Сексеннің сеңгіріне сергек шыққан тұлға

0
2470

Әркімнің де бойында өзі сенген ісін орындауға қажетті күш-жігер мен ерік бар. Осы асыл қасиеттерді бір-бірімен үйлестіре отырып, бойындағы, санасындағы қарым-қабілетімен халқының қамын ойлаған, елінің абыройын арқалаған ағаларымыздың бірі – Төрехан Әбішұлы.

Біздер кейде өткенді еске алсақ, сол өткеннен тұтас тұлғаны іздейміз, кесек-кесек керемет көріністерді жіліктеуге немесе тұлғаға қатысты бір ерекше жәйтке мән бере қарағанды жөн санаймыз. Онымыз рас. Сол қазақы болмысқа тоқтап, біз де кейіпкеріміздің тұлғалық бастау бұлағынан, яғни кішіге жөн сілтер, көпшілікке елдікті айтар ағамыздың балалығынан бүгінгі күнге дейінгі кезеңдерінен қысқаша сыр суыртпақтау ниетіміз бар. Өйткені, Төрехан Әбішұлы бұл күндері сексеннің сеңгіріне сергек шыққалы отыр.

Төрехан Әбішұлы 1942 жылы 20 қаңтарда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының Құмшығанақ колхозында дүниеге келген. Әкесі – Әбіш, анасы – Ұлбибі, атасы – Бижан би.

Жас кезінен сурет салуға, өлең шығаруға бейім болған Төрехан ағамыз Құмшығанақта мектеп табалдырығын аттап, Аманкелді совхозындағы мектепті 1959 жылы бітірді. Алматы медицина институтының стоматология факультетіне оқуға түсті. 1966 жылы стоматология факультетін бітіріп, Қызылорда облысына жолдама алды. Сырдария ауданына қарасты Аманкелді совхозында ауылдық емханаға бас дәрігер болып жұмысқа орналасты. 1967 жылы Қызылорда қаласында облыстық стоматология емханасы ашылып, стоматология бөлімшесін басқарды. Сол жылы күзде «Арал-тұздағы» Әбдікерім Темірбаев деген кісінің қызы Шолпанға үйленді. Шолпан жеңгей Қызылорда педагогикалық институтының математика пәнінің мұғалімі болды.

Қызылорда қалалық атқару комитетінің төрағасы Жабақ Берденовтің тікелей көмегімен қалада стоматология емханасы ашылды. Көп ұзамай қаладағы емханада республикада енгізіліп жатқан жаңа керамика, бюгель, косметикалық тістерді салу енгізіліп, жаңа бормашиналар алынды.

Көп ұзамай «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Жоғары дәрежелі дәрігер» атақтарымен марапатталды. Оның білікті маман ретінде өсуіне емхананың бас дәрігері Ж.Ысқақов, Қ.Нұрдинов, М.Түлеуов, А.Қарқынбаев сынды азаматтардың орны ерекше болды.

1989 жылы Алматыдағы республикалық стоматологиялық емханаға қызметке келді. Еліміздің бас емдеу орталықтарының бірінде «стоматолог-ортопед» мамандығы бойынша қызметін жалғастыра берді. Осы сәттен бастап ой өрісі, дүниетанымы кеңейіп, жаңа, тың дүниелерді игере бастады. Қолөнерлігі дамып, елдің белгілі азаматтарының сеніміне ие болды. Үлкендердің алғысын алды.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген қазақта аталы сөз бар. Төрехан ағаның бойындағы тектілігі, өнері оның әкесінен дарыған қасиет. Өйткені, әкесі Әбіш те өнерлі адам болған екен. Домбырашы. Өз қолынан домбыраны, ат әбзелдерін, киіз үйдің сүйегін – кереге, шаңырақ, уық, есігін жасаған кісі. Яғни, он саусағынан өнер тамған жан болған. Ол кісі 1955 жылы дүниеден озған.

Иә, Төрехан аға адам жанының арашасы ғана емес, мәдениет майталманы да. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың бірі. Ата-баба қанымен берілген ақындық, сазгерлік өнері оны өрге сүйреді, талай тыңдарманның ыстық ықыласына ие болды. Шығармалары осы уақытқа дейін толастамай, тыңдармандарын қуанышқа бөлеп жүр. Айталық, Төрехан Әбішұлы отыздан астам әннің авторы. Алғашқы Шолпан сұлуға арналған «Аралдың аруы» атты жыр шумақтары қазір оның кең жайылған құшағынан шыққан өлең мен әннің ұясы іспетті. Ал, әнші інісі ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақтияр Тайлақбаев өнерлі ағасының туындыларын шартарапқа таратып, мәдениет майталманының даңқын асырып жүр.

Сонымен қатар, «Астана аруы – Салидат», «Әсет аға», «Қос бәйтерек» сынды әндері, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің әнұраны өнерсүйер қауым тарапынан жылы қабылданғанын көз көріп, құлақ естиді.

Төрехан Әбішұлы өзім басқаратын Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық-патриоттық қорының жұмысына да бір кісідей атсалысады.

Осыдан 6 жыл бұрын Қостанай қаласының қақ төрінде туған жердің айбарындай Тайбурылына мініп, қолына көк сүңгілі найзасын ұстаған Қобыланды батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді. «Қобыланды батыр» жырын оқымаған қазақ кем шығар. Қазақтың хас батыры әр қазақтың жадында ерлік пен елдіктің нышанындай жазылып қалған. Бой көтерген ескерткіші туған жердің әр сүйем жерін сыртқы жаудан қорғаған халқымыздың бар батырының бейнесі секілді елестейді. Осы еңселі ескерткіштің орнатылуына біздің қор ұйытқы болды. Ескерткіштің ашылуына еліміздің әр өңірінен, алыс-жақын шетелдерден игі жақсылар жиналды. Сол жақсылардың арасында Төрехан ағамыз да болды. Бір атап өтерлігі, біздің үлкен ісімізден шабыт алған ағамыз Қобыланды батырға арнап ән жазды.  Қобыланды батыр ескерткішінің ашылуында сол әннің тұсауы кесілді. Рухты әнді ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақтияр Тайлақбаев орындады.

Осы жылдарда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық-патриоттық қоры біраз істердің ұйытқысы болды ғой. Қор атқарған шаралардың ішінде Ақмола облысындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлының да еңселі ескерткіші бар. Айтайын дегенім, Төрехан аға тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажымұқан бабамызға арнап та ән жазды.

2016 жылы 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс көшбасшыларының бірі Кейкі батырдың Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада сақтаулы жатқан бас сүйегі Қазақстанға әкелінгенінен хабардарсыздар. Торғай даласында, атақты Амангелді ауданында Кейкі батырдың бас сүйегі оның рухына дұға бағышталған соң арнайы салынған кесенеге арулап жерленді. Қабірге қас баһадүрдің қаны төгілген Жалаулы қонысынан әкелінген топырақ салынды. Өткен күнді қозғап отырған себебім, Төрехан ағамыз елін күреске бастап шығуы және отарлық саясатқа қарсы қарулы қарсылық танытуының арқасында ел арасында «құралайды көзге атқан мерген» атанған Кейкі батырға ән де арнады. Бұл Кейкі батырға әнмен тұрғызылған ескерткіш еді.

Міне, өзі ақ халатты абзал жан болса да, қазақ өнеріне осылайша өлшеусіз үлес қосып келеді.

Төрехан Әбішұлының стоматолог ретінде де еңбегі елеусіз қалған жоқ. Оның ортопед-стоматолог ретінде еңбегі жанып, елдің құрметіне бөленді. Қазақстанның еңбек сіңірген стоматологы, Қазақстанның құрметті стоматологы, Қазақстанның стоматологтар қауымдастығының «Алтын медалімен» және С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Алтын медалімен» марапатталды.

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейтін халық мақалында қаншама ой, тәлім-тәрбие, ұлағат жатыр. Адам болып өмірге келген әр пенденің тамырын тереңге тартып, қанатын кеңге жайғызар ұрпағы екені ақиқат. Десе де, сол ұрпаққа жақсы тәрбие беріп, ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіріп, ынтымақ-бірлікке ұйыта білу, әрине, әке мен анаға артылған міндет пен парыз. Осы парызды Шолпан жеңгей екеуі орындады. Екі ұл, екі қызды өсіріп, немерелердің қызығын көріп отырған жайлары бар. Кіші қыздары Анар стоматолог дәрігер мамандығын игеріп, қазіргі кезде жоғары дәрежелі маман болып, әке ізін жалғап отыр.

Құрметті Төрехан Әбішұлы!

Ағайын-туыстың жанашыры, ат байлар темір қазығы, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған немерелерінің атасы, аяулы жар болып, сексеннің сеңгіріне сергек шыққанның өзі үлкен бақыт. Алда тоқсан жас қол бұлғап тұр. Әрқашан ел-жұртыңызбен, жақындарыңызбен, бала-шағаңызбен сол асудың биігінде жүргейсіз.

Махмұт НӘЛІБАЕВ,
Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия Генералы
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық
қоғамдық-патриоттық Қорының Төрағасы, «Qazaq» газетінің құрылтайшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here