Самалы лепті Самарқан сапары…

0
2042

Сәуір айының соңғы күндері «Мәдени индустрия және креативті жаңа технологиялар» атты музей форумының Өзбекстан Республикасы Самарқан қаласында өтетіні туралы хабарландыру музей ісі саласындағы мамандардың көңілін елең еткізді. Аталмыш форум «MUSEOLOGY France +5» болғандықтан, бұл жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерінің мәдениет саласының майталмандары, атап айтқанда, тарих, сәулет, мәдениет, музей ісі, филология мамандарының қатыстырылуы көзделген.

Негізінен, «DUALEST» S.A.S. француз компаниясының «МУЗЕОЛОГИЯ Франция +5» жобасы Орталық Азия елдерінің мәдени мұрасының барлық саласы бойынша өзекті мәселелердің түйткілді шешімін бірлесе көтеруге бағытталған. Мәселен, жалпы адамзатқа ортақ мәдени мұраның алуан түрлілігі мен рухани байлығын толық көрсете отырып, Орталық Азияның Мәдени институттары мен Франция музей ісі мамандарының жұмыс барысындағы күш-қуатын біріктіруге арналған.

Форум аясында қазіргі заманауи музейдің барлық саласында тәжірибе алмасу үшін кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізу арқылы мамандардың етене жақындасуына септігі тиері сөзсіз.

Самарқанда 3 күн бойы өтуі тиіс жиынға Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Дамир Төлегенұлы, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова бастаған бірлестікке қарасты музей жетекшілері мен жас мамандар қатысты.

Бұл «MUSEOLOGY France +5» жобасының жиыны – 2022 жылы өз елімізде Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен Алматы музейлер бірлестігі өткізген болатын. Аталған форумның кезекті жалғасы туристік шаһар Самарқанда «Мәдени индустрия және креативті жаңа технологиялар» тақырыбымен халықаралық шараға үндесуі көрші орналасқан туыстас елдердің жақындығын көрсетсе керек.

Форум аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) ғылым, білім және мәдениет бойынша ұйымы (ЮНЕСКО) Халықаралық Орталық Азияны зерттеу институты мен Алматы қаласы музейлер бірлестігі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге, «Регистан» ансамблінің дирекциясымен де Алматы қаласы музейлер бірлестігі арасында дербес меморандум жасалды.

Форум барысында адамзатқа ортақ мәселелі тақырыптар бойынша баяндамалар тыңдалып, талқыланды.

Жиынға қатысушылардың барлығына ұйымдастырушы тараптан сертификаттар табысталды.

Жалпы, еліміздің әлеуеті мен экономикасының дамуына үлкен ықпалын тигізетін сала – туризм. Әрбір мемлекет өз елінің тарихын терең таныту әрі жерінің көркемдігін паш ету мақсатында туристерді тартуға үлкен қызығушылықпен қарайды. Бұл істе музейлердің орны ерекше екені анық, сол себепті де бұл салаға назар аударылып, қолдау көрсетілуде. Музейлер әлеуетін арттыруға көңіл бөлген Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасы әлбетте, Алматы қаласы Музейлер бірлестігінен нәтижелі жұмыс күтеді.

Әрбір іссапарлардан түйетін таным мен пайымның музей ісінің оңға басуына ықпал етері даусыз. Алдағы уақытта Алматы қаласы музейлері жұмысының жақсаруына қызмет ету – бізге парыз.

Бізге сенім артқан басқарма басшысы Ғани Айдарұлы Майлыбаев пен Алматы қаласы музейлеріне (Ықылас, Райымбек кесенесі, Ахмет Байтұрсынұлы Музей-үйі, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Д.А. Қонаев Музейі, Нұрғиса Тілендиев және Мультимедия орталығы) ыждаһатпен келетін көрермендердің көңіл күйін табу һәм мәдени мұраны насихаттау ісінде жинақтаған тәжірибемізді бөлісуге әманда дайынбыз.

Пы-сы:

Әлемдік деңгейдегі ірі музейлердің музей ісі бойынша мамандары һәм ғылым саласындағы өз ісінің нағыз мамандарының қарапайымдылығына тәнтімін.

Ел мен жер көрген қандай ғанибет!

Біз білмейтін ғажайыптарға толы ғаламды көру һәм құрметтеу бақытын баршамызға нәсіп етсін!

Райхан ИМАХАНБЕТ,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің басшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here