Студенттер арасындағы «Бұрымды қыз» қалалық байқауы өз мәресіне жетті

1
4548

Жұма, 1 сәуірде Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мәжіліс залында студент қыздардың арасында қалалық «Бұрымды қыз» байқауы өтті. Атауының өзі құлаққа жып-жылы естілетін бұл жарысқа қатысушы-үміткерлер көп болды. Іріктеудің алғашқы кезеңі «Қыздың сәні қос бұрым» деп аталып, онлайн түрде өтті. Бұл онлайн іріктеуден 53 ару байқауға қатысуға жолдама алған болатын.

Халық әніндегі «Керім-ау, айдай, керме баудай» деген сұлу тіркестің тууына тікелей себеп болған осынау бұрымдылар кеші қазақы болмыс-бітімімізді қайта жаңғыртқандай болды.

«Батырларды матап байлап тастауға, жетіп жатыр қара шаштың бір талы», – деп ақын Қадыр Мырзалиев жырлағандай, бұрымның қадір-қасиетін ұқтырған, ұғындырған айтулы кеш болғаны да жасырын емес.

«Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?..» деп данышпан хакім Абай өлеңмен кестелегендей, қазақтың қаракөз хас сұлуының бұрымын, киген киімін, тағынған әшекей бұйымын заманауи дәуірде қайта паш еткен байқау турасында аз-кем ақпарат беруді жөн көрдік.

Сонымен, арман қала Алматының жоғары оқу орындарында оқитын бұрымды қыздар байқауға қатысып, бақ сынады. Қыздар шаштарының ұзындығы, қалыңдығы, сәнді өрімдері, сондай-ақ «Мен қазақтың қызымын салтын сүйген» атты сұрақ-жауап аясындағы салт-дәстүрді меңгеруі бойынша сынға түсті.

Сахна төрінде қазақы нақышпен оюланған ұлттық киімдері мен зергерлік бұйымдарын тағып шыққан аруларымыз алдымен өздерін таныстырды. Және шаш өру үлгілерін көрсетуде, сөз мәйегін тамызып, мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерімізді орынды түрде, сөз орайына қарай қолдану тәсілі секілді байқау талаптарынан да сүрінбеді. Олардың өнерлерін «Бұрымды қыз» байқауының бас демеушісі, «Ақ-Ана» рухани-сауықтыру орталығының басшысы Зейникамал Байжанова бастаған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілі Әнуар Үмбетәлиев, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі, ардагер ұстаз Баян Ахметова, байқаудың тағы бір демеушісі «Jusan Garant» сақтандыру компаниясының бизнес тренері Гауһар Көпбасарова, «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Рая Ескендір болды.

Кешке тоқсанның төріне қадам басқан, шашы ұзын әжеміз Нұршауан Түстікбаева Талдықорғаннан арнайы келіп, қонақ болды. Әжей қыздарға бұрым – тазалық құралы, бұрым – денсаулық кепілі екендігін, ең бастысы жан сұлулығы мен тән сұлулығын қатар игеруге бұрымның тигізер пайдасы молдығын, сонда ғана ибалы, инабатты қыздарымыз көп болатынын ерекше ескертіп, болашақ аналарға батасын берді.  

Нұршауан әжейдің сөзін осындай рухани шаралардың басы-қасынан табылатын қазақтың аяулы қызының бірі Зейникамал Қаржынбайқызы жалғады: «Әжем шаштарыңды қимаңдар деп орынды айтып өтті. Мен де сол әдеміліктің, әдептіліктің белгісі болған бұрымдарыңды қимаңдар дегім келеді. Дәстүріміздің дүниетанымында өрілген ұзын бұрым сұлулықтың сәні саналған. Бұрым біріншіден, сұлулық үшін болса, екіншіден,  ол – тәрбие құралы. Оған шашбау тағып, айырықша күтімге алған. «Халқын сүйген – халқының салтын сүйеді» демекші, өрімдей қыздарыма бұрымдарыңды күтіңдер, бұрыннан ұстанып келе жатқан дәстүріміздің ізін жалғастырушы өздеріңсіңдер».

Сонымен қатар, бас демеуші Зейникамал Байжанова Нұршауан Түстікбаеваға қажылыққа жолдама сыйлады.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде (жүз елу мың теңге)  шашы 117 сантиметр ұзындықтағы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Диляра Еслямбектің қанжығасына бұйырды.

Екі бірінші орын (жетпіс бес мың теңгеден) бұрымы 114 см болатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Лаура Сандыбаева мен 113 см ұзындықтағы қолаң шашты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Малика Молдажановаға табысталды.  

Екінші орын (әрқайсысына елу мың теңгеден) бұрымды бес аруға берілді. Олар: Satbayev University студенті Назерке Кеңес (шаш ұзындығы – 103 см), Алматы байланыс колледжінің студенті Алина Жансеркеева (102), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Ләйлә Заирова (100 см), Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Жасмин Жәнібекқызы (100 см) және NARXOZ University студенті Әсел Құрманғазы (97 см).

Үшінші орынға (әрқайсысы он мың теңгеден) бұрымды 10 қыз лайық деп танылды. Олар: Еңлік Нұрмағамбетова (Caspian University), Айдана Бердіхан (С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ), Әлия Пазыл (ОҚМПУ), Аида Елтай (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), Көркем Шабазова (ҚБТУ), Балжан Кеңес (ҚазҰАЗУ), Мадина Советова (ҚазҰАЗУ), Әсел Көмекбаева (Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті), Нұрайым Молдахметова (NARXOZ University), Құралай Құлжанова  (С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ).

Қаржылай жүлде қорынан бөлек бұрымдыларымызға «Jusan Garant» сақтандыру компаниясы заттай сыйлықтарын табыстап, түрлі номинация бойынша марапаттаса, «Qazaq» республикалық газетінің Алғыс хаты да табысталды. Қысқасы, бұрымды қыздардың қолы құр қайтқан ешқайсысы болмады.

Кеш соңында осы байқаудың ұйымдастырушысы және оның өтуіне тікелей мұрындық боп, күні-түні шапқылап, атсалысқан Рабиға (Раиса) Үмбетбаеваға әділқазы мүшелері де, бұрымды арулар да ризашылықтарын айтты.

Қытай халқы «Сүмбіл шаш – сұлудың екінші жамалы» десе, халқымыз «Аттың көркi – жалы, арудың көркi – шашы» деп текке бағаламаған бұрымның қадірін білетін қазақ қыздары барына мың да бір шүкір дедік. Ендеше, бұрымды қыздарымыз көбейе берсін!

«Qazaq»-ақпарат

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here