Өксігім басылар емес (естеліктен үзінді)

0
1788

Рақышым менің, ойымнан шығып, есімнен кетіп көрген жоқсың әлі.  Міне, жыл да жылжып өте шықты. Өксігім басылар емес. Үйде жалғыз қалған кезімде сағынышыма ерік беріп, көзімнің жасын көл қыламын. Тамағыма бір түйнек келіп тіреліп, қайта-қайта күрсінемін, дел-сал күйге түсіп, тұлымшақты кезіңнен Сайлау екеуіміздің қасымызда жүрген бейнеңді көз алдымнан өткіземін. Ойда жоқта айырылып қалғанымызға өкінемін.

Өкінішсіз өлім жоқ. Сонда да уақытында ем-дом жасауға араласа алмағаным, қасыңда болып, қиналысыңды жылы сөзіммен жеңілдете алмағаным, кешірім сұрасып, соңғы деміңді көріп, көзіңді қолыммен жаба алмағаным қинайды.

…Біз екі ұл, бір қыз – үш ағайынды едік. Ортамыздағы Рақыш 1943 жылы 30 сәуірде дүниеге келіпті. Әкеміз сол кезде әскерге шақырылып, соғысқа аттанғандардың соңғы легімен майданға кіріп, күзде қазанның 22-сі күні Беларусь жерінде қаза тауыпты. Шешеміз, аты Жібек, ол кезде қырықтар шамасында болған. Бұрын үй шаруасымен ғана айналысқан, қоғамға ортақ жұмыстарға араласпаған адам екен.

Отағасынан айырылған, шиеттей үш баласымен қалған ол қызының емшектен шығар-шықпас кезінен белін бекем буып, колхоз жұмысына араласа бастайды. Олай етпеске колхоз басшылары да қоймайды. Еркек кіндік әскер қатарына алынып, ауылдағы шал-шабан, әйелдер мен жасөспірімдер олардың орнын толықтыратын.

Соғыс кезіндегі, одан біраз кейінгі ауыл өмірін еске алу, оны көз алдыңа елестету, қағаз бетіне түсіру – оңай шаруа емес. Оны ағам Сайлау да, мен де толық басымыздан кештік. Рақыш та есін біле бастаған кезде соғыс зардабының соңғы кезеңіне куә болды.

Соғыс зардабы күйзелткен елге балалардың ауруы тарап, қысқа қарай олар алдымен қызылшамен, одан кейін сүзекпен ауырды. Бірімен-бірі жалғасқан осы аурулар ауылдағы сәбилердің көбінің өмірін қиып кетті. Біздің үйден сүзекпен Сайлау мен Рақыш қатар  ауырып, әйтеуір аман-есен жазылып шықты.

Жазғытұрым мойынымыз қылтиып, арып-ашсақ та үшеуіміздің де аман қалғанымызды көрген, өз балаларынан айырылып қалған ата-аналардың боздап, жылағанын көрген қандай аянышты десеңізші.

Шетінеп кеткен балаларды ауыл адамдары алысқа апара алмай, біздің үйдің сыртындағы Қопаға қарай шығар беттегі су жайылмайтын ашық алаңға жерлеуге мәжбүр болды.  Кейін сол жердегі төмпешіктерден аяқ алып жүре алмайтын едік.

…Жиі-жиі ішер тамақ та болмай қалатын. Сондай бір қиналыс әлі есімнен кетпейді. Төңіректі көктемгі қызыл су басып жатқан мезгілде шешем бір қойшының көмекшісі болып, соның қасына Назар деген жерге көшіп бардық. Албарда бір отар қой қамаулы екен. Олардың жем-шөптері таусылып, біразы өліпті. Екі-үш жерде қойлардың үйілген өлекселері жатыр екен. Біздің сиырымыз буаз, бірақ ол бұзауламаған кез. Бәріміздің үмітіміз сонда. Оның өзі қиралаңдап әрең жүретін. Өйткені, өзімізде шөп болмаған соң Әжем оны таңертең босатып қоя беретін. Ол сол маңдағы үйлердің белетелеріндегі қырқындыларды жеп, кешке қарай үйге оралатын. Бір күні сол әдетімен үй-үйлердің  белетелерін аралап  жүргенде  біреу  сол  жақ  санына айыр тығып алыпты.

Әжем жұмысынан келіп, түнделетіп үйге от жағып, қар ерітіп, тамақ жасайды. Ол қойдың жіліктері мен қабырғалары болып шығады. Бізді оятып, «жеңдер» дейді. Алғашқы күндері бір-екі рет жеген болдық. Одан соң маңайына бара алмадық. Ет емес – созылған сіңір мен желім. Құсқыңды келтіреді. Қолыңнан, бет-аузыңнан өзі де, иісі де кетпейді, қатып қалады. Бірақ, бұл қиналысымыз көпке созылмай, сиырымыз бұзаулап, айранға аузымыз жетіп, жазға аман шықтық.

…Келесі жылы әжем Қоға деген жерге суармалы тары егілетін болып сонда арық қазушылар мен атыз жасаушылардың қатарына қосылды. Ол кезде біз төрт қанат киіз үйімізде тұратынбыз.

Әжем жұмысқа кеткенде Рақыш екеуіміз үйде қалатынбыз. Ол екі жаста, ал мен 4,5 жас шамасында едім. Бір күні Рақыш ұйықтап жатқанда ыстықта соналаған бір сиыр шауып келіп, біздің үйге кіріп алып, оның ішінде бір-екі айналып барып тоқтады. Мен үйден атып шығып, әуітшілерге жүгіріп барып, «сиыр, сиыр» деймін, басқа сөз аузыма түспейді.

Олардың біреуі менің соңымнан еріп, біздің үйге келгенде ғана не болғанын түсінді. Сиыр салқын үйде әлі тұр екен. Ал, кішкентай қарындасым ірге жақта сиырдың астында бүктісіп жатыр. Мен «өліп қалды ма» деп шошып кеттім. Сол кезде әуітші Рақышты көтеріп алып еді, ол баж етіп, жылап қоя берді. Әр жерін сипалап көріп, «бөпе аман екен» деп менің қолыма ұстатты. Қарындасым сиырдан емес, бөтен кісіні жатырқағаннан жылаған екен.

…Тағы бір Рақыштың кішкентай кезіндегі оқиға көз алдымда тұр. Біз ол жылы Сұлтан атамның отбасымен бірге қыстағанбыз. Сайлау интернатта болатын. Әжем, Рақыш үшеуіміз бір мамықта ұйықтайтынбыз. Кейде мені Рақыш «менің қасыма жат» деп шақырып алатын. Онда ол әжем екеуіміздің ортамызда біресе мені, біресе әжемді құшақтап, рахаттанып ұйықтап қалатын. Анда-санда өзім де әжемнің иісін сезіп, қасында жатқым келіп, Рақыш ұйықтаған кезде өз орныма жатсам, ертеңіне оны біліп қойып, бұртыйып, менімен сөйлеспей жүретін.

Сондай бір түнде, мұз қатып, қар тоқтаған кез болуы керек, Сұл-тан атам Биғанша әжем мен Мәкешті төсек орындарын салып алып, бір жайдақ шанаға колхоздың екі сиырын жегіп, біз ұйқтаған кезде білдірмей іш жаққа (қала) кетіп отырыпты. Таңертең тұрып, орындарын сипап қалдық. Әжем «Енді мен үш баламен қалай күн көремін, жұртына тастап кеткен туыстың сиқы мынау», – деп екі-үш күн бойы өксігін баса алмады. Оған Рақыш екеуіміз қосылып солқылдаймыз.

Қиын заманда ауыр еңбектен ығыр болған Сұлтан атам басқа шешім таппаған болар. Дегенмен, бізде ол кезде шарасыздық пен туыстық сезім басым болды. Ренжідік. Сайлаудың естияр кезі ғой. Атама өкпелі екенін айтпаса да, көпке дейін сезіп жүрдім. Оны азамат болғанына дейін араласпай қойғаны да көрсетті. Бірақ, менің Сұлтан атам мен Жүсіп ағайға барып тұруыма қарсы болған жоқ. Кейін ол сабасына түсіп, оларды Алматыға шақырып, туыстықты жақсы деңгейде қайта жалғастыруға мұрындық болды.

Соғыстан кейінгі ауыр кезеңде бізге ел ортасы, басқа ағайын-туыс сүйеу болды. Ахмет ағай, ол кісінің ағасы Қоңқас атам, әйелі Бикен бізге есейіп кеткенімізге дейін көп қамқорлық жасады.

Олар Рақыш екеумізді өз балалары Ғазиз, Бибі мен Бибіжандай ұстады. Кіп-кішкентай Рақыш пен мені тамақ ішер кезде Қоңқас атам мен Ғазизге арнаған төргі табағына қосатын. Ахмет ағай мен Бикен жеңгеміз екі қыздарымен төменгі табаққа қанағат қылатын.

 Қоңқас атам менің шешеме «Жібек, балаларыңа алаңдама. Істейтін шаруаң, барып келетін жерің болса қарайламай жүре бер», – деуші еді.

Қанша жыл бірге болған кезімізде балалықпен жіберген артық-кем әбестігімізді шаршап, қиналып жүрсе де, бір рет те ескертіп, есімізге салмағанына, жекіп немесе көз алартпағандарына таңданып, қандай төзімділік деп таң қаламын.

Көп кейін осындай сүйеу мен жәрдемнің негізін іздеп, оның мынадай себептерін таптым.

Біріншіден, біздің ауылдың әйелдерінің бір-біріне деген сый құрметі ерекше еді. Мысалы, менің әжемді олар шешей дейтін. Ешқайсысы алдынан өтіп, ғайбат сөзге келген емес. Бәрі бір үйдің қыздарындай тату болды. Сол татулықтары ауыл балаларына дарып, бірге туған аға-іні-қарындастай болып өстік.

Екіншіден, елде қалған егде кісілер мен соғыстан аман қайтқан жауынгерлер біздің әкелеріміздің көзiн көрген, сыйласып аға-іні болып араласқан адамдар. Сондықтан олар жесiр-жетiмге жасаған жақсылықтарын өздерінің ақ адал борышы деп түсiнетiн. Әpi ол кезде адамның санасы, ойы мен пиғылы көп өзгерiске түсе қоймаған, табиғи таза калпында едi. Олар адалдык, ар, ұят, обал, жәрдем, қолқабыс, сүйемелдеу секiлдi биiк ұғымдардың жетегiнен әлі шығып үлгермеген болатын.

Үшiншi себеп – әp ауыл мен әулеттің iзгi мiнездi жаратылысымен, тыныс-тiршiлiгiмен күнбе-күн «адамгершiлiк дәнiн» аянбай себетiн ақсақалдары мен ағалары болды. Ол кiсiлер асып-тасығанды, ел iшiнде шалт басқандарды тәубесiне келтiрiп, орындарына қойып отырушы eдi. Бiзге солардың шапағаты тидi. Жас кезiмiзде ешкiмнен не әлiмжеттiлiк, не зорлық-зомбылық көрген жоқпыз.

Кейде «қазiргi кездегi жетiм-жесiрлерге ел қатарлы күңелту бiздiң заманымыздағыдан әлдеқайда ауыр-ау» деп ойлаймын. Өйткенi, қазiргi жұрттың ниетi бұзылды.  Алдау-арбау көбейдi, сөзге сену, уәдеде тұру архаикалық қасиет болып қалды. Риясыз қол ұшын беру, жомарттық, қайырымдылық, аяушылық жасау көпшіліктің көңілінен кетiп, ойынан шыққалы қашан.

…1953 жылы күзде қарындасым  Рақыш бірінші сыныпқа  барды. «Tөpтiншi тоқсанда өзiм оқытайын» деп Ахмет көкем оны Шүмектiге алып кеткен. Бiрақ, оқу жылын ертерек бiтiртiп, Рақышты сәуір айының соңында көкем бiздiң интернаттың тұсына, өзеннiң арғы бетiне әкеліп, қалдырып кетiптi. Бiзге «өткiзiп алсын» деп сәлем айтыпты. Оны арғы беттен айғайлап тұрған кiсiден естiген бiр оқушы Сайлауға хабарлапты. Ол кезде Сайлау жетінші сыныпта, мен төртінші сыныпта оқитынбыз. Екеуіміз де интернатта жататын едік.

Маңайда екi бетте де қайық жоқ. Арғы бетте ақ көйлек, қызыл барқыт желетке киген Рақыш жалғыз тұр. Әрiректе екi-үш көң үй бар. Олардың тұсында өзенде қамыстан буған салы тұр. Бiрақ, үйлерден қанша айғайласақ та ешкім шығып тілдеспеді.

Өзеннен мұз кеткелi оншақты ғана күн өткен. Арнасы толық, бұрынғы қалпынан әлдеқайда жалпақ. Су әлі суық. Cyғa түсетiн уақыт болмаған кез. Бiз жақта Қосылбай (Дүйсебаев) ағай ДТ-54 тракторымен Рақыш екеумiздi күтiп тұр. Қызбелдегi үйiмiзге ала кетпекшi. Әжемдi сол жылы ферманың 20 сиырымен сондағы егіншілерді шайлық сүтпен қамтамасыз етіп тұру үшін көшірген көрінеді.

Интернаттағы Сайлаудың денелi деген сыныптастары да суға түсуге жүрексiндi. Оншақты бала жағада иiрiлiп тұрмыз. Арғы беттегi адамдардан күдер үздiк. Амалсыз Сайлау шешiнiп, өзенге түскенiнде менің жаным мұрнымның ұшына келдi. Бiр жағынан Рақыштың өзеннен өткенiн жақсы көрсем, екiншi жағынан Сайлау екеуінің ауырып қалуынан ғана емес, тiптi суға кетіп қалуынан қауіптендім.

Сайлау өзеннен аман өтiп, арғы бетте бiраз дем алды. Содан соң ол маңнан не ескек, не сырық таба алмай, қамыс салыны жиек-ке жақындатып, Рақышты отырғызды да, оны итерiп, жүзе бастады. Бірақ, әлі басыла қоймаған ағын салыны төмен қарай жылжыта бередi. Шаршағанынан болар өзен ортасында Сайлауға екi рет салыға шығып, тынығып алуға тура келдi.

Бес-алты ғана құшақ қамыстан буылған шағын салы Сайлау үстiне шыққан сайын ойнақшып, бiр жағы жоғары көтерiлiп, екінші жағы суға батып, үстiндегi Рақыш пен жағадағы менің үрейiмдi ұшырды. Әйтеуiр аман-есен, бергi бетке жеткенде менің қуанышымда шек болған жоқ. Ағамның нәзіктігіне қарамай iстеген ерлiгiне қайран қалдым. Сол күнi Сайлау болмаса, Рақышты мен өзеннен өткізе алмас едім.

Бірақ, бұл ic Рақышты бергi жаққа өткiзiп алумен бiткен жоқ. Арғы беттегi күнi бойы тым-тырыс жатқан үйлерден бiр кici жaғaғa жүгiрiп келiп, қолын ербеңдетiп, жұмырдығын көрсетiп әлек болды. Бәрiмiз тынышталып тыңдасақ «Салыны неге рұқсатсыз аласыңдар, ақысын төлеңдер, қайта әкелiп орнына қойыңдар, өңшең жалаңбұт қайыршылар» деп зiркiлдеп тұр екен. Оны манадан көрiп отырған Қосылбай ағай «Әй, көргенсiз неме, жарты күн қасыңда жылап тұрған баланы көрмеген болып, ендi не былшылдап тұрсың. Қызбелден қайтып оралайын, баланың көз жасының ақысын көзіңе көрсетемін» деп тиып тастады.

Салыны орнына апаруға қайта cyғa түсiп жатқан Сайлауға «қалсын осында, керек болса өзi алып кетедi» дедi. Бiрақ, Сайлау салыны бұрынғы әдiсiмен итерiп арғы бетке өткiзiп, қайтып келдi. Көп баланың iшiндегi үлкен адамды байқамаған арғы беттегi кici өктем сөзден тайсақтап, шегiншектеп үйiне қарай бет алды. Ал, бiз Қызбелге тракторға отырып жүрiп кеттiк.

Рақыш екеумiз түн ортасы кезiнде Қосылбай ағайдың тракторымен Қызбелдегi әжемнiң қолына аман сау жеттiк. Ертеңiне әжем оған ризашылығын бiлдiрiп, үйге шақырып шай бepді.

…Рақышым менің, кейін тұрмыстық қиындықтарды артқа тастап, аға-жеңгелеріңнің арасында бой түзедің, отбасы құрдың, өзің шыққан әулеттің шын тілекшісіне айналдың.

Әр кездерде өмір жолында басымызға түскен ауыр қайғыларды – әжемнің, бірінен соң бірі өмірден озған жеңгелерің Балқия мен Светлананың қазаларын бізбен қатар азаматтық деңгейде көтерістің. Олармен тірі кездеріндегі сырластық пен сыйластығың, бірге туғандай татулығың ел арасында аңызға айналып, көпшілікке үлгі болып кетіп еді. Әжем мен Мақыш үшеуіңнің Айбек пен Сәкенді, Әлия мен Ғалияны өз балаларыңдай мәпелеп, қанаттыға қақтырмай өсіргендерің естен кетер ме?!

…Рақышым менің, фәнидегі орның бөлек еді, ойсырап қалды. Бақидағы орның жұмақ болсын. Бұл дүниедегі жасаған жақсылықтарың иманың болып, алдыңнан шықсын.

Ағаң Сәбит Байзақов

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here