Білгір тұлғаның білімді қосағы еді…

0
3039

Қазақтың небір іргелі шаңырақ иелерімен, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбділдә Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Сырбай Мәуленов, Ғабиден Мұстафин, Ісмет Кеңесбаев, Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазиндей ғұлама ғалым, өнер, әдебиет қайраткерлерімен жақын араласқанда, қонақ күтіп сыйлаудың, әңгіме, сұхбат құрудың үлгісін де осы ағаларымыз бен жұбайларынан үйреніп, еліктегеніміз рас. Бәрінің де орны үңірейіп-ақ тұр бұ күнде, сағынышпен еске алудан басқа амал жоқ. Солардың арасында ақыл-ойы небір қилы кезеңдерде шыңдалған Манаш ағамыз бен Сара апамыз ерекше еді.

Екеуінің де қамқорлығына бөлендік, алғаш танысқаннан жанашырлық танытып, ғылымға бейімдеді, жол көрсетті, нақтылы іс-әрекетке баулыды. Біздің туысқанымыз, әке, көкеміз, ағамыз болған жоқ Алматыда, солардың орнына сүйеніш болған осы кісілер. Жиын, тойларда кездесіп қалып, бірде Манаш аға Кенжекеңді (Кенжеғали Сағадиев) бауырына тартып, үйіне шақырыпты. Алғаш барып танысқаннан туғанымыздай құшақтарын айқара ашты. Ақкөңіл, ақынжанды академик, ақжүрек адам еді ғой Манаш аға, мені қатты еркелетті, «Нағытай келінге» деп арнаған өлеңін тебіренбей оқи алмаймын, мақтауымды асырып, қадір-қасиетімді асқақтатқанын қалай ұмытайын.

Өзімізді осындай ұлы тұлғалармен табыстырған дастарханның киесі болса, сол киенің бағасын асыратын аяулы арулар ғой. Ерінің жолын ашатын да, жауып, бағын байлайтын да жары. Қазақтың берекесі дастархан болса, оның шырайын келтіретін әйел. Оның алақаны мен қас-қабағының шешпейтін түйткілі жоқ. Мұны нәзіктікпен ұғынған Сара апамыздың Манаш ағамыздың қол жеткен табысына зор ықпалы бар деп санаймын. Қарт енесін әлпештеп, жолдасының ағайын, жақындарын жадырап қарсы алды. Алақаны ашық, қонақ қабылдайтын столы үлкен, кең, дастарханы жайнап тұратын ұдайы. Тамақтың бұрын естіп көрмеген небір түрін жасап дайындауды, ас мәзірі, т.б. жәйттерді осы кісіден үйрендім, былайша айтқанда, мені тәрбиеледі. Балалық шағымды соғыс жалмаған, аялы алақанға зар боп өскен, көзім мұңға, көңілім шерге толып, әйтеуір үкіметтің арқасында тегін оқып, енді ғана қатарға қосылған мен үшін бұл керемет сәттілік еді. Қазан аяқтың басында қатар жүрдік, тау тұлғалы ағаларымызды бірге күттік, иіліп қызмет етіп, баталарын алдық. 

Тұла бойымда әйелге тән қандай да бір жақсы қасиеттер болса, соның басым бөлігі Манаш ағамның үйіндегі Сара жеңгемізден дарыған. Сара жеңгеміз сырттай нәзік көрінгенімен, небір үлкен істерді тындыра білетін. Мені өзінің қызындай аялап, келініндей тәрбиеледі. Үйлеріне қонақ шақырған сайын бізді соларға қосып отыратын. Қазір ойласам, жақсы-жайсаңмен бізді де таныссын, араласып, жолдары ашылсын деген адал ниет екен ғой. Қазақ әйеліне ортақ ізгі мінез, қылықты осы кісінің тірлік тынысынан көре жүріп жетілдік, қатарға қосылдық.

Сара апамыз үлкен әулеттің ырысы, пейілі кең, мейірімді болды. Азаматының қарым-қабілетін бағалап, алдында құрақ ұшуы да өнеге еді. Аурушаң болса да ақжарқын, алдынан адам арылмайтын Манаш ағаның бабын тауып, қас-қабағынан түсінді. Ешқашан ерімен ішкі, сыртқы мүмкіндігін теңестірген емес, басқаның көзінше бетінен алу, ескерту жасауды көргенсіздік деп санады. Балаларын тәрбиелеп, ағайын-туғанының көңілінен шықты, ешқайсының бетін қайтармады. Осындай жауапкершілікті көтере жүріп, қатарынан қалмай қызметін де абыроймен атқарды. Білімді математик еді, кооперация институтында сабақ беріп, жүздеген шәкірт тәрбиеледі.

Қазақ әйелінің абыройын сақтап, өзінің шама-шарқынша биіктетіп, саналы ұрпақ қалдырды соңына. Манаш ағамыздың ғылыми ізденістерінде, терең талдауларында, әлем мойындаған зерттеулерінде оның аяулы жары Сараның да көмегінің, қолдап қорғауының іздері сақталса керек. Ал, жарқын бейнесі біздің көз алдымызда. Егер тірі болғанда 90 жасқа толар еді Сара Пішенбайқызы. Бүкіл саналы өмірін ұлтымыздың мақтанышы, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Тұңғыш Президентінің мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Манаш Қабашұлы Қозыбаевқа арнаған Сара апамыздың ақылы мен парасаты маған ғана емес, басқаларға да үлгі болды.

Қарапайым ғұмыр кешкен осынау әзіз ананың бойынан кешегі Зере, Ұлжан, Айғаным сынды асыл әжелерімізге тән тектілікті, тағылымды өнегені байқап, солардың заңды жалғасындай көруші едім. Ерінің лайықты серігі, отбасының құты, берекесі, ел-жұртының қадірлісі болған Сара апамызды сағынышпен еске алып, ұрпағының амандығын тілеймін!

Нағытай ӘБІТАЙҚЫЗЫ

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here