз тілінде сөйлейді. «Біз орыс тілін түсінбейміз, одан да қазақша айта беріңіз», – деп жатады. Орыс тілін білмегендігіне қысылып, ыңғайсызданып жатқан өзбек жастарын байқамадық. Қыздары ұлттық нақышта киініп, өз рәсімдерін берік ұстанады екен.

Бір қызығы, біз сияқты сырттан келгендердің көпшілігі жергілікті таксилерді көп пайдаланады. Такси құны біздегілермен салыстырғанда үш-төрт есе арзан және таксишілер де өте сыпайы, өте әңгімешіл келеді, әдеппен қошамет көрсетіп, жаны қалмай сұрағыңа жауап беріп жатады. Таксишілермен жөн сұрасып отырып-ақ, Өзбекстандағы тұрмыстық, әлеуметтік жағдайлар мен ішкі экономикалық мәселелерді біліп алуға болады. Бір атап өтерлігі, мұндағы такси көліктерінің жүз пайызы дерлік Өзбекстанның өз өнімдері – «Daewoo Matiz», «Daewoo Nexia», «Daewoo Gentra», «Daewoo Damas», «Daewoo Tico»,  «Chevrolet Cobalt». Халықтың басым бөлігі үшін қолжетімді осы кішкентай ғана шағын литражды жеңіл көліктер. Өзбектер өте үнемшіл келеді, көлікке тек газды ғана пайдаланады, себебі бензин Қазақстанмен салыстырғанда екі еседен де қымбат. Өзбек елі Орталық Азияда газ қоры бойынша Түркіменстан мен Қазақстаннан кейін үшінші орында тұр. Сондықтан да, олар өздері үшін үнемді, шағын ғана отандық көліктерді тиімді санайды. Біздегідей кроссовер типтес шетелдік маркалар өте сирек кездеседі.

Әйтеке би мұражайының ішкі көрінісі

Ислам Каримов дәуірінде Өзбекстан «жабық есік» саясатын ұстанды. Ал, қарапайым өзбек халқы арасында қазіргі президент Шавкат Мирзиёевтің «ашықтығын» сынап жатқандары да бар сыңайлы. Қарапайым халық Ислам Каримовты толықтай қолдамаса да, оны жамандыққа да қимайтын тәрізді.

Жергілікті халықтың айтуы бойынша, бес миллионға таяу тұрғыны бар Ташкент қаласында тарихи ғимараттар өте көп, сондықтан болар қаланың орталығында жаңадан салынып жатқан құрылыстар жоққа тән, тіпті мүлде жоқ десек те болар. Оларда әлі де болса іске жарамды, пайдалануға болатын ғимараттарды біздегідей қопарып тастап, жаңасын салмайды. Қайнаған құрылыс жұмыстарына көз үйренген біздер үшін бұл көріністер тосын болып көрінгені де рас. Тұрғындардың айтуынша, негізгі күрделі құрылыс жұмыстары қаланың шеткі жағындағы жаңадан тұрғызылып жатқан шағын аудандарда салынып жатыр екен.

«Өзбек халқы саудаға жақын ғой» деп, Ташкент шаһарындағы базарларды да аралап шықтық. Негізі базарлар халық тұрмысының айнасы, әлеуметтік көрсеткіші ғой. Біз болған «Чорсу», «Алай», «Ипподром», «Қытай базары», «Кәріс базары», «Ұйғыр базары» және т.б. базарлар біздегі бұдан 15-20 жыл бұрынғы ашық жайма базарларды көзімізге елестетіп өтті. Төбесі ғана шатырланған, ортасында тек кісілер өтетін ғана тар жолы бар базар біздер үшін «өткен тарих» болса да, жылы да халыққа жайлы базарлар оларда енді ғана қолға алына бастағанға ұқсайды. Үлгі аларлығы, базарларда ұрлық жоқ және бір-бірін алдап жатпайды, байқамай артық ақша ұсынып жатсаң, бірден қайтарып береді. Ал, тауар түрлеріне келсек негізінен Қытай, Түркия өнімдері, жергілікті өзбекстандық өнімдерді көрсек деген үмітіміз ақталмады.  

Әлішер Науаи атындағы Ұлттық орталық кітапханада болғанымызда, бір байқағанымыз, мұнда біздің санамыздан біраздан бері ұмытыла бастаған қарапайым қағаз каталогтармен жұмыс істеуге тура келді. Қазіргі уақытта Қазақстанда орталық түгілі облыстық деңгейдегі кітапханалардың өзі электрондық қызметке көшіп жатқанда, бұл көріністер біздер үшін мүлде оғаш болып көрінгені де рас. Бір байқағанымыз кітапхана қызметкерлерінің оқырмандарға қызмет көрсетуі өте жоғары деңгейде десек болады және де  кітапқа өте құрметпен қарайды екен. Сирек кітаптар қорындағы кітаптарды тек қолмен көшіріп алуға болады, ал ксерокөшірме жасауға рұқсат жоқ. Біздің бір сүйсінгеніміз, өзбек жастары кітапханаға өте көп барады екен, тіпті сенбі, жексенбі күндері кітапханада орын болмай жастар сыртта өз кезегін күтіп тұрғанын үнемі байқап жүрдік. Бұл көріністерді көргенде маған өзіміздің студенттік жастық шағымыз өткен сексенінші жылдардағы Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасы (сол кездегі А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік көпшілік кітапханасы, – авт.) көзіме елестеп кетті, онда да дәл осындай студенттер қарасы көп болып, ол жылдары бүкіл қала кітапқұмар, кітап оқитын сияқты сезімде болатынбыз. Қазір Алматыдағы жағдай қандай екендігін білмеймін, ал еліміздің бас қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына жастар да, ересектер де сирек барады, ал кітапханамыз атына заты сай емес мұражайға көбірек ұқсайды. Пәленше, түгеншелердің атында деп ашылған оқу залдары жабық тұрады немесе ашық болса да, онда ешкім бола бермейді.               

Әрине, туыс өзбек халқынан үйренер нәрселер де баршылық. Бұхара, Науаи өлкесін аралаған сапарымызда байқағанымыз, бұл аймақтарда бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлері жоққа тән. Жерлері мал өсіруге өте қолайсыз, құнарсыз, тақыр жерлер көп кездеседі. Сондықтан да, біз бірен сараң болмаса, отар-отар қойларды, табын-табын сиырларды кездестіре алмадық. Есесіне, шағын шаршы танаптарға бөлінген (шамамен үш-төрт гектар) егістік жерлер көп кездеседі. Жиі болмаса да, ені 10-12 метр болатындай су тартылған каналдар жеткілікті. Сапарлас болған жергілікті тұрғындардан сұрап, бұл каналдардың бәрі Сырдария өзендерінен тартылып алынғанын білдік. «Судың басындағылар су ішіп», аяғындағы Сыр елі судан таршылық көріп отырғаны енді белгілі болды. Бұл жақта дәнді дақылдардан негізінен бидай егіліп, бір қызығы, тұқым себу науқаны күзгі уақытта, яғни қазан-қараша  айларында жүргізіледі екен. Себебін сұрағанымызда, жазда себілген тұқым бұл өңірлердегі қатты ыстыққа шыдас бермей күйіп кетіп, өнім бермей жатады, ал күзде себілген танаптар көктем шыға өніп шығып, мамыр айының соңында орып ала береді екен. Сонан кейін егістіктен босаған жерлерге басқа да көкөністік дақылдар егіп, қара күзге дейін өндіріп ала беруге болады.  

Сапар барысында көңілімізге ұнамаған көріністер де болмай қалған жоқ. Ташкентте Төле би бабамыздың басына барып дұға жасатқаннан кейін Нұратадағы Әйтеке би бабамызға зиярат ету үшін арнайы «ат басын» бұрған едік. Қазақ тарихында XVII ғасырда өмір сүріп, «Қазақ хандығын нығайтуға үлес қосқан қайраткер, хан кеңесшісі» деп сипатталып жүрген Әйтеке би мазары Науаи облысындағы Нұрата елдімекеніне жақын жерде, Бұхарадан  170 шақырымдай, Науаи қаласынан жүз шақырым, аудан орталығы Нұратаға он шақырым жетпей ұзын жолдың бойында екен. Бір гектардай жерді алып жатқан кешен бір қарағанда күтімсіз емес те сияқты. Бірақ, біз барғанда онда ешкім болмады, кесенеге кірер есік тұтқасынан сыммен іліне салған. Мұражай болғанымен есігі жабық, амалсыз сыртынан әйнек арқылы фотосуретке түсіріп алдық. Өтіп бара жатқан бір өзбек шалынан сұрағанымызда, ол  «есікті сырттан келгендер өздері кіріп шығатындай етіп әдейі сыммен іле салғанбыз» деп кесене есігін ашып берді. Біз құран бағыштадық, зират басында бір сағаттай болғанымызда, ешкім арнап келген жоқ. Қазақтың маңдайына біткен үш биінің екеуіне тағдырдың жазуымен туысқан өзбек жерінен топырақ бұйырған екен. «Бір кем дүние» демекші, дүмеп келіп зиярат жасап жатқан жамағат жоқ. Ташкентте қазақ елшілігі, қазақ мәдени қоғамы, Самарқандта қазақ консулдығы бар. Сарыағаш шипажайында дем алушылар негізінен қазақтар, демалыстарында қыдырыстап өзбек еліне соқпай кетпейді. Көңілінде иманы бар азаматтар осылардың басын қосып, бабаларымыздың басына арнайы барып зиярат ететін туристік бағдарламалар өзінен өзі-ақ сұранып тұрған жоқ па, тек жылы қабақ танытып, ұйымдастыра білу керек.

Міне, тарихи түп тамырымыз бір көрші отырған өзбек ағайындарымыз туралы аз күнде байқап білгенімізді көпшіліктің ортасына салып  ұсынуды жөн санадық, бәлкім бұл да бір тарихи танымымыздың кеңеюіне үлес болып қосылар деген ойдамыз.

Дәуренбек Ескекбаев, тарихшы-этнограф

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here