Үлгерімі нашар мың оқушы дарынды балаларға арналған мектепке қабылданады

0
161

Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев алғаш рет түрлі олимпиаданың 100-ден астам жеңімпазы мен жүлдегеріне отандық жоғары оқу орындарына «конкурстан тыс» оқуға қабылдау үшін ерекше гранттар бөлінгенін, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға мүмкіндіктер берілетінін айтты.

«Биыл шілде-тамыз айларында балалар қатысатын 7 беделді халықаралық олимпиадаға қатысуға 31 толық квота бөлінді. Алғаш рет республикалық қаражат есебінен осы халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, оларды дайындаған педагогтар марапатталады», – деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.

Вице-министр әлеуметтік осал отбасылардан шыққан үлгерімі нашар 1 000 оқушы алғаш рет дарынды балаларға арналған 134 мектепте талантты қатарластарымен тең дәрежеде оқуға мүмкіндік алатынын да айтты.

Тағы бір жағымды жаңалық. Биыл 25 мыңнан астам баланы оқу орындарына қауіпсіз тасымалдау үшін арнайы мектеп автобустарының автопаркі ауқымды түрде жаңартылады. Әкімдіктер лизинг арқылы 515 мектеп автобусын сатып алады. Алғашқы автобустарды осы айдың ішінде Ақмола облысына жеткізу жоспарланып отыр.

Бұдан өзге биыл колледждерге түсетін балаларға техникалық және кәсіптік білім беруге республикалық бюджеттен 45 мың орынға 10 миллиард бөлінді. Осылайша, мемлекеттік тапсырыс 40 пайызға артты.

«Оқуға түсушілер үшін қабылдау емтихандары тоқтатылды, енді олар аттестаттың орташа балы арқылы қабылданады. Талапкер 4 колледж бен 4 мамандықты өз бетінше таңдайды, 3 біліктілікке дейін алуға мүмкіндік берілді. Кәсіпорындарға мақсатты мемлекеттік тапсырыс берілді, енді кәсіпорындар студенттерді өз бетінше таңдай алады. Оқу орнымен бірге білім беру бағдарламаларын әзірлеп, қажетті мамандарды уақытылы дайындайды. Жеңілдікті қабылдау квоталарының тізбесі 9 санатқа дейін кеңейтілді», – деп нақтылады Ғани Бейсембаев.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here