Екі млн долларға жуық сыйақы желге ұшты ма?

0
1790
2014 жылы Қазақстан азаматтығын алған әзербайжандық Ниджат Рахимовтың 2016 жылғы Рио Олимпиадасындағы қуанышы ұзаққа созылған жоқ, 22 наурызда қазақстандық ауыр атлет Спорттық арбитраж сотының (CAS) шешімімен допингке қарсы ережені бұзғаны үшін алтын медалінен айырылып, сегіз жылға спорттан шеттетілді

Соңғы жылдардағы допинг дауы ауыр атлетиканың түбіне жететін болды. Дегенмен, Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2028 жылғы Лос-Анджелестегі (АҚШ) ойындарда ауыр атлетика додасының өту-өтпеуін әлі нақтылаған жоқ. Бірақ, Парижден кейін ауыр атлеттер Олимпиадамен коштасуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені, Халықаралық Олимпиада комитетінің жыл басында өткен 139-шы сессиясында Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарының алдын-ала бағдарламасына ұсынылатын 28 спорт түрінің ішінде ауыр атлетика болмай шықты.

ДОПИНГ ДАУЫ: АУЫР АТЛЕТТЕР 2028 ЖЫЛЫ ОЛИМПИАДАМЕН ҚОШТАСА МА?

Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Ал, ауыр атлетикадағы даудың басы допингтен басталған еді. Өкінішке қарай, допинг дауы сөз болғанда Қазақстан да жерге қарайды. Оған бірнеше себеп те бар.

Допинг дауынан кейін Олимпиада медальдарынан айырылған қазақстандық спортшыларға төменде арнайы тоқталамыз. Қазір 2021 жылғы 9 желтоқсанда өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің отырысында көтерілген мәселелерді тарқатып жазайық.

Сол отырыста Атқарушы комитет өкілдері жазғы ойындар бағдарламасын қызу талқылады. ХОК ұзақ талас-тартыстан кейін былтыр Олимпиада бағдарламасына алғаш енген сёрфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг спорт түрлерінің өкілдері 2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) өтетін XXXIV жазғы Олимпиада ойындарында да сынға түсетіндері туралы шешім қабылдады. Өкінішке қарай, бұл қатарға бокс, ауыр атлетика мен қазіргі бессайыс өкілдерін қосқан жоқ. Соңғыларының Лос-Анджелестегі тағдыры әзірге белгісіз.

«Әзірге» сөзі бұл жағдайда артықтау болмас, себебі бокс, ауыр атлетика мен қазіргі бессайысты ХОК мүлдем сызып тастаған жоқ. Оларға тағы бір мүмкіндік беріліп отыр. Аз уақыттың ішінде тиісті ұйымдар кейбір мәселелерді шешулері керек. Атап айтқанда, былтыр күзде аты өзгергенмен, заты әлі өзгере қоймаған бұрынғы Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (АІВА), бүгінгі Халықаралық бокс қауымдастығы (ІВА) қаржылық ашықтық бойынша жұмыстың жақсарғанын көрсетіп, әділ төрешілерді тағайындауды дұрыс жолға қоюға міндетті; Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) допингпен күрес жөніндегі ұсыныстарды толық орындап, допингке қарсы бағдарламаның толық тәуелсіздігін дәлелдеуге тиісті; Халықаралық қазіргі бессайыс одағы (UIPM) атпен жарысуды алмастыратын жаңа бағдарламаны дайындап шығуы керек. Егерде осы үш спорт түрінің ұйымдары ХОК қойған бұл талаптарды орындамайтын болса, онда 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына боксшылар, зілтеміршілер мен бессайысшылар бармайды. Ал, 2023 жылғы ХОК сессиясына дейін бокс, ауыр атлетика мен қазіргі бессайыстың мәселесі майшаммен қаралады.

ИЛЬИН, ПОДОБЕДОВА, ЧИНШАНЛО, МАНЕЗА… ЕНДІ РАХИМОВ

Ауыр атлетикадағы кез келген жаңалықты қалт жібермей отырғанымыз рас. Өйткені, соңғы төрт жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынын медальмен толтырғандар негізінен осы ауыр атлеттер болды. Мәселен, 2012 жылы Лондонда күміс, қола жүлделерді айтпағанда, төрт қазақстандық ауыр атлет Олимпиада чемпионы атанды. Бірақ, допинг дауына байланысты Ильин де, Подобедова да, Чиншанло мен Манеза да алтын медальдарын ХОК-ке қайтарып берді. Сөйтіп, соңғы үшеуінің 2012 жылғы Олимпиадада, алғашқысының қос бірдей Олимпиадада (2008, 2012) көрсеткен жетістіктері жоққа шығарылса, енді бұл қатарға 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы атанған Ниджат Рахимов та қосылды. Жоғарыда «допинг дауы сөз болғанда Қазақстан да жерге қарайды» деп жазуымыз содан.

2016 жылы Олимпиада ойындарында алынған допинг-сынамалардың сақталу мерзімі тек 2026 жылы бітеді, ал оған дейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Яғни, тыйым салынған заттарды анықтау әдісі ұдайы жетілдіріліп отырады. Айтса айтқандай, 2021 жылы 18 қаңтарда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Ниджат Рахимов допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жарыстардан уақытша шеттетілгенін хабарлады. Ол «2016 жылы зәр талдауын алмастырды» деп айыпталды. Айыпталған ауыр атлеттердің ешқайсысы ақталмағандарын ескерсек, онда ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасында алған жалғыз алтын медальді де қайтарып беретінімізге еш күдіктенген жоқпыз. Енді сол күдігіміз расқа айналды.

Спорттық арбитраж соты (CAS) қазақстандық спортшыны зәрінің төрт үлгісін ауыстырғаны үшін кінәлі деп таныды. Ниджат Рахимовтың 2016 жылдың 15 наурызынан 2021 жылдың 18 қаңтарына дейінгі спорттағы барлық нәтижесі жойылды. Яғни, 28 жастағы спортшы Рио Олимпиадасының алтын медалінен айырылды және сегіз жылға спорттан шеттетілді.

Содан азаттық алған жылдары ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы атанған бір ғана спортшы қалды. Ол – легионер ретінде Ресейден елімізге қоныс аударып, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан атынан сынға түскен Алла Важенина. Ресейдің тумасы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. Негізі Алла Важенина Бейжің Олимпиадасында күміс медаль алған болатын, бірақ ХОК шешімімен допинг дауына байланысты Олимпиада күмісін алтын медальға ауыстырып алды. Өйткені, Бейжің төрінде оның алдын орап кеткен қытайлық Цао Лэй кейін допингпен ұсталған болатын. Олимпиададан кейін Алла Важенина Отанына, Ресейге оралды.

Әрине, ауыр атлетикадан Қазақстаннан шыққан тағы бір Олимпиада чемпионы барын айтуға тиіспіз. Дегенмен, марқұм Анатолий Храпатый 1988 жылы КСРО құрамасы сапында Олимп шыңын бағындырған еді.

ҚАЙТАРЫМЫ БОЛМАҒАН ҚЫРУАР ҚАРЖЫ

Рас, Қазақстанның ұлттық құрамасында легионерлердің қатары көп. Әсіресе, ауыр атлетикада (көбі кейін допингпен ұсталды). Өз елінде жағаға шығып қалған балықтай күй кешкен сол спортшылардың басым бөлігі өз елдеріне ренжіп Қазақстанға қоныс аударды. Бұл «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегенге саяды. Ал, оларды Қазақстан халқы жатырқаған жоқ. Федерация бар жағдайларын жасады. Ішкендері алдында, ішпегендері артында болды. Қазақстан бұл легионер спортшыларға кәдімгі инвестиция ретінде қарады. Кейбірінің қайтарымы мол болса, кейбірі үмітті, кеткен шығынды ақтамады.

Біреудің қалтасын санамайсың ғой, бірақ Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне берілген сыйақы бюджеттен бөлінгендіктен, оны санаудың еш әбестігі болмаса керек. Бірден айтайық, Олимпиада ойындарында медаль алған спортшыларға берілген сыйақының ресми бекітілген мөлшерін ғана назарға алдық, ал жергілікті әкімдіктер, федерациялар, демеушілер тарапынан берілген ақшалай, заттай сыйақыларды есепке алмадық.

Айта кетейік, допингке байланысты барлығы 10 қазақстандық спортшы Олимпиада медальдерін заңды иелеріне қайтарып берді. Сол спортшылардың сегізі – ауыр атлеттер. Қалған екі спортшы – Таймураз Тигиев (ол да Ресейден келген легионер) пен Әсет Мәмбетов. Екеуі де еркін күрестен 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында жүлдегер атанған болатын. Біріншісінен күміс, екіншісінен қола жүлделерді Халықаралық Олимпиада комитеті қайтарып алды. Тигиев, Мәмбетовтермен бірге Бейжің Олимпиадасында үздіктер қатарынан көрінген ауыр атлеттер Илья Ильин алтын, Ирина Некрасова күміс, Мария Грабовецкая қола жүлделерінен айырылды. Олардың қатарына Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және тағы да сол Илья Ильин қосылды. Төрт бірдей ауыр атлет 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының алтын медальдарын қайтарды. Енді бұл тізімді Ниджат Рахимов та толықтырды.

Қазақстан 2008 жылғы, 2012 жылғы, 2016 жылғы Олимпиада ойындарында чемпион болған спортшыларға – 250 мың АҚШ доллары, күміс медаль алған спортшыларға – 150 мың АҚШ доллары, қола медаль алған спортшыларға – 75 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берді. Демек, үш Олимпиада ойындарында Қазақстан допингпен ұсталған бұл спортшылар үшін бір сыйақының өзіне 2 млн-ға жуық АҚШ долларына босқа шығындалды. Оның сыртында олардың алаңсыз жаттығуына, жаттықтырушыларына жұмсалған қыруар қаржы бар. Олимпиададан кейін сыйға берілген баспана, көліктерді тағы қосыңыз. Көзден бұлбұл ұшқан қайран мемлекет қаржысы…

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жоғарыда аты аталған спортшылар Олимпиада жүлделерін Халықаралық Олимпиада комитетіне қайтарып бергенімен, сол үшін мемлекеттен алған сыйақыларын бюджетке қайтарып берген жоқ. Өйткені, бұған дейінгі қолданыстағы заңда ондай тетік қарастырылмаған екен. 2019 жылы «Дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Енді спортшы допингпен ұсталып, нәтижесі жойылса, Үкімет спортшыға берілген ақшалай сыйақыны қайтарып алады, оған және бапкеріне тағайындалған өмір бойғы материалдық төлем тоқтатылады, жарыстардан шеттетіледі, ұлттық құрамадан шығарылады және атақтарынан айырылады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here