Макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған болжамы мақұлданды

0
308

Бүгін, 5 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған болжамы және 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеті нақтыланды. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Қаржы министрі Ерулан Жамаубаев баяндама жасады.

Отырыста қалыптасқан әлемдік саяси және экономикалық жағдайды ескере отырып, биылғы жылға арналған Макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған болжамы ұсынылды. Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сенсек, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, еліміздің ЖІӨ нақты өсімі 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Номиналды ЖІӨ 91,5 трлн теңге көлемінде күтілуде, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары. Болжам бойынша экспорт 72,2 млрд долларға дейін, импорт 40,2 млрд долларға дейін артады. Инфляция 8-10% дәлізінде анықталған. Республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындауға, сондай-ақ қазіргі жағдайда экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен жөн.

ҚР Қаржы министрлігінің деректері бойынша, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2022 жылы 10 162 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары. Республикалық бюджеттің шығыстарын түзетілген көлемге қатысты 2,7 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 18 795 млрд теңге көлемінде айқындау ұсынылады.

ҚР Премьер-Министрі республикалық бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан түсетін кепілдендірілген трансферт мөлшеріне түзету енгізілетінін атап өтті.

«Қосымша шығыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қаңтар айындағы, сондай-ақ Үкіметтің кеңейтілген отырысында және Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыруға жұмсалады. Сонымен бірге, осыған дейін қабылданған шұғыл міндеттемелерді орындауға бағытталады», – деді Әлихан Смайылов.

Қаражатты қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік мүлік пен қалалардың инфрақұрылымын қалпына келтіруге, қаржы-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықты, бизнес пен экономиканың нақты секторын қолдауға жұмсау жоспарланып отыр.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here