Сенатта 2021 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептер қаралды

0
986

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Үкіметтің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін, сондай-ақ, бірқатар заң жобаларын қарады.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынымы бойынша Жоғарғы Соттың судьяларын сайлау туралы болды. Депутаттардың дауыс беру нәтижесінде Досжан Әмір мен Қамбар Нұрышев Жоғарғы Сот судьялары қызметіне сайланды.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Нәтижесінде Сенат депутаттары заң жобасына бірқатар түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды.

Нақты айтқанда сенаторлар көппәтерлі тұрғын үйлерді кондоминиум нысанын басқарудың жаңа тәсіліне көшіру мерзімін 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартуды ұсынды. Одан бөлек, Палата депутаттары Алматы қаласын дамыту мәселесіне назар аударып, жылжымайтын мүлікті ресімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның қызметі мен құзыреті туралы нормаларды нақтылау қажет екенін жеткізді. Сенат енгізген түзетулердің қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдық-құқықтық нысанын өзгертуге, оның негізгі өкілеттіктерін айқындауға, «Ұлттық ғылым академиясының академигі» ұғымын бекітуге және академиктерге зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін өмір бойы ай сайынғы стипендия белгілеуге қатысты ұсыныстар бар. Бұл нормаларды «Ғылым туралы» заңда нақты көрсету ұсынылды.

Сондай-ақ сенаторлар Үкіметтің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдады.

Отырыс барысында жалпы былтыр республикалық бюджеттің негізгі параметрлері орындалғаны атап өтілді. Дегенмен, депутаттар бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін одан әрі жақсарту мәселесіне тоқталып, халықтың әл-ауқатын арттыруға кері әсер ететін бірқатар маңызды және жүйелі проблемаларға назар аударды.

Сенат Төрағасы еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын тілге тиек етті. Соған байланысты қазір биліктің барлық тармағы Мемлекет басшысы белгілеп берген мақсаттарға қол жеткізу жолында күш біріктіруі керек екенін айтты.

«Халқымыз 5 маусым күні Мемлекет басшысы жариялаған конституциялық өзгерістерге қолдау білдірді. Ата Заңға енгізілген түзетулер Жаңа Қазақстанның негізін қалайды. Қазіргі таңда осы бағытта саяси жүйемізді түбегейлі өзгерту үдерісі жүріп жатыр. Мұның бәрі, түптеп келгенде, әділетті мемлекет құруға бағытталып отыр. Біз халық қолдау білдірген президенттік реформалардың іске асырылуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге Сенат Спикері мемлекет қаржысын жұмсаудың тиімділігін арттыру аса маңызды екенін атап өтті.

«Жаңа кезенде мемлекет қаржысының жұмсаудың және республикалық бюджетті орындаудың тиімділігін арттыруымыз қажет. Осы бағытта жаңа ұстанымдар мен принциптер керек», – деді Палата Төрағасы.

Бұдан басқа ол еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі өңірлердің дамуын жаңа деңгейге көтеру екенін айтты.

«Облыстарда инфрақұрылымды жетілдіру, коммуникацияларды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу, тұрақты жұмыс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру бағыттары бойынша ауқымды жұмыс атқарылуға тиіс. Конституциялық өзгерістердің аясында Сенат өңірлердің мәселелерін қарастыратын негізгі институт ретінде анықталды. Алдағы уақытта осы бағытта Үкіметпен бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, 2021 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есеп 2022 жылғы 20 маусымда өтетін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қаралып, қорытындыланады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here