«Қиын балалардан» талантты бишілер шығарған майталман

0
1545

Уақыттың сынаптай сырғып өткенін білмей де қаласың. Арамызда жүрген жайдары мінезді азамат, би өнерінің майталманы Шәміл Фахрутдинов өткен мамыр айында жетпіс жасқа толды. Оның мәдениетімізге сіңірген еңбегін толыққанды көрсету үшін өткен кезеңдердегі атқарған жұмыстарына тоқталғанымыз жөн.

ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

1988 жыл болатын. Бұл күндері қайталанбас дарынымен бүкіл әлемді мойындатқан би өнерінің хас шебері Шәкең облыс орталығындағы №2 орта мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызметке қабылданды. Ал, оның негізгі жұмысына қандай мәселелер қарайтындығын көзі қарақты оқырман іштей сезіп отырған болар.

Табиғатынан көпшіл, мінезі қағылез Шәміл қызметін «қиын балалармен» жұмыс істеуден бастады. Өйткені, ол кезде аталмыш оқу орнындағы біраз балалар полицияда есепте тұратын. Соларды пайдалы іске тарту мақсатында «Карнавал» ансамблі дүниеге келді.

Өнер ұжымының жетекшісі оларға би өнерінің тынбай жаттығуды, шексіз еңбекқорлықты талап ететіндігін жан-жақты түсіндірді. Әлгі балаларға талапты күннен-күнге күшейте түсті. Тіпті, олардың бұрынғыдай сенделіп бос жүруге уақыттары да болмай қалды. Ансамбль құрамындағы он екі-он үш бала осы мектептің жоғары сыныптарында оқитын. Кейін олар би өнерінің әліппесін танып білген соң, баяғы еркеліктерін қойып, полициядағы есептен біржола шықты. Дұрыс жолға түсіп, ансамбльмен бірге еліміздің көптеген жерлерін аралады. Шәміл Абдрахманұлы олардың екінші әкесіндей болып кетті десек те артық емес.

Қазіргі таңда ол балалардың көбісі үйлі-баранды. Өздерінің тәлімгерлерін ұмытпай, үнемі хабарласып тұрады. Олар оның алдында өмірбақи қарыздар екенін де ұмытпайды. Тіпті, кейбіреулері балаларын Шәміл ағаларына алып келіп, би өнеріне баулыды.

Қазіргі таңда жоғарыда аталған №2 орта мектептің ғимаратында орналасқан «Карнавал» би-хореографиялық ансамбліндегі балалар шеберліктерін шыңдап, тынымсыз жаттығу жасайды.

Мұнда ұл мен қыздар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топтарға бөлінген. Әрине, атақты би ұжымына көбіне дарынды, ерекше бейімділігі бар балалар қабылданады. Мұнда талап өте жоғары. Жалқау немесе жәй әншейін «биші болсам» деп қиялмен келгендер ұзаққа шыдай алмайды.

ІЗДЕНІС ӨЗ ЖЕМІСІН БЕРДІ

Өнер ансамблі құрылған сәттен бастап би өнерінің сырт көзге байқала бермейтін сиқырларын меңгеруді алдарына үлкен мақсат етіп қойды. Шәміл Абдрахманұлы соған жету жолында талмай тер төкті. Қайырымдылық концерттерін ұйымдастыруға көп көңіл бөлді. Оның ансамбльдегі талапты қыздар мен жігіттерге адами жағынан берер тәрбиелік-тағылымдық жағы да мол екендігі айтпаса да түсінікті.

Бәлкім көпшіліктің есінде болар, сонау бір жылдары Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында жер сілкініп, қаншама бауырымыз зардап шекті. Сол кезде Шәміл Фахрутдинов басқарған «Карнавал» би ансамблі оған бейжай қарап отыра алмады. Сол жақтағы табиғат апатына тап болған қандастарымыздың еңселерін көтеріп, рухани жағынан қолдау мақсатында қайырымдылық концертін қойды. Қостанайлық әсем қыздар мен сымдай тартылған сымбатты жігіттер мың бұрала би билеп, оларға қаншама қуаныш сыйлады десеңізші.

Одан кейін бұлар қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың тікелей қолдауымен Арал өңіріндегі ағайындардың алдында да өнер көрсетті. Сондағы бауырлардың жүрек толқынысынан тебіренген сәттерін көріп, оған куә болған Шәміл оны ерекше шабытпен баяндайды.

«Карнавал» ансамблінің ерекше өнерін, тынымсыз ізденістерін, болашақтары жарқын екендігін көре білген  «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева талантты ұл-қыздарға демеушілік жасады.

Мұндай қолдау бұлардың бойына тың күш-қайрат құйғандай болды. Бишілер әрбір концерт сайын шығармашылық жағынан өсе түсті. Ары-бері жол жүру оңай ма?! Бірақ, Шәміл мен оның шәкірттері бәріне де төзімділік танытты.

Кезінде еліміздің Семей өңіріндегі ядролық полигондағы жарылыстар әрбір қазақты толғандырғаны белгілі. Осындағы қаншама жұртшылыққа қасірет әкелген полигон жабылғаннан кейін бұлар сол аймаққа барып, ондағы туысқандарды сергітіп, өнерлерімен рухтарын көтерді. Ондағы ағайындар қостанайлық талантты жас бишілердің сахнадағы өнеріне тәнті болып, шын мәнінде ризашылықтарын білдірді. Ансамбль жетекшісі мен оның құрамындағы жас бишілер ұлтымыздың бас ақыны Абай Құнанбаев дүниеге келген қасиетті топырақта болғандарын өмірлеріндегі ұмытылмас кезеңге балайды.

Бишілер мұнайлы Атырау облысы мен оның аудандарында да болды. Қарап отырсақ, бұлардың кең байтақ республикамызда өнерлерін көрсетпеген қала мен өңір жоқ секілді. Ансамбль мүшелері барлық жердегі концерттерін тегін қойды. Сол аймақтағы өмір көрген ақсақал қариялар мен ақ жаулықты аналарымыздың баталарын алды.

Шәміл өмір бойы «Алғыспен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген қазақтың аталы сөзін басшылыққа алып келеді. Одан жаман болған жоқ, өзі түбі бір түркі тілдес татар ұлтының өкілі болса да, жақсыға құшағын қашан да айқара ашатын қазақтың бір перзентіндей болып кетті.

Мұны Шәмілдің өзі де жасырмайды. Ол: «Мен ғұмыр бойы қазақ өнерін өзгелерге танытсам, қазақ өнері мені көтерді», – деп мақтанышпен айтады.

АТАҚТЫ МӘДИНАМЕН СЫЙЛАСТЫ

Өзім Қостанайға келіп, сонау облыстық «Қостанай таңы» газетінде қызмет атқарып жүрген кезде бір күні «Карнавал» би ансамбілінің өнерін көріп таң қалдым. «Өзімізбен заманы бір татар жігіті қазақтың тамаша билерін қайдан үйреніп жүр?» деген терең ойда жүрдім.

Кейін араласа, сөйлесе келе оның өмірінің біраз жылдарын Сыр өңірі, яғни Қызылордада өткізгендігін білдім. Он жасында бұлар әкесі Абдрахманның қызмет бабына байланысты әлгі үлкен қалаға қоныс аударады. Ол жол инженері ретінде қазақтың қаймағы бұзылмаған аймаққа көп еңбек сіңіріп, жергілікті ұлт өкілдерімен тонның ішкі бауындай араласып кетеді.

Шәміл де жаңа ортадан қимас достар тапты. Қазақтың бай да шұрайлы тілі мен ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін бойына сіңіре білді. Әлгі облыс орталығындағы күллі елімізге белгілі бұрынғы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін ойдағыдай бітірді.

Сондағы атақты «Сыр сұлуы» атты ән-би ансамблінде алғашқыда биші болса, кейін оған жетекшілік етті. Сол жылдары Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Әбіров қайратты жігіттің бойындағы ерекше дарынды көре білді.

Бірде ол: «Шәміл, сен осы қиын да қызығы мол би жолына түс. Тынбай ізденіп, талантыңды ұшта», – деді. Тәлімгерінің бұл жанашырлық сөзі бұған қатты әсер етті. Би өнеріне біржола бет бұрды. Аталмыш ансамбльдің құрамында көптеген шет елдерде болып, қазақ өнерін насихаттады. Қаншама өнер адамдарымен танысып, ой-өрісін кеңейтті. Өзіне деген сенімі артты.

Сол жылдары мұнымен марқұм, қазақтың қайталанбас жезтаңдай әншісі Мәдина Ералиева да «Сыр сұлуы» ансаблінің құрамында ән айтты. Олар күріш ору науқаны кезінде егіс даласындағы жұртшылық алдында концерт қойған сәттер сірә, ұмытыла ма?! Ұлтымыздың Ақбаяны атанған Мәдина «Ақбаян» әнінің авторы Байсұлтан Байкенжеевпен бірге қосылып, аталмыш әсем әнді тамылжыта орындады. Сазгер көбіне біртуар әнші сахнаға шыққанда оны баянмен музыкалық жағынан сүйемелдейтін.

Қызылорданы Сыр елі, жыр елі деп босқа айтпайды. Бұл өңірден ұлтымыздың маңдайына біткен қаншама дарындар шыққан. Оларды зиялы қауым жақсы біледі. Замандасымыз Шәміл кезінде осы өңірдің перзенттері, қазақ өнерінің майталмандары, КСРО Халық әртісі Сәбира Майқанова, Роза Бағлановалар сол өңірге келгенде олармен дәмдес, сапарлас болып, дуалы ауыздарынан шыққан сөздерін есту бақытына ие болғанын жыр етіп айтады.

Сол қазақы орта мұның танымына, болмысына, өнер шебері болып қалыптасуына ерекше әсер еткенін айтудан еш жалықпайды.

Қазақтың бұлбұлы, әсем әннің еркесі Мәдина Ералиева дүниеден өткенде қатты қайғырды. Онымен бірге «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің құрамында болған бақытты күндерін сағынышпен еске алып отырады.

МАҢДАЙ ТЕР ШЫҢҒА КӨТЕРДІ

Отыз жылдан астам тарихы бар ансамбль өткен уақыт ішінде әлемнің көптеген елдерінде болып, өздерінің шын мәнінде шеберлігі жоғары бишілер екендігін айқын дәлелдеді. Олар Франция, Швеция, Финляндия, Польша, Венгрия, Болгария секілді мемлекеттерде болып, қазақ биін көрсетті.

Талай халықаралық фестивальдерде лауреат болып, шетелдік талғампаз көрермендердің назарын өздеріне аударды. Тіпті, 1993 жылдан бері біраз жылдар халықаралық «Артек» балалар орталығына да сапар шекті.

«Карнавал» ансамблінің репертуарында көрермендерді бірден баулап алар билер аз емес. Оның ішінде қазақтың көптеген билері бар. Әсіресе, «Қазақ дәстүрлері», «Ата толғау», «Нәзік» және басқа да терең мазмұнды, ұлттық бояу мен нақышқа бай билер өзге елдегі азаматтарды табындырып келеді. Шетелдік әріптестерінен қаншама шақыртулар алды, бірақ олардың бәріне қатысуға уақыт жағы жете бере ме?!

Шәміл Фахрутдинов басқаратын ансамбль Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаевамен де тығыз шығармашылық байланыста болды. Бауырымыз Шәміл онымен алғаш рет 1995 жылы Алматыда өткен ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты концертте танысқан еді.

Шәміл бишілік өнермен 14 жастан бастап айналысты. Оның отбасында өзінен басқа сүйікті қарындасы Тәнзила да өнерді қуды, музыкалық мамандық алды. Ол бұл күндері Алматыдағы хореографиялық училищеде концертмейстер болып жұмыс істейді. Өзінің ұлы Марат та қазір әкесінің тірегі.

Оның өмірлік жары Вера да отағасының қызметіне әбден дағдыланды. Күйеуінің көңіл-күйін қас-қабағынан түсініп, үнемі қолдап отырады.

Ол өткен жылдардағы мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін Елбасының Алғыс хатымен, «Ерен еңбегі үшін», Ыбырай Алтынсарин, «Мәдениет қайраткері», Білім беру саласының үздігі төс белгілерімен марапатталды. Бірнеше рет Қостанай облысы меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының лауреаты атанды. Қостанай қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Қай салада болмасын биік шыңға көтерілу оңай емес. Талапкер ұл мен қыздардың би өнеріне деген құштарлығын арттыру мақсатында елімізге танымал майталмандарды шақырып, шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Мәселен, Елордамыздағы Хореографиялық академияның профессоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім қостанайлық дарынды әріптесі жайлы былай дейді: «Карнавал» би ұжымы өз жетекшілерімен қалай мақтанса да болады. Өйткені, Шәміл ініміз еңбекқор, табанды, шәкірттерімен тіл табыса білетін, оларды көздеген мақсаттарына жеткізбей қоймайтын дарын иесі».

Өткен жылдарда олар қаншама асуларды бағындырды. Өзім жас бишілердің өнерін облыс орталығына барғанда көзіммен көріп, тәнті болдым. Ерекше қабілеттерінің арқасында кез келген жаңа би түрін тез үйреніп, оны тынымсыз жаттығудың арқасында үлкен сахнаға шығара біледі.

Шығармашылықта үлкен белеске көтерілген замандасымыз басқаратын ұжым мүшелері үстіміздегі жылдың өзінде әлемде қалыптасқан пандемияға қарамастан үздіксіз еңбектенудің нәтижесінде толағай табыстарға қол жеткізді.

Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтіре кетелік. Биылғы наурыз айында еліміздің бас қаласында өткен «Зажги свою звезду» деп аталатын халықаралық фестивальде шын мәнінде жұлдыздары жанып, облысқа үлкен абыроймен оралды. Аталмыш өнер жарысына Қазақстан, Болгария, Ресей және Беларусьтен қырықтан астам өнер ұжымы қатысып, бақтарын сынады. Қостанайлық «Карнавал» би ансамблі Бас жүлдемен қатар бірнеше номинациялар бойынша бірінші орындарды жеңіп алды. Әділқазылардың шешімі бойынша жоғары деңгейдегі репертуарлары үшін арнайы сыйлық та табыс етілді. Сөйтіп, барлық қатысушылардың арасында топ жарды.

Шәміл Абдрахманұлы басқаратын өнер ұжымы мамыр айында шырайлы Шымкент пен киелі Түркістан шаһарларында ұйымдастырылатын «Гүлденген қызғалдақтар» деп аталатын хореографиялық фестивальда да шеберліктерімен көзге түсті.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here