Абай университеті Ұлыстың Ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтті

0
606

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қалыптасқан игі дәстүр бойынша ұлы мереке – «Әз-наурыз Абай ауылында» Наурыз мейрамы аталып өтті. Іс-шараға ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері, «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Гүлмира Исимбаева, Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, De Montfort университетінің ректоры Джеймс Паундер, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин, Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Әлібек Шоқпаров, біздің жоғары оқу орнымыздың белгілі түлектері: М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матжанов, белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділова, қазақ эстрадасының жұлдызы Гүлмира Ақүрпекова және басқа да құрметті қонақтар, сондай-ақ университеттің қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Көптен күткен шараны Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы – ректор Дархан Біләлов ашты. Іс-шараның ашылу салтанатында ректор Наурыз – халықтың ынтымағы мен бірлігін, жаңару мен жасампаздықты бейнелейтін мереке екенін атап өтіп, жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтады. Мереке қарсаңындағы Абай университетінің жаңа жетістігі – QS Stars Rating System беделді халықаралық рейтингіндегі QS Stars «4 жұлдыз» марапатын ерекше атап өтті.

Гүлмира Исимбаева құттықтау сөз сөйлеп, Абай университеті ұжымын Директорлар кеңесі атынан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Наурыз – жақсылық пен жаңару, бейбітшілік, бірлік пен береке мерекесі. Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа жақсылық әкеліп, береке-бірлік, қуаныш пен шаттыққа толы болсын. Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Әрқашан еліміз аман, халқымыздың бірлігі нығая берсін. Наурыз – халқымыздың жаңа жылы. Жаңа жылда жаңа Қазақстанымыз гүлдене берсін. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосатынына сенімдімін», – деді Директорлар кеңесінің төрағасы.

Сондай-ақ, Гүлмира Исимбаева ҚазҰПУ ұжымын QS Stars халықаралық рейтингінде «төрт жұлдыз» марапатын алуымен құттықтап, жаңа табыстар тіледі.

Шетелдік қонақ, De Montfort университетінің ректоры Джеймс Паундер Қазақстан әлемдегі рухани мәдениеті ең дамыған ел екенін атап өтіп, біздің еліміз туралы алған әсерлерімен бөлісті. DMU Kazakhstan басшысы университет ұжымын Абай университетінің QS Stars халықаралық рейтингіндегі жаңа жетістігімен құттықтап, береке мен бірлік тіледі. Ол Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлауға алғаш рет қатысып, еліміздің салт-дәстүрімен толығырақ танысқанына ризашылығын білдірді.

Мерекелік іс-шарада концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қазақ эстрадасының жұлдыздары мен театр ұжымдары өнер көрсетті. Алаңда киіз үйлер тігіліп, Наурыз дастарханы жайылып, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.  Мереке барлығына ұмытылмас әсер қалдырды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here