АЛЖИР азабын тартқан Зағыфи Тіналина кім еді?

1
2370

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында қойнауы қазынаға толы архив қоймаларының сөрелерінің бірінде Зағыфи Тіналинаның құжаттары қолыма түсті.

Рас, сталиндік қуғын-сүргінді бастан кешіріп, соның құрбанына айналған  қайраткерлердің аты аталмай, елеусіз қалғаны көп. Солардың бірі – Абат Әлібаев. Біз осы Абат Әлібаевтың жұбайы, Қазақстандағы алғашқы пионер, комсомол, АЛЖИР тұтқыны, соғыс және еңбек ардагері Зағыфи Тіналина туралы не білеміз?

Зағыфи Сәдуақасқызы 1911 жылы бақташы отбасында дүниеге келген. Ақмола өңірінің тумасы. Өз әкесі Байжұман мен анасы Халима – алты бала тәрбиелеп өсірген қарапайым еңбек адамдары. Зағыфи алты жасынан бастап әкесінің інісі Сәдуақас Тіналиннің тәрбиесінде болған. «Сәдуақасқызы» деп жазылуы содан болса керек.

1919 жылдан 1921 жылға дейін зерек те ұқыпты қыз бірінші дәрежелі мектепте оқиды. Кейін Ақмола өңірінде қазақ мектебі болмағандықтан, татар мектебінде білім алып, татар тілі мен әдебиетін меңгереді. Содан көп ұзамай аймақта қазақ мектебі ашылғаннан кейін сонда ауысып, оны 1926 жылы аяқтайды. Ақмола уездік комсомол комитеті оны Қызылжардағы техникумға жібереді. Техникумді бітіргеннен кейін 1930-31 жылдары комсомол  органдарында пионер жұмысының меңгерушісі болады. Комсомол мен пионер ісінің жетекшісі ретінде Алматыға қызметке жіберіліп, Коммунистік балалар ұйымы бюросының төрайымы қызметін атқарады.

Зағыфи Сәдуақасқызы 1934 жылы Қызылорда өңірінің тумасы Абат Әлібаевпен көңіл жарастырып, оған тұрмысқа шығады. Комсомол мен партия қызметінде болған Абат Әлібаев та қазақ баспасында бас редактор, комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған қайраткер. Сол комсомолдың екінші хатшысы қызметінде жүргенде, яғни 1937 жылы «халық жауы» ретінде тұтқынға алынып, ату жазасына кесіледі. Әйелі Зағыфи болса «халық жауының» әйелі ретінде АЛЖИР лагеріне жіберіледі. Күллі КСРО-ға  атағы шыққан бұл жер алғашында «26 нүкте» аталып, соның негізінде 1938 жылы НКВД-ның Ақмола арнайы бөліміне (Қарағанды лагеріне) қарасты «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» пайда болды. Мұнда сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, «халық жауы» атанғандардың әйелдері мен туыстары қамауға алынады. АЛЖИР-де «халық жауының» жақыны ретінде тұтқында болған 8 000 әйелдің бірі – бүгін біз сөз етіп отырған Зағыфи апамыз еді. Онда үш жылдай саяси тұтқын ретінде қамалып, 1941 жылдың сәуірінде Ақмолаға оралады. Сөйтіп, оның Ақмолаға оралуы Екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келеді.

Ағасы қан майданға кетіп, бар ауыртпалық саяси лагерьден енді ғана босап шыққан жас қыздың өзіне түседі. «Халық жауының» әйелі болғандықтан, оған жұмысқа орналасу да қиынға соғады. Осындай материалдық та, моральдық та қүйзелісті бастан кешірген қазақтың қайсар қызын 1956 жылы Түркістан әскери округінің әскери трибуналы түбегейлі ақтап шығады. Артынан көп уақыт өтпей жолдасы Абат Әлібаев та толық ақталады.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Кеңес Одағының үлкен орталық қалаларындағы кино студиялары, театрлары, өнер ошақтары Қазақстанға көшірілгені белгілі. Сол тұста Ворошиловград орыс драма театры Ақмолаға ауыстырылғаннан кейін Зағыфи Сәдуақасқызы осы театрға жұмысқа тұрады. Жаңа жұмысына құлшына кіріскен зерек те ізденгіш талантты тұлға театрдың қызметін әбден меңгереді. Сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін өзі де, жұбайы Абат Әлібаев та саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде түбегейлі ақталғаннан кейін Ақмола облыстық Мәдениет басқармасын басқарып, зейнетке шыққанша сонда ұйымдастырушылық қызмет атқарады.    

Зағыфи Тіналина туралы құжаттар Алматы қаласының Мемлекеттік архивіне сыйға қабылданып, №339 қорда тұрақты сақтауға алынған. 2000 жылы толық өңдеуден өткен құжаттар оның іс-қағаздары мен жеке құжаттары, фотосуреттер, қолжазбалары, сондай-ақ Сәкен Сейфуллин туралы естелігі, баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларынан тұрады.  

Кеңес Одағы кезінде аға буынның саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуге мүмкіндіктері шектеулі болды. Тәуелсіз елге тән барлық құндылықтарымыз бар бүгінгі таңда Жаңа Қазақстанның шынайы тарихын қалыптастыру сіз бен біздің қолымызда. Архив сөрелеріндегі том-том болып сақталған, сыры көп сарғайған құжаттар өз зерттеушілерін күтуде.

Болашағымыз баянды болуы үшін, өскелең ұрпақтың бойында ұлтжандылық қасиеттерін ояту үшін қызыл террордың құрбаны болған жандардың өмір жолын кеңінен насихаттауымыз керек.

Рыскүл САҒАТҚЫЗЫ,
Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің маманы

1 пікір

Бағдат үшін пікір үстеу Жауапты белгілеу

Please enter your comment!
Please enter your name here