Абайдың әншісі

0
4517

Абайдың айналасы оның ақын шәкірттерімен ғана шектеліп қалмағаны белгілі. Ақынның айналасындағы өнерлі топ өкілдерін әдеби ортадан бөліп қарауға болмайды. Әнші мен күйші, тоғызқұмалақшы мен дойбышы, балуан мен құсбегі, қолөнер шебері мен Ағашаяқтай цирк өнерінің майталмандары Абай маңына етене жақын болды. Өйткені, Абай ауылы тек өлең ғана емес, барлық өнердің басын қосқан құтты мекенге, шын мәніндегі өнер ордасына айналды.

Ақынның өз тәрбиесінде болып, үлгі-өнегесін көріп өскен, оқу-тоқуы болмаса да, кезінде қалың елге мәшһүр болған үш төл шәкірті бар. Оның бірі – Абайдың ертекшісі Баймағамбет, екіншісі – данышпан ақынның дойбышысы болған Ермағамбет, үшіншісі – Абайдың әншісі атанған Әлмағанбет.

Өзі ән шығармағанымен, Абай әндерін насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп, көзі тірісінде «Абайдың әншісі» атанған өнерпаз Әлмағанбет Қапсәләмұлы жасынан Абай жанында жүріп, кемеңгер ақынның ішкі тебіренісін дөп басатын сезімтал өнер иесі. Әлмағанбет Тобықты ішінде Тоғалақ деген атадан тарайды.

Әлмағанбет Қапсәләмұлы 1870 жылы туып, 1932 жылы 62 жасында дүниеден қайтқанын ескерсек, Абайдан Әлмағанбет тура екі мүшелдей, жиырма бес жас кіші болып шығады. Балалық шағында Мүрсейіттен (шын аты – Мұхаметкәрім, ел ішінде «Кішкене молда» деп те атаған) оқып, сауатын ашса, Мұқадан домбыра тартуды үйренген. Алайда, қаракесек – Мауқай, керей – Уәйіс, уақ – Мұқа, арғын – Әсет, найман – Әріптерге қарағанда Әлмағанбеттің пешенесіне ақынның өз балаларымен бірге ойнап, бірге өсіп, біте қайнасып кетудің бақытты сыбағасы бұйырған еді. Абайға «тумаса да туғандай» болып кеткен Әлмағанбет әрі өз баласы, әрі туысы, әрі өнердегі шәкірт-серігі сияқты болып, жиырма жылдай Абай ауылының, оның ет-бауыр жақындарының қадірменді өнерпазы болды.

Абайдың Әлмағанбетті іш тартып, өз әншісі етудің бірнеше себептері болған. Бірінші, ақын Абайдың қырықтан асқан шағында өлең мен ән қуаты тасқындап, кемеліне келген кезінде жастық, махаббаттың шерменді шерін, жан берген ыстық лебізін, толқынды сезімін дәл Әлмағанбет әншідей дем тартып, жеріне жеткізе орындаған әнші кемде-кем. Бұған ең алдымен  Әлмағанбеттің өз басының жастығы, албырттығы, бозбала шағы, серілік құрған думанды жылдары, Абай әндерінің жаңашылдығы, жүрекке ыстық тиетіндігі әсер еткен. Екінші, Абайдың өз балаларымен бірге өнер үйренуі, қаладағы атақты музыканттардан дәріс тыңдап, сауатын ашып, өнердің өлмес мұратын анық аңдауы бір себеп болды. Жастайынан пысық, зерделі, жүйрік көңілді жертанығыш Әлмағанбет «Абай әншісі» деген атаққа лайық болып, өзге өнерпаздардан қара үзіп, мойын оздырып, алға шығады.

Абайдың өзі де: «Осы әнді орындаса Әлмағанбет ғана орындасын», – деп жиі айтып отыратын бірнеше әндері болыпты. Соның кейбірі «Жарқ етпес қара көңілім, не қылса да», «Жігіт сөзі», «Татьяна», «Бойы бұлғаң», «Сегіз аяқ», «Өзгеге көңілім тоярсың» сынды әндер. Әнші Әлмағанбет Абайдың тапсырмасымен Біржан әндерін орындаған.

Абай әндерін халыққа көп таратқан әншілердің бірі – әйгілі Майбасардың Мұхаметжаны, Әлімханның Мұқасы болса, екіншісі – осы Әлмағанбет.

Әлмағанбеттің бәйбішесі – Құнапия Төлепбердіқызы. Руы – Тарақты. Он бір құрсақ көтерген, тек үш ұлы ғана ер жеткен. Құнапия ана 90 жас жасаған кейуана 1968 жылы баласы Қабыланның қолында дүниеден өтеді. Зираты Ақшоқыда. Әлмағанбеттің Шабдан, Қабылан және Уәлхан атты үш ұлы болған. Шабдан әкесінің өнерін ұстаған өнерпаз, кейіннен құйма құлақ шежіре адам болған. Әлмағанбеттің қасиетті үш ішекті домбырасы осы Шабдан ақсақалдың тапсыруымен Абай музейінің «Абайдың ақындық мектебі» залында құнды жәдігер болып орын алды.

Сол Шабдан ақсақалдың айтуынша, малдың бабын білген Әлмағанбеттің әкесі Қапсәләмді Абай жылқы бағуға әдейі алдырып, тағдырдың жазуымен Әлмағанбет Абайдың тәрбиесін көріп өседі.

«Абай өз балалары Мағауия, Турағұлмен бірге Әлмағанбетті де үш қыс Семейде орыс музыкасына беріп скрипка үйреткен», – деп жазады Шабдан Әлмағанбетұлы.

Әлмағанбет әнші ғана емес, бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаған шебер күйші болған. «Дунайская волна», «Лезгинка», «Возвратное время», «Банкрот», «Полька», «Птичий марш», «Криковяк» деген басқа халықтың ән мұралары Әлмағанбет арқылы елге тараған. Қазақ зиялылары Нұрғали және Нәзипа Құлжановалармен жақын араласып, Абай есімін халыққа таныстыруда бірлесе жұмыс істеді. Төңкерістен кейін Семей қаласында ұйымдастырылған қазақ театрының белді бір мүшесі болған. Әлмағанбет әнші өмірінің соңына дейін Абай әндерін халық арасында орындап, насихаттаудан бір таңған емес.

Әлмағанбет – «Абай жолы» роман-эпопеясының көрнекті кейіпкерлерінің бірі. Мұхтар Әуезов Абай әншісін жақсы білген, таныс, сырлас, талай рет дәмдес, мәжілістес болған. Заңғар жазушы Әлмағанбетті Абайдың өз балалары Ақылбай, Мағауия, Әбіштердің қатарында, соларға қатысты уақиғалар ішінде үнемі суреттеп көрсетіп отырады.

Әлмағанбетті М.Әуезов те қатты қадірлеген, оның өнерін ерекше бағалаған. Абай әндерін бертіңге жеткізуші ретінде оның творчествосына ерекше көңіл бөлген. 1925 жылы Әуезов Затаевичке айтып, Әлмағанбет орындайтын Абай әндері мен халық әндерінің біразын нотаға түсірген. Күйші Әлмағанбеттің тартқан күйлері мыналар: «Алшағыр», «Бозайғыр», «Саймақтың сары өзені», «Бұлаң жігіт», «Азамат қожа», «Малжаңгер», «Тепең көк», «Түрікпен», «Рүстемнің күйі», ал скрипкада орындаған орыс күйлерінің саны оннан асады.

Әлмағанбеттің қолқалауымен Ақылбай да ән шығарған. Бұл әнмен белгілі әнші, сазгер, жазушы Ж.Кәрменовтің Ақылбайдың ішкі толғаныс, сезімінің пернелерін дөп басып, Ақылбай әнінің шығу тарихын көркемдік шешімге шебер орайластырған «Ақылбайдың әні» әңгімесінен танысуға болады. Турағұлдың қалыңдығы Сақыпжамалды алуға Матай жеріне барарда  Ақылбайдың Әлмағанбетке шығарып берген әні.

Әлмағанбет бұдан әрі шыдамады. «Сәті келген істің салмағы жеңіл. Орайы келіп тұрғанда алдынан бір өтіп қалайын», – деп көңілінде жүрген сырын ашты.

– Ақыл аға, Матайлар сауыққой, өнерлі ел, жастары Абай ағамның әндерінің бәрін біледі. Құдалардан жаңа ән естігіміз келеді десе не дерімді білмей қысылып жүрмін. Бір ән тауып бермес пе екенсіз, – деп күрең жорғаның үстінде өзінің әр сөзін қызықтап тыңдап қалған Ақылбайға жанаса берді.

Берікбол-Ағашаяқ Әлмағанбеттің әлгі бір тілегін қызбалана қоштап алға шықты. Ұзақ күн ат үстінде сырлас болған өзіне таныс әуенді іштей қайталап бір сүзіп шықты. Сол әуенге лайық ырғақты, ыңғайлы сөз қиюын іздеп, ойға жүгінді. «Бір ән тауып беріңізші», – дейді.

Төс қалтасынан шынжыр баулы сағатын алды. Сағаттың қақпағы ашылғанда, әлдебір құлаққа жағымды ән әуені тербеліп үзіліп-үзіліп естілді. «Бір ән тауып… бір ән тауып…»

Әлмағанбет қана сабырлы. Селдір өскен шоқша сақалының ұшын ширатып, билік тосады. Ақылбай майда қоңыр үнімен ән бастады. Қамшы ұстаған қолын ән ырғағымен баяу көтеріп, кең құшағы сары жазыққа Қарауылдың тауына қарай ұмсынып созыла берді. Әріден жан дүниесінің тереңінен бірте-бірте көтерілген әуезді үн мамырлап, қалықтап, әуелеп кетті. Көкжиегі көз талдырып алыстап барады, көрінер емес, айтары мол, сыры көп алыстан орғытады. Әннің алғашқы шумағында «Сұраған сен едің, жауабым мынау көңіліңе қонар ма, риза боламысың», – деген наз жатыр еді.

«Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,
Матайды алыс бірталай жер деген соң.
Он минутта ойыма осы ән түсті,
Қапаш-құпаш қолымды сермеген соң», – деп қайырмасында шарықтай шалқып кететін әуезді ән құдіретін, оны туғызған Ақыл-аға талантын ұрпаққа асыл қазына етіп жеткізген Әлмағанбеттің әншілік өнері еді.

 Әлмағанбет Қапсәләмұлы 1914, 1924 жылдары Абайдың қайтыс болғанына 10, 20 жыл толуына арналған Семейде өткен әдеби-музыкалық кештерде Абай әндерін нақышына келтіре орындап, ол жайлы естеліктер айтқан. Сол үшін де «Абайдың өз әншісі Әлмағанбет» есімі бүгінгі ұрпаққа қадірлі де қастерлі.

Бұлбұлназ МҰРАТҚЫЗЫ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының магистрі

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here