Үздік бітірген түлектерге офицерлік погондар тапсырылды

0
85

Нұр-Сұлтандағы еліміздің бас байрағының жанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік погондар тапсырды.

Салтанатты рәсім әдеттегідей Мемлекеттік Туды көтеруден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Мемлекеттік рәміздер еліміздің жарқын бейнесі, халқымыздың мақтанышы мен абыройы екенін атап өтті.

Ел Президенті Қарулы күштердің 30 жылдығында офицерлік атақ алған әскери жоғары оқу орындарының түлектерін құттықтады. Ол бұл үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Ал Отанымыздың тыныштығы мен қол сұғылмаушылығын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жас офицерлер халықтың үмітін ақтайтынына сенім білдірді.

Құрлық әскерлерінің Әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын үздік бітірген түлектер Мемлекет басшысының қолынан лейтенант погонын алу құрметіне ие болды.

– Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан погон алғанымды мақтан тұтамын. Мен әрқашан Қазақстан халқына және оның заңды сайланған Президентіне адал боламын. Мені 4 жыл оқытқан Құрлық әскерлері Әскери институтының офицерлері мен оқытушыларына алғысымды білдіремін, – дейді лейтенант Еламан Амангелді.

Бірқатар лейтенанттар алғашқы офицерлік атағына Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың қолынан алды. Министр жас офицерлерді үздік нәтижелерімен құттықтап, әскери қызметті лайықты өткеруіне тілектестік білдірді.

– Офицерлік қызметтің жеңіл болмасын, бірақ ер азамат үшін лайықты таңдау екенін әрдайым есте сақтаңыздар. Бүгін сіздер үлкен жолға қадам бастыңыздар. Сол сындарлы жолда абыройларыңызға кір келтірмей, офицер деген үлкен атаққа лайық болыңыздар, – деп атап өтті генерал-полковник Руслан Жақсылықов. 

Погон тапсыру рәсіміне әскери істі зерделеудегі жетістіктерін Мемлекет басшысы атап өткен жас офицерлердің ата-аналары да қатысты.

Жоғары әскери оқу орындарының түлектері Ел Президенті мен Қорғаныс министріне көрсеткен құрметі үшін алғыс айтып, туған Отаны мен Қазақстан халқына адал қызмет етуге уәде берді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here