Спорт шекараны білмейді

0
1004

20-22 мамыр күндері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен Олжас Сүлейменовтің жүлдесіне арналған волейболдан ардагер командалар арасында ХV Халықаралық турнир болып өтті. Спорттық іс-шараға ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректор, академик Тілектес Есполов, елдің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері: ақын, дипломат, әдебиеттанушы Олжас Сүлейменов, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, Амандық Баталов, Ғани Қасымов сияқты көрнекті тұлғалар қатысып, турнирде лебіздерін білдірді.

Тілектес Есполов барлық уақытта өскелең жастар, студенттер әр дәуірдің белесінде танылған атақты тұлғалардың іс-әрекеттеріне қарап бой түзеп, тәрбие алатынын, бүгінгі жас ұрпақ үшін ерлік пен берік азаматтық ұстанымның символына айналған осындай ірі тұлғаның бірі – Олжас Сүлейменов екенін атап өтті.

«Ол әлемге танылған арқалы ақын ғана емес, халықаралық дәрежедегі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, көп жылдар бойы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілі болып қызмет атқарған ізгі жүректі азамат. Сонымен қатар, волейбол спортының шын берілген жанкүйері, өзі де талай жылдар бойы университетіміздегі турнирлерде өнер көрсетіп келеді. Университетте 2004 жылдан бастап зияткерлік, жоғары мәдениетті және көптілді тұлғаны қалыптастыруға бағытталған «Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институты» жұмыс істейді. Олжас Омарұлының өзі де аталған орталықта студенттермен жиі кездесіп, ақ батасын беріп жүр», – деді ректор Тілектес Есполов.

Жоғары оқу орнында білім алушылардың спорттық қырынан дамуына тұрақты түрде ерекше көңіл бөлінетінін атай кеткен жөн. Студенттер арасында да, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы арасында да салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған спорттық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Мысалы, профессор-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлері арасында спорттың 8 түрінен «Денсаулық» спартакиадасы, университет студенттері арасында спорттың 15 түрінен дәстүрлі факультетаралық спартакиада, футболдан Т.Сегізбаевтың, волейболдан О.Сүлейменовтің жүлдесіне және О.Жарылғаповты еске алуға арналған турнирлер дәстүрлі түрде өтеді. Сондай-ақ, ЖОО-да спорттың 16 түрі бойынша спорттық секциялары бар спорт клубы жұмыс істейді. Соның ішінде волейбол, футбол, бокс, еркін күрес, самбо, дзюдо, таэквондо, тоғызқұмалақ, шахмат, атлетикалық гимнастика секцияларының қатысушылары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуде.

Атап айтқанда, 2021 жылдың 4-5 қарашасында Санкт-Петербург қаласында өткен ардагерлер командалары арасындағы «Atletta Volley Cup» халықаралық волейбол турнирінде біздің команда 1-орынға ие болды. ҚазҰАЗУ командасы Мәскеуден келген «Луч» және Санкт-Петербургтің «Солтүстік Пальмира» сияқты ең мықты командаларын жеңді. КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.В. Кильчевскийді (Мәскеу) еске алуға арналған XXXII дәстүрлі халықаралық турнирдің және «SPB Volley Master 2021» (Санкт-Петербург) турнирінің чемпиондары атанды. ТМД елдерінің бірде-бір ардагерлер командасы мұндай жетістікке қол жеткізе алмағанын атай кеткен артық болмас.

Жоғарыда аталған спорттық нәтижелер ҚазҰАЗУ тек білім мен ғылым саласында ғана емес, спортта да көшбасшы екенін тағы да дәлелдейді. Біздің оқу орнымыз республикадағы ардагерлер волейболының бірегей базасына айналды және бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес қосты. Жыл сайын дәстүрге айналған және халықаралық мәртебеге ие болған О.Сүлейменовтің алдыңғы ұйымдастырылған 14 турнирі аншлагпен өтті. Осылайша, Қазақстанның түрлі қалаларында және ТМД елдерінде ардагерлер волейболының қозғалысы өрістеді.

Ардагерлер командалары арасында волейболдан бүгінгі XV халықаралық турнирге таңдаулы деген 10 ардагерлер командасы қатысты. Жанкүйерлеріне қызықты ойын мен шуақты көңіл-күй сыйлаған волейбол мерекесінде ардагер спротшылар өздерінің бар шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде төрт команда жартылай финалға шықты: «Атамекен-AGRO» (Нұр-Сұлтан қаласы, команда капитаны – Ерлан Тасыров), «Ташкент» (Өзбекстан, Каримжан Рахимкулов), «ҚазҰАЗУ» (Алматы қаласы, Тілектес Есполов), «Жетісу» (Алматы облысы, Дәулет Имандосов). Ал, финалда бақ сынасқан «Атамекен-AGRO» мен «ҚазҰАЗУ» командалары арасындағы додада бас жүлдені біздің университеттің ардагерлері қанжығасына байлады. Жүлделі үшінші орынға таласқан «Жетісу» мен «Ташкент» командаларының арасынан көрші елден келген қонақтардың бағы жанды.

Ардагер командалар арасындағы ХV Халықаралық турнирдің жеңімпаздарын ақын Олжас Сүлейменов құттықтап, жүлделерін табыстады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here