Тойымсыз өзін жегенде тояды (Ақсақалдарға хат)

0
2038

Ақсақалды ағалар, бурыл сақалды замандастар, қара сақалды інілер. Апалар мен құрбы-құрдастар, сіңлілерім мен келіндерім! Сіздерге ақыл айтқым келіп отырған жоқ. Біраз жасқа келгенде өзімнің көңілімде жүрген, шиқанша сыздап ауыртып маза бермеген пікірімді сіздермен бөліскім келеді.

Мені қинайтын ой: «Халқымыз неге кілең қиындықта жүреді? Сол қиындықты әкелетін қасіретке душар ететін қандай себеп? Жауымыз не? Одан құтылатын жол бар ма?» Осы сұрақтар түн ұйқымды төрт бөледі. «Келешек ұрпақ не болады, үлкеннен ұйқы, баладан тыныштық неге кетті?» деп қиналатын қазақ қыздарының бірімін. Өзімді мазалап жүрген ойымды жазғым келеді. Біреу жақсы деп ұнатса алар, біреу ұнатпаса, арына тиіп кетсе, кешірер.

Біздегі ең үлкен қасірет – өз нәпсімізді тыя алмаушылық.

Қазақта «Тойымсызды тойдыру қиын» деген сөз бар. Ол өмірден алынған ғой. Осы тойымсыздық, нәпсіні тыя алмаушылық үлкен мемлекеттік қасіретке айналып отыр. Ертеңімізге, ұлт болып қалуымызға кедергі жасап отырған бір жәйт – тамақты артық жеу, арақ ішу, темекі, наша тарту, жыныс нәпсісін тыймау, құмар ойынға қызығу, арам байлықка құнығу. Осының бәрі ардан аттауға, халықты таптауға, діннен безуге, жанұяны тастауға, жесір қатын, жетім баланың көбеюіне, ұятсыздыққа, имансыздыққа, өзінен білімді жақсы адамдарды құртуға, білім, ғылымды аяққа басуға, жолдас-жора, туыс-туған арасында жанжал тудыруға, әке мен шешеге бет қаратпай қарсыласуға, көре алмаушылыққа, жалқаулыққа, пәлеқорлыққа, әрі-беріден соң зорлық жасауға, кісі өлтіруге әкеп соғады. Оның аяғы үкіметіміздің іштен іріп-шіруімен, аштық пен жалаңаштықпен тынады. Халықты күйзеліске әкелетін де осылар.

«Артық ішкен тамақ құстырады» дегенді бәріміз білеміз. Артықтың аяғы көп асқанға – бір тосқан екенін білсе де, адам пенде ғой, нәпсісін тоқтату өте қиын. Алайда, кімнің тұқымымыз, қайда барамыз, ұрпағымыз не болмақ деп өзін тежей алу үлкен қасиет. Мысалы, кейде қасиеті бар адамдар «мен шылымды, арақты қоямын» деп өзін тежейді, қойып кететіндер баршылық, ал осы жағымсыз қылықты қанша тастайын десе де тастай алмайтын, ұстамдылық қасиеттері жоқ адамдарды қанша кездестіріп жүрміз.

Адам бойындағы ең үлкен қасиет – өзіңді-өзің тежей алу.

Жаңылмайтын жан болмайтыны сияқты, күнәсіз пенде жоқ. Әйтсе де, қатеңді уақытында мойындау да ерлік. Ал, бір нәрсеге сеніп қорықпаған пендеден имандылық кетеді. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп тегін айтпаған. Алладан, не адамнан қорықпай шексіз еркіндікте болу, өзін-өзі тоқтата алмай бір нәрсеге ұрыну осыдан шығады. Ол басшы болса, тек өзі ұрынбай халықты ұрындырады. Табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады.

Имандылыққа бет бұрып, дінімізді сақтап, 30 күн ораза ұстаудың да мәні зор. Ораза ұстағанда адам өз нәпсісін тыюды үйренеді. Ашығу арқылы ашыққан халықтың күйін сезініп, аз да болса жат әдеттерден тиылады. Сыртқы дүниесімен қоса ішкі жан сарайының тазалығына әсер етеді.

Ораза кезінде арақ ішуге, харамдық жасауға жол жоқ. Арақ ішіп, ұрпақтарымызды бұзып, неше түрлі жарым ес ауру балалар туып, талай шаңырақ шайқалған жоқ па?!

Кешегі етегін жел көтермеген деп мақтанатын кейбір қыздарымыз бүгін арақ ішіп, біреудің жанұясын бұзып, еркекті өздері шақырып, бүкіл елді бүлдіріп, ұяттан безіп, әр елдің қалталы шал-шауқандарының төсеніші болған жоқ па?!

«Бүгіннің баласы – ертеңнің атасы» деген. Бұлардан қандай ата-ана шықпақ? Осындай бейәдептікке қазірден тиым салмасақ ертең кеш болады. Ол үшін өзіміз үлгі көрсететіндей ұстамды, әдепті, жан-жақты, мәдениетті болғанымыз жөн. Өзімізді-өзіміз тоқтата алмай жүріп жастарға жөн-жосық айтуға иман-жүзіміз қалай шыдайды? Кейбіреулер жастарға өлердегі сөзін айтып ішкізіп, олардың мас болып, есінен ауытқып отырғанын көріп мәз болады. Бұл – барып тұрған тексіздіктің бір түрі.

Ата-ананың тәрбиесіне қоса, балаға қоғамдағы құбылыстардың, сыртқы әсердің де ықпалы мол. Сондықтан бала көргенінен көп өнеге алатынын ұмытпай, имандылықты, көргенділікті өзімізден бастайық, нәпсіні тиып, былапыт сөйлеу, арақ ішу, наша, темекі, құмар ойындардан бойды аулақ салып, ұлағатты сөз айтып, тәубеге келейік.

Қазақта «Аяғы жаман есіктен төрге дейін бүлдіреді, аузы жаман бесіктен көрге дейін бүлдіреді» деген сөз бар. Аузымызды жамандықтан тиялық. Арақты самсатып шығарып, оны ақшаға сатып алып, ауру тауып, ұрпағымызды ірітіп-шірітіп жүргенімізді ұмытпайық.

Талай шалқыған шаңырақты жылатқан, қатын-баланы қаңғытқан жандарды көріп жүрміз. Содан денеміз түршігеді. Осыдан арылудың жолдарын іздейік.

Нәпсінің құлқынына түсіп, өз халқымызды өзіміз тонап, алдап-арбап, жылатып, ардан аттап жүргендер де баршылық. Егер осындай арсыздар қолына билік тисе не қасиетті заң орындарында қызмет істесе, халықтың үлкен соры емес пе?! Қазақта «Жаным – арымның садағасы» деген сөз бар. Кей ардақты зиялы азаматтарымыз, елге тұтқа болар деп сенген ақсақалдарымыз ардан аттап, арамдықты жақтаса, пана іздеген халық кімге бармақ, ондайда өзге түгілі өз бала-шағаңа қалай қарамақсың?!

Баюдың талай жолдары бар. Байыған кісінің бәрі арсыз емес. Ақылымен, ұйымдастыру қабілетімен, іскерлігімен, күндіз-түні жүгіріп еңбек етумен байып жүргендер аз емес. Ал, біреуді алдап, біреудікін тартып алып, жұмыс орнын пайдаланып біреуді жылатып, біреуді зарлатып, адал мал-жанын ұрлап, қақсатып, арамдықпен байып жатқандар да бар. Зорлықтың аяғы бірде құстырады, біреуге жасаған зорлық-зомбылық, өтірік-пәле түбі өзін табады. Сондықтан айтайын дегенім – халқымыз азбасын, жастарымызды имандылық жолына өзіміз бас болып шақырайық. Шаңырақ шайқалмасын, қатын-бала жыламасын, қыздарымыз инабатты, ұлдарымыз ұлағатты болсын. Құдай берген ерікті елдігімізден айырылмайық, кешегі батыр, әулие-әмбие аталарымыздың ұрпақтарын таза сақтауға атсалысайық дегім келеді.

Нағытай Әбітайқызы КІШКЕНОВА, экономика ғылымдарының кандидаты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here