«Тәбеті» зор, берері аз веложоба

0
4504
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландыратын «Astana Qazaqstan Team» командасы Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) рейтінгінде 21-орында тұр...

Осыдан 10 жыл бұрын сол тұстағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаржылай қолдауымен «Astanа» кәсіби спорт клубының негізі қаланды. Осы клубтың құрамына әу баста еліміздің атын әлемге әйгілеу мақсатында 2007 жылы құрылған «Astana Pro Team» (қазіргі атауы – «Astana Qazaqstan Team») велокомандасы өтті. Өкінішке қарай, допинг дауы мен жемқорлық кәсіби спорт клубын да, велокоманданы да айналып өтпеді. Соңғы дау клуб пен команда басшылығының істі болуымен тынды. Ал, «атың шықпаса, жер өрте» дейтіндер бұл даудан артықшылық та іздейтін болар. Алайда, Абай айтпақшы, жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат?! Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалатын командадағы қазіргі түйіткілдерге тоқталады.

Көктемде Қасым-Жомарт Тоқаев «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының бас менеджері, Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті, Олимпиада чемпионы Александр Винокуровты қабылдап, велокоманда Қазақстанның халықаралық аренадағы спорттық бренді екенін айтты…

ЖЕМҚОРЛАР ЖЕГЕН МИЛЛИОНДАР

Басынан бастайық. Бұл тақырып сөз болғанда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еске түседі. Ал, атауын өзгерткен велокомандадағы дау допингтен басталып, қаражатты жымқырумен жалғасты.

2020 жылдың соңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Astanа» кәсіби спорт клубының директоры Аманбек Күлшіков пен «Astana Pro Team» велокомандасының атқарушы директоры Ләззат Шәмшиеваға қатысты қос мекемедегі велоспортты дамытуға бөлінген қаржыны ұрлау, чех компаниясымен жалған келісімшартқа отыру арқылы 700 мың еуроны жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істі аяқтап, сотқа жіберген болатын. Алты айға созылған соттың соңғы нүктесі былтыр мамырда қойылды. Аманбек Күлшіков те, Ләззат Шәмшиева да 7 жылға сотталды.

Тергеу барысында тойымсыз басшылардың ақша жеудің түрлі тәсілін меңгеріп алғаны анықталды. Мысалы, демеушілер сыйға тартқан қымбат велосипедтерді заңсыз келісімшарт жасау арқылы «сатып алып» отырған. Соның бір мысалы 2018 жылы орын алған. Демеушілер әлемдік стандарттарға сай келетін 200-ден астам бренд велосипед тарту етеді. Бірақ, жаңа велосипедтерге қажеттілік болмаса да, сол жылы бір компаниямен келісімшарт жасасқан басшылық құны 219 мың еуроға бағаланған 6 велосипедке тапсырыс береді. Яғни, сол велосипедтерді қағаз бойынша сатып алады, бірақ іс жүзінде демеушілер берген велосипедтерді олардың орнына қояды.

Тағы бір мысал. Ләззат Шәмшиева велоспортты дамыту үшін бөлінген 109 млн теңгені мақсатсыз жұмсайды. Атап айтқанда, атқарушы директор сол қыруар қаржыға турагенттіктен ішкі және сыртқы рейстерге билет сатып алады. Ал, жолаушылар әдеттегідей велоспортқа мүлдем қатысы жоқ оның туыстары мен таныстары болып шығады.

Жоғарыда сөз болған клубты да, команданы да «Самұрық-Қазына» қаржыландырады. Ал, оған қаржының қайдан бөлінетінін біз жазбай-ақ білесіздер.

АТЫ ӨЗГЕРГЕН КОМАНДАНЫҢ ЗАТЫ ӨЗГЕРДІ МЕ?

Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіби спорт клубтарын мемлекет қаржысы есебінен қаржыландыруды тоқтату керектігін айтты. Содан Президент тапсырмасын орындамақ болған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры велокоманданы қаржыландыруды 50%-ға қысқартты. Ал, 2021 жылы канадалық «Premier Tech» компаниясы «Astana Pro Team» кәсіби велосипед клубының жаңа бірлескен иесі атанды. Осыған байланысты «Astana Pro Team» өз атауын «Astana-Premier Tech» деп өзгертті. Осылайша, командаға өзін-өзі қаржыландыруға шығу, Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) әлемдік турының жарыстарында өз өнерін жалғастыру міндеті қойылады.

Былтыр канадалықтар командаға қаржымен бірге өзінің басқару менеджментін де ала келді. Велокомандадан алдымен спорт директорлары Дмитрий Седун мен Александр Шефер кетті. Артынан Олимпиада чемпионы Александр Винокуров бас директор қызметінен алынды. Канадалық компанияның Олимпиада чемпионын басшылық қызметтен алуына Қазақстан велосипед спорты федерациясы қарсылық білдірді. Содан 1,5 айдан кейін канадалық компаниямен серіктестік мерзімінен бұрын тоқтатылды. Александр Винокуров қызметіне оралды. Велокоманданың барлық шығынын «Самұрық-Қазына» мойнына қайта алды.

Былтыр жыл соңында велокоманда өз тарихында үшінші рет атын ауыстырды. Содан биылғы маусымда ол «Astana Qazaqstan Team» атымен өнер көрсетті. Дегенмен, аты ауысқанымен, заты өзгермепті. 2007-2017 жылдардағы даңқы келмеске кеткендей әсер қалдырады. Өйткені, «Astana Qazaqstan Team» командасының велошабандоздары биылғы маусымда деңгейі төмен құрлықтық бәсекелерді есепке алмағанда, әлемдік жарыстарда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жете алған жоқ. Команданы қазақстандық Алексей Луценко мен колумбиялық Мигель Анхель Лопес екеуі ғана сүйреп жүргендей көрінеді. Мысалы, 30 жастағы Алексей Луценко салыстырмалы түрде төмен рейтингке (1.1) ие «Classic Jaén Paraíso Interior» (Испания) біркүндік жарысында мәре сызығын бірінші болып кесті. Қызылжар тумасы «Tour of Switzerland» (Швейцария) көпкүндік жарысының бір кезеңінде үшінші орын алды. Көпкүндік «Tour of the Alps» (Италия, Австрия) велобәйгесінің бір кезеңінде «Astana Qazaqstan Team» сапынан 28 жастағы Мигель Анхель Лопес жеңіс тұғырына көтерілсе, испан көпкүндігінде екі рет үздік үштікті қорытындылады.

«Giro d’Italia» (Италия), «Tour de France» (Франция) және «Vuelta a España» (Испания) көпкүндік жарыстары шоқтығы биік велобәйгелер саналады. Өкінішке қарай, осы жарыстарда «Astana Qazaqstan Team» велошабандоздары жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. «Giro d’Italia» көпкүндігінде Винченцо Нибали үздік үштікке енуге бір табан жақын болды. Біздің команданың атынан сынға түскен итальяндық Италия, Венгрия, Словения жолдарынан өтетін 3 450 шақырымдық велобәйгеде төртінші орынға табан тіреді. Бірақ, бұл жерде екі факторды атап өтпеске тағы болмайды. Біріншіден, жалпы есепте итальяндықтың алдында тұрған бір велошабандоздан коронавирус табылып, ол жарыс жолынан шығып қалды. Екіншіден, көпкүндіктің жеңімпазы Джей Хиндлиден (Аустралия) бақандай 9 минутқа қалып қойды.

Әрине, биыл қазақстандық велокомандаға қайта оралған 38 жастағы Винченцо Нибалиге Джей Хиндли, Ричард Карапас сияқты жастармен бәсекеге түсу оңай емес. Оның үстіне «Astana Pro Team» сапында 2013-2016 жылдары «Giro d’Italia» көпкүндігін екі рет, «Tour de France» көпкүндігін бір рет жеңіп алғанын, 2013 жылы «Vuelta a España» көпкүндігінде мәреге екінші болып келгенін атап өтпеске болмайды.

Енді негізі 1903 жылы қаланған биылғы «Tour de France» көпкүндігіне тоқталайық. Дүбірлі додада команда намысын қорғаған Қызылжар тумасы Алексей Луценко үздік ондыққа енді. Ол тоғызыншы орынға тұрақтады. Қарсыластарының бірі тыйым салынған препаратты қолданғаны үшін шеттетілгеннен кейін команда капитаны сегізінші орынға көтерілді. Дегенмен, Алексей Луценко көпкүндік жеңімпазы даниялық Йонас Вингегордан 23 минутқа қалып қойғанын ескерсек, оның алғашқы ондыққа енуінің маңыздылығын төмендетеді.

87 жылдық тарихы бар «Vuelta a España» көпкүндігінде биыл бельгиялық велошабандоз Ремко Эвенепул алдына ешкімді салмады. Жалпы есепте «Astana Qazaqstan Team» велошабандоздарының арасынан Мигель Анхель Лопестен басқасы үздік ондықтың ауылынан алыс болды. Көпкүндіктің бесінші кезеңінде Вадим Пронский – сегізінші, Самуэле Баттистелла 7-кезең мен 9-кезеңде – екінші, 16-кезеңде – алтыншы болып мәре сызығын қиды. Аталған көпкүндікте Мигель Анхель Лопестің жалпы есеп бойынша Ремко Эвенепулдың алдын орап кетуге мүмкіндігі болды. Өйткені, «Astana Qazaqstan Team» велошабандозы 10-кезеңде – тоғызыншы, 14-кезеңде – екінші, 15-кезеңде – үшінші, 18-кезең мен 19-кезеңде – тоғызыншы, 20-кезеңде – сегізінші болып мәре сызығын кесіп өтті. Өкінішке қарай, алғашқы кезеңдерде сәтсіз өнер көрсеткендіктен, қорытынды есепте Мигель Анхель Лопес басты қарсыластары Ремко Эвенепул, Энрик Мас және Хуан Аюсодан қалып қойды. Көпкүндікті төртінші орынмен қорытындылады.

Биылғы маусымның алдын ала қорытындысы бойынша «Astana Qazaqstan Team» командасы өз тарихында ең нашар өнер көрсетті деуге негіз бар. Неге десеңіз, биылғы маусымда 3,8 мыңдай ұпай жинаған біздің команда Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) рейтінгінде 21-орында тұр. Жоғары дивизионда барлығы 18 команда өнер көрсететінін ескерсек, бұл көрсеткішке көңіл толмайтыны айтпаса да түсінікті.

КОМАНДАНЫҢ ПАЙДАСЫНАН ШЫҒЫНЫ КӨП ПЕ?

«Astana Qazaqstan Team» командасының осы маусымдағы көрсеткішіне қарап, «тәбеті» зор, берері аз жоба санауға болады. Ашық дереккөздерде 15 жылдық тарихы бар команданың қазіргі бюджеті туралы мәлімет жоқ. Дегенмен, велошабандоздардың бір велосипеді Алматыдағы бір бөлмелі пәтердің құнымен бірдей екені жасырын емес. Олардың жол шығыны мен айлығына да қыруар қаржы кетеді. Яғни, команданың бюджетін білмесек те, оның шығыны шаш етектен екенін іш сезеді.

2016 жылға дейін команданың бюджеті 22 млн еуро көлемінде болғаны халыққа мәлім. Қазіргі курспен есептегенде, шамамен 10 млрд теңге. Ал, 2017 жылы команданың қаржылық қиындықтарға тап болғаны жалпақ жұртқа жария болды. Екі жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен ұстаудың орынсыз екенін айтты. Бұл да жығылғанға жұдырық болса керек. Себебі, былтыр «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры команданы қаржыландыруды 50%-ға қысқартатыны, «Premier Tech» компаниясы (Канада) команданың жаңа бірлескен иесі атанатыны хабарланды. Араларынан қандай мысық өткені белгісіз, көп ұзамай қазақстандық команда мен канадалық компания арасындағы серіктестік тоқтатылды. Былтыр «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «Astana Qazaqstan Team» велокомандасы құрамына кіретін «Astanа» кәсіби спорт клубына демеушілік көрсетуді жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Құдайшылығын айтсақ, мемлекет қаржысына құрылған команда әу баста өзіне жүктелген басты міндетті орындады, кеткен шығынды ақтады. Команда 2007 жылы құрылғанда Елорданың Алатау бөктерінен Сарыарқа төріне қоныс тепкеніне 10 жыл да болмаған еді. Демек, сол кезде «Astana Pro Team» атауын алған қазақстандық велокоманда Астананың атын осы спорт түрі дамыған Еуропаға насихаттау мақсатын көздеді. Бір қуаныштысы, команда бұл үдеден шыға алды. Жаңа Елорданы әлемге танытуға өзіндік үлес қосты. Айталық, 2007-2017 жылдары Елорда атауын алған команданың велошабандоздары «Giro d’Italia», «Tour de France», «Vuelta a España» сияқты шоқтығы биік велобәйгелерде 8 рет мәре сызығын бірінші болып кесті. Үздік үштіктен көрінгендер де аз болмады. Сол жылдары «Astana Pro Team» әлемдегі ең үздік велокомандалардың бірі саналды. Осылайша, Қазақстан дегенде «Боратты» еске алатын еуропалықтарға Астананың, Қазақстанның атын паш етті.

Өкінішке қарай, 2018 жылдан кейін велокоманда бұрынғы даңқынан айырыла бастады. Жоғарыда аты аталған гранд-турларда енді велошабандоздардың жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуі былай тұрсын, жүлдегер қатарынан көрінулерінің өзі арманға айналды. Тіпті, үздік ондыққа сирек енетін жағдайға жетті. Оған осы маусымның алдын ала қорытындысы да дәлел бола алады.

Әлемге әйгілі еуропалық велобәйгелерді аудиториясы көп «Eurosport» сияқты телеарналар көрсетеді, «Mundo Deportivo», «La Gazzetta dello Sport» сияқты газеттер жазады. Яғни, бұл жеңіске жеткен, жүлдегер атанған, үздік ондыққа енген командалар үшін тегін жарнама. Себебі, велошабандоздың жейдесінде команданың аты, бас демеушінің логотипі бар. Осы үшін алпауыт компаниялар велокомандаларға демеушілік көрсетеді. Ал, біздің жағдайымызда елімізді, астанамызды, туымызды насихаттаймыз. Сондықтан былтыр команданың атауы «Astana Qazaqstan Team» болып өзгертілді.

Әрине, ізгілікті істен ілік іздеуге болмайтын шығар. Бірақ, қазақстандық велокоманданың соңғы жылдардағы нәтижесіне қарасаңыз, біздің команданы «Eurosport» неге көрсетпей, ол туралы «Mundo Deportivo» неге жазбай жүргенін түсінесіз. Демек, алдағы маусымда команда бұрынғы деңгейіне көтеріле алмаса, онда оған мемлекет қаражатын жұмсау артық болады.

Алаңдатқан тағы бір мәселе. «Astana Pro Team» командасы бюджет есебінен құрылғанда оған елімізде велоспортты популяризациялау міндеті де жүктелген болатын. Бірақ, команданың велошабандоздарына еліктеген жастар байқалмайды. Александр Винокуров, Андрей Кивилев, Андрей Кашечкин, Дмитрий Фофонов, Максим Иглинский сияқты қазақстандық велошабандоздардың аты «Astana Pro Team» командасына дейін әлемге мәшһүр болды. Олар шетелдік велокомандалардың сапында жүріп жаһанға танылды. «Astana Pro Team» сапында тек Алексей Луценко ғана жоғарыда есімі аталған велошабандоздардың деңгейіне жақындай алды. Демек, бюджеттің мойнына масыл болып отырған командадан жаңа есімдер шыққан жоқ. Ал, тек легионерлерге иек арту дұрыс емес. Құдай-ау, «Astana Qazaqstan Team» сапындағы сол легионерлердің өзі де соңғы жылдары жақсы нәтиже көрсете алмай жүр ғой.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландыратын «Astana Qazaqstan Team» командасының биылғы маусымдағы көңіл көншітпес нәтижелеріне жоғарыда арнайы тоқталдық. Өйткені, Қазақстан, Италия, Колумбия, Оңтүстік Африка Республикасы, Испания, АҚШ, Беларусь елдерінің 29 велошабандозының басын қосқан қазақстандық команда салық төлеушілердің есебінен күн көреді. Ал, әлемдік рейтингте алғашқы жиырмалыққа да енбейтін команданы мемлекет есебінен қаржыландыру дұрыс па? Дәл осы сұрақ көптің көкейінде жүргендіктен, бүгін бұл тақырыпты қозғадық.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here