Салиқалылық – реформа негізі

0
393

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың халыққа арналған биылғы жолдауы елімізді дамытудың демократиялық негіздерін ашық айқындап берген тарихи оқиға. Қазіргі геосаяси жағынан күрделі заманда мемлекетіміздің бүгіні мен болашағы жолында өте жауапты және батыл бастамалар жасалды. Бүгінгі жолдау еліміздің тарихи құндылықтары мен қазіргі заманның күрделі дәстүрлерін үндестіре отырып қабылданған шешімдерге толы болды.

Жолдауда Парламенттің өкілеттігін арттыруға, мажоритарлық сайлау жүйесін біртіндеп ендіруге, Президенттен бастап, облыс әкімдерін, саяси қызметкерлерді қосымша саяси-қоғамдық, партиялық басқару міндеттерінен босатуға, ел экономикасын дамытуға қатысты міндеттерді сапалы атқаруға қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Ең үлкен мәселелердің бірі – жергілікті мәслихаттар мен өзін-өзі басқару органдарының өкілеттігін кеңейту, аумақтық мәселелерді шешуге тұрғындарды белсенді жұмылдыру екені анық. Сайлау жүйесін түбегейлі өзгерту бағытындағы шаралар да ауқымды болмақ.

Бүткіл қазақстандықтар үшін Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының жаңадан ашылуы, Қапшағай қаласына болашақта Д.А. Қонаев есімінің берілуі өте қуанышты, халықтың көптен күткен, елдің еңсесін көтеретін, жаңа белестерге бастайтын бастамалар екені шындық.

Жоғарыда айтылған жаңалықтар биылғы Жолдаудағы қадау-қадау бастамалардың бір бөлігі ғана. Алда атқарылатын шаруалардың одан да көп екендігін Президент ашық айтты.

Көптеген мемлекеттерде жалпы ахуалдың қиындап жатқан кезеңінде біздің елде осындай нақты шешімдердің қабылдануы ел экономикасы мен әлеуетінің тұрақтылығын және әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды қадамдарға бара алатындығымызды көрсетеді. Мемлекет басшысының өте батыл да салиқалы, барлық жағынан ойластырылған шешімдері үшін өз ризашылығымызды білдіреміз.

Президентіміздің барлық бастамалары халықтың болашағы үшін. Олай болса, бәріміз де сол тудың айналасына топтасып, қаңқу сөзден аулақ болып, бірігіп, бірлесіп, ынтымақтасып қызмет етуіміз керек екендігі анық. Бұл бәріміз үшін – үлкен сын. Сын сағаттарда сындарлы іс-әрекеттер жасау халқымызға тән қасиет.

Қазақстан Парламентінің Сенаты Мемлекет басшысының тың бастамаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар атқаратын болады.

Әли БЕКТАЕВ, Парламент Сенатының депутаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here