Дана халқымыздың біртуар ер-азаматтарымен қатар, қазақ қыздарының арасында да дараланып шыққан көрнекті қайраткерлеріміз баршылық. Осындай зиялы жандардың бірегейі деп мақтанышпен айтар болсақ, ол – еліміздің ғылымы мен жоғары білімі саласында 60 жылдан астам уақыт талмай қызмет етіп келе жатқан академик Әлия Бейсенова. Оның атқарған ерен еңбегін – ғылым жолы мен ұстаздық жұмысына деген шынайы берілгендік пен кіршіксіз адалдықтың белгісі деуге болады.
Әлия Сәрсенқызының бүкіл саналы өмірі, Қазақстан жоғары білімінің қара шаңырағы болып табылатын – «қарт ҚазПИ-мен» тікелей байланысты. Ғалым-ұстаз апайымыз осынау жылдар аясында: аспиранттан – ғылым докторы, профессор, академик, ал ассистенттен – лаборатория және кафедра меңгерушілігі мен орталық директоры және факультет декандығы қызметтері лауазымдарын үнемі ізденіс үстінде атқарды, ал оқу орнымыздан тыс қалалық және үкіметтік деңгейде қоғамдық негізде атқарған қомақты жұмыстарының өзі бір төбе.
Табиғатты аялаған апайымыздың негізгі ғылыми зерттеулері де жаратылыс тылсымын қоғам дамуы заңдылықтарымен бірлестікте зерделеуге қатысты аса ауқымды мәселелер. Ол кеңес заманынан бастап күні бүгінге дейін еліміздің экологиялық проблемаларымен тынбай айналысуда және мұны шешу мәселесіне қажетті оның нақтылы тұғырының бірі саналатын – елімізде тұңғыш рет «Экология» мен «Туризм» мамандықтарын ашып, осы зәру бағыттағы жоғары білімді алғашқы маман-кадрларды даярлауға тікелей мұрындық болып әрі мұны сонау 1980-90 жылдар тоғысында өзі түлегі болып табылатын қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-да жүзеге асырған іскер тұлға. Еліміздің оқу-ағарту саласына білікті мұғалімдер дайындауға да белсене атсалысқан әдіскер-ғалым, сонымен қатар Әлия Сәрсенқызы аталмыш оқу ордасының «География және экология» ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі ретінде көп жылдар бойы төл тілімізде әзірленген жоғары және орта мектептерге арналған оқулықтар мен оқу құралдарының, карталар мен мектеп атластарының және басқа да оқу-әдістемелік туындылардың авторы болып табылады.
Еліміздегі экологиялық білім мен тәрбиенің негізін қалаушы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Әлия Бейсенова – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және бірнеше атаулы («Шоқан Уәлиханов», «Ахмет Байтұрсынов», «Қаныш Сәтбаев», т.б.) сыйлықтардың, ІІ-ші дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері мен көптеген үкіметтік марапаттардың иегері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының және бірнеше салалық академиялардың академигі. Құндылықтарға толы Әлия Бейсенованың іргелі ғылыми және ғылыми-әдістемелік зерттеулерінен тұратын жалпы саны 550-ден астам еңбектері – өз кезегінде ұстаздар қауымдастығы, оның ішінде еліміздің ертеңі болып табылатын білімді де білікті жастар үшін маңызы зор қомақты дүние әрі асыл мұра болып саналады. Осы орайда біздер, жан-жақты жарасымды жан-апайымыздың әріптестері мен шәкірттері – отандық экология және география ғылымдарының көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосушы аяулы ардагердің өнегелі өмір жолы мен тағылымы мол ғибратты ғұмырын әрқашанда үлгі тұтып мақтан етеміз. Халқымыз бен қоғамымыздың құрметіне бөленген белгілі ғалым және көрнекті қайраткер аса қадірлі Әлия Сәрсенқызын өмірінің өте маңызды бір белесі – торқалы тоқсан жастың төріне шығуымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр, бар жақсылықтар мен мол қуаныш және амандық тілейміз!
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
«Жаратылыстану-география» институтының ұжымы атынан:
Каймулдинова К.Д., Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
«Жаратылыстану және география» институтының директоры, профессор, г.ғ.д.;
Увалиев Т.О., «Жаратылыстану және география» институтының
Ардагерлер кеңесінің төрағасы, доцент, п.ғ.к.