Сенаторлар Жоғарғы Сот судьясын қызметінен босатты

0
1386

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясын қызметінен босату мәселесі қаралды. Нәтижесінде депутаттар соттың айыптау үкімі заңды күшіне енуіне байланысты Мейрам Жанғұттиновтың өкілеттігін тоқтатуды қолдап дауыс берді.

Сонымен қатар сенаторлар «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Бұл Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасын жүзеге асыру кезінде ЕАЭО-ның кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтардың трансшекаралық өткізілуіне байланысты қатынастарды реттеуге арналған.

«Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында қауіпті қалдықтарды өткізудің бірыңғай тәртібін айқындайды. Сондай-ақ, оларды тасымалдау кезінде берілген қорытындылар мен анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат алмасуға құқықтық негіз қалыптастырады. Алдағы уақытта осы Заң қауіпті қалдықтарды жоюға және қайта өңдеуге, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Әли Бектаев Ресей Федерациясына салынған санкцияларға байланысты Қазақстанға азық-түлік тауарларының әдеттен тыс көп келуі мүмкін екенін ескеріп, отандық аграрлық секторды қолдау шараларын күшейтуді ұсынды.

Андрей Лукин мемлекеттік кірістер органдарының әкімшілік құқық бұзушылықтары бойынша істерді қараудың бірыңғай тәжірибесі жоқ екеніне назар аударды.

Рысқали Әбдікеров Үкіметті Жезқазған қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты проблемаларға көңіл бөлуге шақырды.

Мұхтар Жұмағазиев ауылшаруашылық өнімдерін, оның ішінде жүнді қайта өңдеуді дамытудың маңызына тоқталды. Осыған орай сенатор бұл саланы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді және оны агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау бағдарламасына қосуды ұсынды.

Дүйсенғазы Мусин Қатон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қатысты проблеманы көтерді. Нақты айтқанда, депутат парктің материалдық-техникалық базасын күшейту және кадрлық әлеуетін арттыру керектігін атап өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here