Асқар ШӘКІРОВ: «Заң мақсаты – қоғамды ғаламтор дертінен сақтандыру»

0
5519
Сенат Төрағасының орынбасары Асқар ШӘКІРОВ

– Соңғы кездерде БАҚ пен әлеуметтік желіде балаларды кибербуллингтен қорғауға бағытталған заң жобасының бірқатар нормалары талқыланып жатыр. Сіздің ойыңызша, бұл түзетулер қайдан пайда болды?

– Мемлекет басшысының 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық шаралар қабылдайтын уақыт келгені туралы айтылған болатын.

Бұл бастаманың негізі, ең алдымен БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясының (17-бап) нормаларын сақтау болып табылады. Онда баланың әл-ауқатына зиян келтіретін ақпарат пен материалдардан баланы заң жүзінде қорғау мемлекеттерден талап етіледі.

Одан басқа, БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитеті 2007 жылдан бастап өзінің Қорытынды ескертулерінде Қазақстанға «балалардың психикалық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуына теріс әсер етуі мүмкін материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарына таратуға және жариялауға мүмкіндік бермейтін нормативтік актілерді қабылдауды жеделдетуді» ұсынған болатын.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының зерттеуіне сәйкес, 11 мен 15 жас аралығындағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім буллингтің құрбаны немесе оған қатысушы болған, олардың 12%-дан астамы кибербуллингтің құрбандары болып табылады. 

Қазақстан балалар суицидінің саны бойынша әлемдегі алғашқы он елдің қатарына кіреді, оларға зорлық-зомбылықты, қатыгездікті және әлеуметтен оқшаулықты мақсатты түрде насихаттайтын әрі бақыланбайтын интернет-контент белгілі дәрежеде ықпал етеді.

Балаларды кибербуллингтен қорғау – бұл Президенттің құқық қорғау саласындағы реформасының іс жүзіне асуы және бұрын қабылданған заңдарға қосымша болып табылады. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне балалардың құқықтарын іске асыру бойынша тікелей жүгіну болып табылады.

Бала құқықтарын қорғаудың құқықтық негізін жетілдіруге бағытталғандықтан талқыланған заң жобасында жазылған мәтін мазмұны өзекті және уақтылы болып табылады.

– Осы Заң жобасы бойынша Сенаттың көзқарасын қалай пайымдар едіңіз?

 

– Өздеріңіз білетіндей, Сенатта заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар түзетулер енгізді, құжат осыған байланысты Мәжіліске қайтарылды.

Біз ең алдымен, қолданыстағы заңнамаға қандай да бір өзгерістер енгізу қажеттігі тұрғысында талдау жасадық.

Атап айтқанда, сенаторлар заң жобасынан тыйым салынған ақпаратқа қол жеткізуді шектеу, осындай ақпаратты орналастыратын интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұру және қайта бастау тәртібін айқындау жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне қатысты нормаларды алып тастауды ұсынды, өйткені бұл құзырет «Байланыс туралы» ҚР Заңының 41-1-бабымен реттелген болатын.

Сондай-ақ, тиісті шешімдер қабылдау кезінде объективтілік пен негізділік мақсатында балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша арыз-шағымдарды арнайы сараптамалық топ аясында қарау ұсынылды.

Сонымен қатар, уәкілетті органның балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпарат бойынша ұйғарымын алғаннан кейін шетелдік онлайн-платформаның заңды өкіліне 24 сағат ішінде жою жөніндегі шара алу міндетін орындауға қатысты түзету енгізілді.

Заң жобасын Мәжілісте талқылау барысында оның бірқатар нормалары қайта қаралғанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің филиалдарын немесе өкілдіктерін ашу жөніндегі норма жоғарыда аталған заңды өкілді тағайындауға өзгертілді, осыған байланысты Қазақстанда шетелдік онлайн-платформалар филиалдарын міндетті тіркеу алынып тасталды.

Мұндай өкілдердің болуы оларға қажетті алдын алу шараларын қабылдау және одан әрі қызметін жалғастыру мақсатында уәкілетті органмен неғұрлым жедел өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта заң жобасының барлық ережелерін түсіндіре отырып, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің иелерімен келіссөздер басталды.

Бұл осы заңның қабылдануына байланысты қоғамда талқыланып жатқан ең даулы мәселелерге қатысты болып отыр.

– Балаларды кибербуллингтен қорғау үшін заң жобасында қандай тетіктер көзделген? 

– Қолданыстағы заңнама буллинг немесе кибербуллинг түрінде жасалған әрекеттер үшін жеке немесе жеке жария түрде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейді. Іс қозғау үшін жәбірленуші тараптың құқық қорғау органдарына шағымы қажет.

Қазіргі уақытта азаматтардың көпшілігінде, ең алдымен әлеуметтік желілерде кибербуллингке ұшыраған балаларда оларға шағым немесе талап ету үшін қудалаушыларды дербес анықтауға жеткілікті мүмкіндік жоқ.

Қабылданатын заң жобасы балаға қатысты кибербуллинг фактілері анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына ғана емес, сондай-ақ уәкілетті органға (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне) тиісті арызбен жүгінуге мүмкіндік береді.

Сарапшылар тобы сенаторлар енгізген түзетулерді ескере отырып, ол шағымды үш жұмыс күні ішінде қарайды. Кибербуллинг фактілері расталған жағдайда, жоғарыда айтылғандай, уәкілетті орган балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты 24 сағат ішінде алып тастау бойынша заң бұзушыға шара қабылдауды өкім етеді.

– Халықаралық практика тұрғысынан Сіз енгізілетін заңнамалық нормалардың заңдылығына қатысты мәселеге толығырақ тоқталасаңыз екен?

– Балаларға қатысты кибербуллингке қарсы шаралар қабылдаудың заңдылығы халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларына негізделген.

Мәселен, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабының 3-тармағына сәйкес, өз пікірін еркін білдіру құқығын пайдалану «ерекше міндеттер мен ерекше жауапкершілік жүктейді. Сондықтан ол кейбір шектеулермен байланысты болуы мүмкін, алайда олар заңмен белгіленуі керек және қажет болуы керек:

  1. a) басқа адамдардың құқықтары мен абырой-беделін құрметтеу болып табылады;
  2. b) мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығын немесе адамгершілікті қорғауы тиіс».

Осы мәселе бойынша, жоғарыда айтылғандай, халықаралық тәжірибеге жан-жақты талдау жүргізілді.

Бұл тәжірибе тұтастай алғанда кибербуллингке қарсы күресте жасына, жынысына немесе басқа да айырмашылықтары бойынша бөлуді көздемейді.

Талқыланып жатқан қазақстандық заң жобасының мәтіні аясында көптеген елдерде, оның ішінде Германияда, Францияда, Түркияда шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің филиалдары жұмыс істейтінін немесе уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасау үшін олардың өкілдері тағайындалғанын атап өткен жөн.

Мысалы, Германияда, 2017 жылы қабылданған заңға сәйкес, әлеуметтік медиа платформалары келіп түскен шағымдарды қарауы және заңсыз мазмұнды тексеруі қажет. Заңды бұзу анықталған жағдайда, олар заң нормаларына қайшы деп танылған ақпаратты 24 сағат ішінде жою немесе бұғаттау бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Осы талаптарды бұзғаны үшін 50 млн. еуроға дейін айыппұл қарастырылған.

Бұл сөз бостандығы мен қоғамның, оның ішінде балалар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі арасындағы тепе-теңдіктің берік негізі.

Бұл осы қағидаттарды мүлтіксіз орындаудан, тәжірибе көрсетіп отырғандай, ешкім сырт қалмауы тиіс. АҚШ экс-президентінің әлеуметтік желілерден, соның ішінде фейсбуктен сырт қалуы, оның түсіндіруінен кейін жақтастарының Капитолийге басып кіру туралы оқиға – жоғарыда айтылғандарға айқын мысал бола алады.

– Қоғамда заң жобасында ұсынылған түзетулер әлеуметтік желілердің, мессенджерлердің еркін қызметіне кедергі келтіруі және сөз бостандығын шектеуі мүмкін деген пікір айтылып жүр. Бұл туралы Сіз қандай пікір айтар едіңіз?

– Ұсынылып отырған заң жобасы бірінші кезекте балаларға қатысты кибербуллинг фактілеріне жедел әрекет етуге, шетелдік онлайн-платформаның және (немесе) жедел хабар алмасу сервисінің заңды өкілі мен бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған.

Желілердің және (немесе) байланыс құралдарының жұмысын тоқтата тұрудың тәртібі мен негіздері қолданыстағы заңнамада бекітілгенін және бұл тетік заң жобасымен кеңейтілмейтінін есте ұстаған жөн.

Балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша қабылданып жатқан заңнамалық шаралар киберкеңістікте нық орныққан қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге толық сай келеді. Қазіргі кибербуллерлер озық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды өз мақсаттары үшін пайдаланады.

Осы тұрғыда, кибербуллерлердің бот ферма деп аталатын құралды қолданатыны туралы да айту орынды, олар қатаң белгіленген бағытта қоғамдық пікір қалыптастырады, сонымен қатар көптеген дамыған елдерде айыпталатын «жою мәдениеті» сияқты агрессивті арандатушылық технологияларды кеңінен қолданады.

Қазақстанда, ең алдымен интернет-кеңістікте сөз бостандығының шексіз екендігіне ешкім дау айта алмайды.

Сонымен бірге, мемлекет жалпыға бірдей қабылданған халықаралық-құқықтық нормалар негізінде, оның ішінде жоғарыда айтылған салаларда да өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқығын өзіне қалдырады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа мемлекет құрудың нақты көрсеткіштерін белгіледі. Оларды қазақстандықтардың көпшілігі түсінеді және қабылдап отыр. Бұл жоспарларды жүзеге асыру және біздің тарихымыздағы қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу – біздің ортақ міндетіміз.

Өз тілшіміз

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here