Оралдағы айкидо айкикай бөлімі 15 жылдығын атап өтті

0
850

Ақпанның 9-ы күні Оралдағы айкидо айкикай бөлімі жұмыс істей бастағандарына 15 жыл толуына арнап мерекелік шара өткізді. №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылған шараға айкидомен айналысушылардан бөлек арнайы шақырылған қонақтар мен ата-аналар да қатысты.

Мерекелік шара барысында ең алдымен шәкірттер мен келген қонақтарға жергілікті «AQJAIYK» телеарнасында қызмет ететін және де өзі айкидомен шұғылданатын Самат Мусиннің 15 жылдыққа орай дайындаған видеоролигі көрсетілді. Содан соң шәкірттер айкидо тәсілдерін орындап, көрермен алдында көрсетілім көрсетті.

Облыстық федерацияның бас нұсқаушысы, айкидодан 3-ші дан иесі Андрей Пастухов пен нұсқаушы, 1-ші дан иегері Асан Молдағали айкидоның қаламызда қалай ашылғаны және жеткен жетістіктері жайында сөз қозғады. Құрметті қонақтар арасынан сөз алған облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сәкен Мұратұлы айкидошыларды 15 жылдық мерекелерімен құттықтап, осы өнерге арнайы атқарушы орындардың қолдауы керектігін жеткізді. Одан кейін мерекелік шараға шақырылған өңірімізге танымал спорт журналисі, «AQJAIYK» телеарнасының тілшісі Тұрар Ғабдрашитұлы, 2021 жылдың республика бойынша үздік педагогы, қаламыздағы №25 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Тынышбай Мамытбайұлы (бір жылдары айкидоның осы мектепте өтуіне тікелей ықпал етіп, көп көмегін тигізді) сөз алды.

Айкидомен айналысқан шағында аз жыл ішінде өте жақсы нәтиже көрсеткен Пастухов шәкірті, қара белбеу 1-ші дан иесі Еркебұлан Бектияров ортаға шығып, айкидошыларды құттықтады. Татамиде жылдар бойы жаттығып, айкидо тәсілдерін үйренгені – ұстазы Андрей Владимировичтің тынымсыз еңбегі екенін жеткізді. Ұстазына өз алғысын білдірді. Содан соң Оралда айкидо айкикайдың жолын салған Андрей Пастуховқа бұрын жаттыққан барлық шәкірттері атынан арнайы естелік сыйлық табысталды.

Оқушылар мен ата-аналарға да сөз берілді. Шәкірттер жеткен жетістіктері жайында сөз қозғап, алғыс айтса, ата-аналар өз ізгі тілектерін жеткізді.

Жапон жауынгерлік қорғаныс өнері айкидо айкикай бөлімі Орал қаласында 2006 жылы ашылып, күні бүгінге дейін өз жұмысын жалғастырып келеді. 15 жылдық тарихы бар оралдық айкидо айкикай бөлімін ашқан қара белбеу, 3-ші дан иесі Андрей Пастуховтың еңбегі өте зор. Осы жылдар аралығында айкидоны үйренуге келген көптеген адамға жапон өнерінің түрлі тәсілдерін көрсетті. Көп шәкірті арнайы айкидо емтиханын тапсырып, жақсы жетістікке жетті. Емтиханнан өткен көп айналысушы халықаралық айкикай ұйымына мүше болды. 4 шәкірті І дан  иесі атанып, қара белбеуді белдеріне тақты. Олар – Еркебұлан Бектияров, Николай Акатьев, Асқар Хабибуллин және Асан Молдағали. Олардың ішінде Андрей Пастуховтың жолын жалғап, жаттықтырушылық қызмет атқарғандар да бар. Бүгінгі таңда Андрей Владимирович шәкірті Асан Молдағали айналысушыларға айкидодан сабақ беріп жүр.

Айкидошылар Оралда өткен семинарлар мен емтихандардан бөлек, Ресейде өткен оқу-жаттығу жиындарына да қатысты. Аттестациядан өтті. Айкидо фестивальдеріне де барып келді.

Мерекелік шара өтер алдында 15 жылдыққа орайластырылып сайыстар мен байқау өткен болатын. Атап айтсақ, шәкірттер арасында «Көңілді старт» жарысы мен айкидо шеңберіндегі жазбаша шығармашылық байқау және «Рандори» – тәсілдерді еркін орындау бойынша сайыс оздырылды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға диплом, медаль мен сыйлықтар табысталды.

15 жыл аралықта жақсы жаттығып, айкидо тәсілдерін орындауда шеберлік танытқандар үздік атанып, арнайы дипломмен марапатталды. Және де естелік сыйлыққа ие болды. Атап өтер болсақ, айкидодан балалар мен жасөспірімдер арасынан «Үздік айкидошы» болып 4-ші кю, көк белбеу иесі Айсұлу Ишанбекова танылды. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер, жастар қатарынан 4-ші кю иегері Ерболат Меңлібаев «Талантты және үздік айкидошы» атанды. Сәкен Темірешев те жасөспірімдер мен жастар арасынан озат шықты. Бұрын көп жыл жаттығып кеткен ересек айкидошылар арасында озық нәтиже көрсеткен қара белбеу 1-ші дан иелері Еркебұлан Бектияров, Николай Акатьев, Асқар Хабибуллин де үздіктер қатарына енді. Және де 3-ші кю иесі Артур Каримов те үздік атанды. Аталған айкидошылардың арасынан Еркебұлан Қазиоллаұлы «Ең үздік айкидошы» деген атқа ие болды.

7-ші кю иегері Бақыт Қуаныш 15 жылдық мерекелік шарасына әзірлеген қолөнер еңбегін ұсынды. Айкидо сөзінің жапонша каллиграфиясы мен «Оралдағы айкидоға 15 жыл» деген жазуларды ақ матаға тіккен Бақытқа федерация атынан алғыс білдіріліп, арнайы диплом мен сыйлық табысталды.

Соңында келген қонақтар мен шараның өтуіне қолдау білдірген ата-аналар мен ересек айкидошыларға Алғыс хаттар берілді. Және де қазіргі жаттығушы шәкірттер де мерекеге орай дипломдар мен құттықтау хаттарымен марапатталды.

№2 спорт мектебіне бұрын басшылық еткен тұлғалар мен қазіргі таңдағы басшы Ерден Жанғалиев осынау жапон өнерінің қаламызда қанат жайып, жаттығулардың арнайы спорт мектеп қабырғасында өткізілуіне мұрындық болды. Аталған спорт мектебінің директоры Ерден Кеңесұлына және оның ұжымына облыстық айкидо айкикай федерациясы атынан алғыс білдіреміз. Айкидоның тек қала шеңберінде емес, облыс көлемінде де дамуына арнаулы спорт басшылықтары мен жанашыр жандар атсалысса дейміз. Айкидо қала ішінде тек бір залда емес, басқа да арнайы спорттық залдарда өтсе, соған қолдау білдірілсе, осынау жапон өнерімен айналысушы бала да, жас та, ересек те көбейіп, салауатты ұлт болудың жаңа қарқыны басталар еді деп ойлаймыз. Өйткені, жапон жауынгерлік өнерінде тек денені шынықтырып, қалай қорғану керектігін ғана емес, жаттығушы адамның бойынан жігерлілік пен салмақтылық, батылдылық пен төзімділік қасиеттердің пайда болуына аса мән береді. Айкидо және басқа да жапон жауынгерлік өнерлері сонысымен ерекшеленеді.

А. НАРЫНБАЙҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысының Айкидо айкикай
федерациясының нұсқаушысы

ОРАЛ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here