Балаларға ұшақпен тегін ұшуға мүмкіндік беретін бағдарлама 

0
2294

Биылдан бастап ел ішінде саяхаттайтын қазақстандықтарға тиімді жеңілдік беріледі. Балалар ұшақпен тегін ұша алады. Шығынды мемлекет өтейді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ішкі туризмді дамыту. «Kids go free» бағдарламасы туралы «Sputnik Қазақстан» агенттігі жазды.

Бағдарлама биыл 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Соған байланысты кәмелет жасқа толмаған балаларды ұшақпен тегін тасымалдау міндеті енгізіліп отыр. Ол үшін Қазақстандағы ресми туроператордан ел ішінде демалуға арналған туристік пакет сатып алу қажет.

«Kids go free» бағдарламасының негізгі талаптары бойынша тегін ұшатын бала 2-17 жас аралығында және Қазақстан азаматы болуы шарт. Кәмелет жасқа толмаған жолаушының қасында ата-анасы немесе жақын туыстары (ата-әжесі, аға-апасы) жүруге тиіс.

Республика бойынша кез келген жерге ұшып баруға болады. Туроператор өз ақшасына балалардың әуе билетін сатып алады, артынан компанияның шығыны мемлекет тарапынан өтеледі.

Бағдарламаға қатысу үшін құжат тапсырудың қажеті жоқ.

Тәртібі:

  • ел ішінде демалысты жоспарлап, нақты баратын жерді анықтау;
  • сол жерде демалысты ұйымдастыра алатын туристік компанияға барып, туристік пакетті жасау;
  • балалардың әуе билеттерін шегеріп, туристік пакетті төлеу;
  • саяхатқа шығу;
  • демалыстан кейін туристік компанияға ұшақта берілген жолаушылар талонын ұсыну.

Қазіргі кезде 19 туристік компания «Kids go free» бағдарламасына қосылды. Олар балалар билетінің ақшасын «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясынан алады.

Айта кетейік, ресми мәліметке сенсек, осы уақытқа дейін 153 өтініш бойынша 14,1 млн теңге көлемінде төлем жасалды. Осылайша, 307 бала отбасымен бірге демалатын жерге тегін ұшып барды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here