ҚР Президентінің жанынан Ұлттық құрылтай құрылды

0
569

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайды құру және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы

2022 жылғы 15 маусым

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 20) тармақшасына сəйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай құрылсын.

2. Қоса беріліп отырған:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай туралы ереже;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың құрамы бекітілсін.

3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті                                                                       Қ.Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 14 маусым

                                № 930

 

Қазақстан Республикасы

Президентінің

2022 жылғы  14  маусымдағы

№ 930  Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай туралы

ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай (бұдан әрі – Ұлттық құрылтай) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

2. Ұлттық құрылтай қызметінің негізгі мақсаты қоғамдық бірігуді одан әрі дамыту жөніндегі идеялар мен қадамдарды тұжырымдау болып табылады.

3. Ұлттық құрылтай өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.

2. Ұлттық құрылтайдың негізгі міндеттері

4. Ұлттық құрылтайдың негізгі міндеттері:

қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу;

жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету;

өз құзыретінің шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.

3. Ұлттық құрылтайдың құрамы

5. Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтайдың Төрағасынан, оның екі орынбасарынан, мүшелерден және хатшыдан тұрады.

6. Қазақстан Республикасының Президенті Ұлттық құрылтайдың Төрағасы (бұдан әрі – Төраға) болып табылады.

7. Төраға:

Ұлттық құрылтайдың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

Ұлттық құрылтайдың отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;

Төрағаның орынбасарларына, Ұлттық құрылтайдың мүшелеріне және хатшысына тапсырма береді.

8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ұлттық құрылтай Төрағасының орынбасары болып табылады, оның отырыстарының күн тәртібін бекітеді және Төрағаның тапсырмалары бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

9. Ұлттық құрылтайдың құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор, бизнес-қауымдастықтар, сарапшылар қоғамдастығы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қоғамдық кеңестері өкілдерінің қатарынан жасақталады. Ұлттық құрылтайдың құрамы кезең-кезеңмен, оның мүшелеріне ротация жүргізу тәртібімен жаңартылып тұрады.

10. Ұлттық құрылтайдың мүшелері:

Ұлттық құрылтайдың жұмыс органына Ұлттық құрылтайдың жұмыс жоспары, оның отырыстарының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі жөнінде ұсыныстар енгізуге;

Ұлттық құрылтайдың отырыстарына материалдарды дайындауға қатысуға;

Ұлттық құрылтайдың отырысында қаралатын мәселелерді қоғамда талқылауға және түсіндіруге қатысуға құқылы.

Ұлттық құрылтайдың мүшелері өз өкілеттіктерін басқа адамдарға беруге құқылы емес.

11. Ұлттық құрылтайдың хатшысы:

жекелеген жұмыс түрлерін жүзеге асыру үшін сарапшыларды, ғалымдар мен мамандарды белгіленген тәртіппен тартады;

Ұлттық құрылтай отырыстарының дайындалуы мен өткізілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

Төрағаның және Төраға орынбасарларының тапсырмалары бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

4. Ұлттық құрылтайдың қызметін ұйымдастыру

12. Ұлттық құрылтайдың отырыстары қажеттігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі.

Егер Ұлттық құрылтайдың отырысына оның мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, оның құқықтық күші бар болып табылады.

13. Ұлттық құрылтайдың ұсынымдары мен ұсыныстары Төраға қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

14. Ұлттық құрылтайдың ұсынымдары мен ұсыныстарын алған мемлекеттік органдар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер оларды қарайды және қабылданған шаралар туралы Ұлттық құрылтайды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабардар етеді.

15. Ұлттық құрылтайда талқыланатын мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері мен Ұлттық құрылтайдың отырыстарында қабылданған ұсынымдар мен ұсыныстар жұртшылықтың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіледі, сондай-ақ Интернет желісінде орналастырылады.

16. Ұлттық құрылтайдың отырыстарына Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық құрылтайдың мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

5. Ұлттық құрылтайдың қызметін қамтамасыз ету

17. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ұлттық құрылтайдың жұмыс органы болып табылады.

18. Ұлттық құрылтайдың жұмыс органы:

Ұлттық құрылтай отырыстарының күн тәртібі мен бағдарламасының жобасын қалыптастырады;

Ұлттық құрылтайдың отырыстарына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық ұсынымдар мен ұсыныстардың жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

Ұлттық құрылтайдың мүшелеріне Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысының өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

Ұлттық құрылтайдың қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

жүктелген міндеттерді орындауға қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды мемлекеттік органдар мен ұйымдардан сұратады және алады;

Ұлттық құрылтай қабылдаған ұсынымдар мен ұсыныстардың іске асырылу мониторингін жүзеге асырады;

Ұлттық құрылтай қызметінің шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасайды;

Ұлттық құрылтайдың қызметін қамтамасыз етуге қажетті өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here