«Доллармен отарлау»: АҚШ жер көлемін жеті есеге қалай ұлғайтты?

0
5118

Джордж Вашингтон бастаған белсенділер бастапқыда азаттық үшін Ұлыбританиямен соғысты. Қазіргі АҚШ-тың негізін қалағандар соғысып жүріп-ақ 1776 жылы елдің тәуелсіздігін жариялады. Дегенмен, британдықтар ұзақ уақыт «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған» жерлерінен көз жазып қалғысы келмеді. Содан 8,5 жылға созылған сұрапыл соғыста ақыры британдықтар жеңіліс тапты. Сөйтіп, 1783 жылы жеңіс туын америкалықтар тіккеннен кейін әлемдік қауымдастық АҚШ-тың тәуелсіздігін мойындады. 1791 жылы британдықтардан бөлініп шыққан 13 штатқа алғашқылардың бірі болып Вермонт қосылды. Осылайша, штаттар шеруі 1959 жылға дейін жалғасты.

Қазіргі АҚШ – жер көлемі бойынша әлемде Ресей, Канада және Қытайдан кейінгі төртінші ел. Еуропалық Одаққа енетін 27 елдің жер көлемі америкалықтар жерінің жартысын ғана құрайды. Бүгінде 328 млн халқы бар ел 50 штаттан құралады. Ал, 1776 жылы Ұлыбританиядан тәуелсіздігін жариялағанда бұл елде 13 штат қана болғанын жоғарыда жаздық (қазір бұл аумақта 18 штат орналасқан). Сөйтіп, азаттық алған жылы АҚШ-тың жер көлемі шамамен 1,3 млн шаршы шақырымды құрады. Демек, қазіргі жерінен 7 есе аз болды. 1959 жылы Гавай АҚШ-тың соңғы, яғни елуінші штаты атанды. Сонда АҚШ екі ғасырда жер көлемін қалайша жеті есеге арттыра алды?!

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін АҚШ өзінің шекарасын қалай кеңейткеніне тоқталады.

 АМЕРИКАЛЫҚТАР ҚАЗІРГІ ЖЕРІНІҢ ТӨРТТЕН БІРІН ФРАНЦУЗДАРДАН САТЫП АЛДЫ

Ақ үй басшысы – 1801-1809 жылдардағы президент Томас Джефферсон Франция иелігіндегі біршама жерлерді мемлекет аумағына қосуды ойлады. Дегенмен, АҚШ конституциясында шетелден жаңа аумақ сатып алу бабы қарастырылмағандықтан, президенттің қобалжығаны рас. Десе де, ол тәуекелге бел буды. Себебі, Франция мен Испания Жаңа Орлеан порты арқылы АҚШ-қа шетелмен сауда жасауға кедергі жасады. Экономикаға зардабын тигізетін мәселені шешудің бірден-бір жолы – Жаңа Орлеан портын сатып алу еді. Сөйтіп, 1802 жылы АҚШ-тың 3-ші президенті Луизиананың кейбір бөліктерін және Жаңа Орлеан жерлерін сатып алу үшін келіссөз жүргізуді заңгерлер Джеймс Монро мен Роберт Ливингстонға тапсырды. Ол уақытта Францияның императоры – атағынан ат үркетін даңқты стратег Наполеон Бонапарт болатын.

Наполеон Бонапарт шешім қабылдамас бұрын жағдайды барынша саралады. АҚШ елшілері қолқа салып отырған жер мұхит жағалауындағы аймақтарды басып алу үшін таптырмас стратегиялық маңызы бар нүкте. Дәл сол уақытта Луизианаға әскери форттар салып, дамытуға мүмкіндік болмады. Себебі, Франция ұзақ уақытқа созылған соғыстардан қалжырай бастаған еді. Және сол тұста Англиядан Францияға соғыс қаупі туды. Англиямен соғыс жүргізу үшін әскерді қамтамасыз етуге мол қаржы керек. Оның үстіне Ұлыбританияда Луизиананы басып алуға мүмкіндігі болды. Француз императоры Луизианадан масқара жағдайда айырылғаннан гөрі оны сатып, қаржыны Англиямен соғысуға жұмсауды тиімді деп шешті. Жаңа Орлеан портын 10 млн долларға сатып алуға келген елшілерге Наполеон Луизиананы тұтастай 15 млн долларға сатып алуды ұсынды.
Америка елшілеріне Наполеонның ұсынысы қуаныш сыйлады. Өйткені, олар келіссөз нәтижесінде 2,1 млн шаршы шақырым жерге қол жеткізді. Бұл дегеніңіз АҚШ-тың жалпы жер көлемінің 23%-ын құрайды. Ал, қазіргі күнде бұл аумаққа 15 штат сыяды. Сонымен, француз императоры жердің әр гектарын 7 центке сатты.

Сауда жөніндегі келісімге 1803 жылы 30 сәуірде Парижде Роберт Ливингстон, Джеймс Монро және Барбе-Марбуаның қатысуымен қол қойылды. Президент Томас Джефферсон Америка азаматтарына келісімшартқа қол қойылғандығы туралы 1803 жылы 4 шілдеде жариялады. Құрама штаттар сенаты 20 қазанда келісімді заңдық күшіне енгізді. Францияның мемлекеттік мекемелері 1803 жылы желтоқсанның қарсаңында Луизианадан кетті. 1804 жылы 10 наурызда Сент-Луис қаласында Луизиананың Франция иелігінен АҚШ иелігіне өтуінің құрметіне ресми түрде салтанатты жиын өтті. Осылайша, Луизиананы сатып алу – президент Томас Джефферсонның саясаттағы ең үлкен жетістігі болды.

ИСПАНИЯ ФЛОРИДА ҮШІН БІР ТИЫН ДА АЛМАДЫ

1819 жылы 22 ақпанда Вашингтон қаласында АҚШ пен Испания арасында Солтүстік Американың шекарасын шегендеуге қатысты келісімшартқа қол қойылды. Келісімшартқа қол қоюшылар: АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Адамс, Испанияның сыртқы істер министрі Луис де Онис және Гонсалес-Вара.

Испания Флорида үшін АҚШ билігінен соқыр тиын да алмады. Мұның өзіндік себебі де бар. Испанияның Флориданы толыққанды игеруге мүмкіндігі болмады. Колония халқы жиі бас көтерді, жергілікті үндістердің семинол тайпасы да шекара аумағында қарақшылық-бұзақылық әрекеттерін тоқтатпады. Семинол тайпасы АҚШ-тың шекаралық аумақтарына да маза бермеді. Оған жауап ретінде кейіннен АҚШ-тың 7-ші президенті болып сайланған Эндрю Джексон 1818 жылы семинолдарға қарсы соғыс ашты. Табан тіресіп соғыса алмаған семинолдар кейін шегініп, Флоридаға бекініп алды. Содан Эндрю Джексон «семинолдарға Испан үкіметінің қатысы бар» деп топшылап, Флориданы басып алды. АҚШ пен Испания арасы шиеленісіп кетті. Флориданы қайтару үшін Испания Ұлыбританиядан көмек сұрағанымен нәтижесіз болды. Тек осыдан кейін АҚШ Испанияның Флориданы игеруге күші жетпейтінін біліп, келісімшарт жасауды ұсынды. Испан үкіметіне АҚШ-пен келісімге келуге тура келді. АҚШ Флорида азаматтарының Испания үкіметінен талап еткен қарызын өтеуге келісімін берді. Бұл жағдайды реттеу үшін Вашингтонда арнайы комиссия құрылды. Комиссияға 1821-1824 жылдар аралығында 720 оқиғаға қатысты 1 859 наразы адам тіркелді, АҚШ билігінен оларға 5 454 545 доллар өтемақы төленді.

Қазіргі Флориданың жер аумағы 170 мың шаршы шақырымды құрайды, яғни Уругвайдың жерімен бірдей.

МОҢҒОЛИЯНЫҢ ЖЕР КӨЛЕМІНЕ ЖЕТЕҚАБЫЛ АУМАҚ МӘЖБҮРЛЕУ АРҚЫЛЫ САТЫП АЛЫНДЫ

1848 жылы Техастың АҚШ иелігіне өтуіне байланысты Америка мен Мексика арасындағы соғыс аяқталды. Нәтижесінде жеңілген Мексика жеңімпаз жақтың талап-шарттарына еріксіз түрде көнуге мәжбүр болды. Америкалықтар Мексика жерлерінің көпшілігін басып алды. Әңгіме Жаңа Мексика, Техас, Аризонаның бөліктері және Жоғарғы Калифорния жайында еді.

Бұл жерлердің жалпы көлемі 1,3 млн шаршы шақырым еді. Ол Мексиканың соғысқа дейінгі жерінің 40 пайызын құраған. Алайда, АҚШ басып алған жерлердің ерікті сипатқа ие болғанын қалады. Гуадалупе-Идальго келісімшарты 23 баптан және қосымша хаттамадан тұрды. Мұнда Мексика жерлерін 15 млн долларға сатқаны жазылды. Сонымен қатар, АҚШ мемлекеті өз азаматтарының Мексика үкіметіне қарсы қаржылық талаптарын орындауға келісті. Қаржы көлемі 3,25 млн долларды құрады.

Келісімге Мексиканың Гуадалупе-Идальго қаласында 1848 жылы 2 ақпанда қол қойылды. Келісімшартта АҚШ жеріне өткен аумақты қоныстанушы мексикалық азаматтардың құқықтары мен меншіктерінің қорғалуы қарастырылған еді. Алайда, АҚШ сенаты келісімді ратификациялаған кезде берілген аумақтағы мексикалықтардың құқығын қорғауға кепілдік берілген 9-бабы мен мексикалық және испандық үкімет тұсында берілген меншік жерлеріне қатысты 10-бабы алынып тасталды.

Жалпы, АҚШ-пен көршілес болу Мексиканың таусылмас мәселесіне айналды. Бай әрі қуатты көршісі дегеніне жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. 1853 жылы АҚШ Гил өзенінің оңтүстік жағалауы мен Рио-Гранденің батыс жағына иелік етуді ойластырды.

Бұл келіссөзді жүргізген Америка елшісі Джеймс Гадсденнің айтуынша, бұл жерлер трансмұхиттық теміржол құрылысы үшін маңызды еді. Мексика көшбасшысы Антонио Санта-Анна оған өз келісімін береді. Келісім 1854 жылдың жазында күшіне енді. Келісімнің бір пункті бойынша, Мексика аумағындағы Теуантепек мойнағына трансмұхиттық канал салу болатын. Бірақ, канал салынбады. «Гадсден сатылымы» АҚШ пен Мексика арасындағы шекараны біржолата нығайтты. Ал, Антонио Санта-Анна қателесті – Мексика халқы оның мемлекет жерін сатуын сатқындық деп бағалады, осылайша ол саясаткер ретінде беделінен айырылды.

АЛЯСКАНЫ ОРЫСТАР 7,2 МЛН ДОЛЛАРҒА САТТЫ

1867 жылы 30 наурызда Вашингтон қаласында Ресей империясы мен АҚШ арасында келісімшартқа қол қойылды. Ол келісімшарт бойынша Ресей империясына тиесілі Солтүстік Америкадағы 1,5 млн шаршы шақырым жерлер 7,2 млн долларға АҚШ-қа сатылды.
Бұл келісім бүгінгі күнге дейін ресейліктердің өкінішіне айналған жағдайлардың бірі болғанымен, бастама Ресей империясы тарапынан туындаған болатын. Себебі, Аляска қашықтықта орналасқандықтан оны басқару және дамыту қиынға соққан.

Алясканы сату жөніндегі алғашқы ұсыныс 1850 жылдың басында түскен. 15 жылдан кейін ол жүзеге аса бастады. Қырым соғысынан кейін Ресей қиын кезеңді басынан өткізіп жатқандықтан, Алясканы ары қарай игеру мүмкін емес еді. Сонымен қатар, аталмыш аумақты АҚШ-қа сату арқылы бұл елмен жақсы қарым-қатынастарды орнатуды көздеді. Өйткені, империяның Еуропадағы елшілік келіссөздері шиеленісе бастаған-ды. Дегенмен, бұл жағдайды құптамаған америкалықтар да болды. Себебі, Азамат соғысынан кейін Америка енді өз-өзіне келе бастағанда, «мұзды кесекті» сатып алудың ешқандай да мәні жоқ деп есептеді. Сөйтсе де, 1867 жылы 18 қазанда Аляска ресми түрде Америкаға тиесілі болды. Ал, скептиктердің күмәні Аляскадан алтын табылғаннан кейін сейіліп, АҚШ-тың асығы алшасынан түсті.

 ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

ХХ ғасырда АҚШ «арзан бағада» жаңа аумақтарды иеленуге қатысты айтулы әрекеттер жасамады. Ең соңғы тиімді мәміле – 1917 жылы Вирджин аралдарын сатып алу болды.

1493 жылы Христофор Колумб бұл аралдарды «ашқаннан» кейін, олар Англияға, Испанияға және Францияға тиесілі болы. 1666 жылы Сент-Томас аралдарын Дания жаулап алды, ал кейіннен Сент-Джон аралын да қосып алды. XVIII ғасырдың ортасында олар Франциядан Санта-Крус аралын да сатып алды да, онда 200-ден астам қант құрағы плантациясын отырғызды. Сент-Томаста құлдарды және ром сату орталығы пайда болды, ал оның порты қарақшылардың базасына айналды.

АҚШ ұзақ уақыт Данияның аралдарына иелік етуді ойластырды, бірақ даниялықтар бұл ұсыныстан бас тартып жүрді. Келісімге Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде келу ғана мүмкін болды. 1916 жылы Данияда өткізілген референдумда ел азаматтарының 64,2%-ы аралдарды сатуға құптап дауыс берді. Сол уақытта арал тұрғындарының бәрі АҚШ-қа қосылуға қолдау білдірді. Қорытындысында, 1917 жылдың қаңтарында Даттық Вест-Индия аралдарын АҚШ-қа 25 млн долларға сату жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл ақша Данияның жарты жылдық бюджетін құрайтын еді. 1917 жылы 31 наурызда барлық құжаттар қалыпқа келтіріліп, Вирджин аралдары толықтай АҚШ-қа өтті.

Осылайша, бүгінде жер көлемі жөнінен әлемде төртінші орын алатын АҚШ ұлан ғайыр аумағына қуатты экономикасымен, ұтымды саясатымен қол жеткізе білді. Сөйтіп, экономиканың әл-ауқаты қарудан да күштірек екенін, білекке сенер заман емес, білімге сенер заман екенін көрсетті.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here