Әскери техниканың ел ішіндегі қозғалысы оқу-жаттығу шеңберінде өтеді

0
368

Қазақстанда «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жалғасуда. Аталған шара биылғы сәуір айында өтеді.

Оқу-жаттығу Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру, күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде өткізіледі.

Оқу-жаттығу барысында күштер мен құралдардың ел ішінде қозғалысы орын алады. Бөлімшелер оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау үшін полигондарға марш жасап, содан кейін тұрақты орналасу пункттеріне оралады.

Жаттығу Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан секілді жеті облыстың, сондай-ақ республикалық маңызы бар Алматы және Шымкент қалаларының аумағында өтеді.

Алматы авиациялық базасындағы әскери авиацияның ұшқыштары Ми-17 көліктік-жауынгерлік тікұшақтарында және Ми-35М жауынгерлік тікұшақтарында Арнайы операциялар күштерінің тактикалық десантын оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтайтын аудандарға жеткізу мен алып жүруді орындайды.

Жоспар бойынша әскери-көлік авиациясының экипаждары С-295 ұшақтарымен Қарулы күштердің бөлімшелерін Маңғыстау облысына жеткізуді жүзеге асырады. Олар «Ақтау-Жаңаөзен» автомобиль жолының әуеайлағына қонатын болады. Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтайды. Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін бөлімшелер ұшақтармен тұрақты орналасу пункттеріне қайтарылады.

Биыл 6-7 сәуірде түнгі уақытта лектердің қозғалысы келесі кестеде жүзеге асырылғанын атап өту қажет:

– «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында – Тараз қаласындағы әскери бөлімнен техника «Мәтібұлақ» полигонына жіберілді;

– «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында – Семей қаласының әскери бөлімінен Аягөз қаласының әскери бөліміне, одан әрі – «Майлин» полигонына жөнелтілді;

– Алматы және Талдықорған гарнизондары әскери бөлімдерінің жеке құрамы әскери авиация тікұшақтарының бүркемелеуімен «Іле» полигонына, Қапшағай гарнизонының әскери бөлімдерінің жеке құрамы «Шошқалы» полигонына жіберілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here