Жүргізушілер үшін жағымды жаңалық жарияланды

0
564

Қазақстанда сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі енгізіледі. Нәтижесінде, көлік жүргізушілері полицияны әрі сот шешімін күтпей, сақтандыру төлемдерін рәсімдей алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Баспасөз қызметі хабарлады.

«Бүгінде жол апатына ұшыраған жүргізушілер сақтандыру төлемін алу үшін жол полициясын күтеді. Хаттамалар рәсімделгеннен кейін сот шешімі шығуы керек. Осылайша, екі айдай уақыт өтеді, ал  сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі бойынша жол апаты кезінде барлық құжат жылдам рәсімделеді. Полицияның хаттамасы мен сот шешімі қажет емес», – деп жазылған хабарламада.

Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арнайы заң жобасын әзірлеуге кірісті. Енді жол апаты бойынша сақтандыру төлемін жылдам алу тетігі енгізіледі. Бірақ, оның бірнеше шарты болады. Олар:

  • екі көлік құралының соқтығысуы;
  • жол-көлік оқиғасы кезінде көлік құралдарына ғана зиян келуі (адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру және үшінші тұлғалардың мүлкін зақымдау болмау шарт); 
  • сақтандыру полисінің болуы;
  • екі көлік жүргізушінің өзара келісуі;
  • сақтандыру төлемі 100 АЕК-тен (306 мың теңге) аспауы.

Барлық өтініш бірыңғай сақтандыру дерекқорының мобильдік қосымшасы арқылы жіберіледі.

Айта кетейік, халықаралық тәжірибеде сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі кеңінен тараған. Мұны «еурохаттама» деп атайды. Бүгінде еурохаттама Еуропада ғана емес, Ресей, Беларусь, Украина, Армения мен Өзбекстан сияқты ТМД-ның бірқатар елінде бар.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here