Әкенің орындалған арманы

0
2387

Қазақ елінің тәуелсіздік алуы сыртта жүрген ағайындарды ерекше қуанышқа бөледі. Кім де болса атажұртты аңсайды ғой. Олар осы сәтті қаншама уақыт асыға күтті десеңізші. Көп жылдар бойы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында ғұмыр кешкен Санай ақсақалдың отбасы ол жақта ештеңеден тарлық көрген жоқ. Былайша айтқанда, ішкені алдында, ішпегені артында болды. Еңбекқор адам қайда жүрсе де, қатарының алды болып, өзінің жанұясын асырай алады.

Ұрпағының болашағын ойлады

Отағасы ол жақта қарапайым ғана мамандық иесі – киномеханик атанып, айналасындағы ағайын-бауырлардың ыстық ықыласы мен құрметіне кенелді. Жан дүниесі рухани жағынан кемел азамат негізгі қызметінен қолы бос кездері ат баптады. Ұлттық құрал-жабдықтарымызға ерекше көңіл бөліп, киіз үй ағашын келістіре жасады. Ал, айрандай ұйыған берекелі отбасының шырайын келтірген Әзей болса, күнделікті тынымсыз шаруашылықпен айналысып, отағасы мен жеті ұл-қыздарының жағдайын жасады. Сол төңіректегілер он саусағынан өнері тамған ісмерді ардақ тұтты.

Мінезі көпке жағымды замандасымыз нағыз қолөнер шебері ретінде өзі ғұмыр кешкен ортада өте сыйлы кісілердің бірі болды десек, артық айтпаған болармыз. Өйткені, тігіншілікті жастайынан игерген аяулы жан кейінгілерге де үлгі-өнеге көрсетті.

Ерлі-зайыптылар ағайын-туыстың арасында өте беделді-тін. Оларды тек қана бір арман мен мақсат жиі мазалайтын. Бұл өздерінен тараған ұрпақтарын сонау шалғайда жатқан Қазақстанға аман-есен жеткізіп, оларды ана тілінде оқыту әрі ұлтымыздың намысты да жігерлі, сегіз қырлы, бір сырлы тұлғасы етіп тәрбиелеу еді. Сондықтан еліміз егемен ел атанып, кезінде солақай саясаттың кесірінен өзге елдерге тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың атамекенге көш басын бұруына толық мүмкіндік туды. Содан шаңырақ иесі әулетімен ақылдаса келе, атажұртқа қоныс аударуға шешім қабылдады. 1992 жылы тамыз айында олар Қостанай облысына қарасты Алтынсарин ауданының Қызылағаш деп аталатын ауылына табан тіреді.

Жергілікті қазақтар да оларға үлкен түсіністікпен қарап, құшақ жая қарсы алды. Әрине, олардың жер жағдайына сіңісіп кетуі де оңай болған жоқ. Алайда, өздерінің көпшілдігі, бейнетқорлығы арқасында ауыл тұрғындарымен тонның ішкі бауындай араласып кетті.

Солтүстікте жатқан Қостанайдың да басқа аймақтардан өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнда қыс ұзақ, кейде жеті айға дейін пешке от жағуға тура келеді. Соның бәріне де төзді. Шыдамдылық танытты.

Көктем мен күз мезгілдеріндегі жауын-шашынға да бойлары әбден үйренді. Санай ағамыз өзге елден келдік деп ешкімге алақан жайған жоқ. Шиеттей бала-шағасын ештеңеден тарықтырмау үшін кейбіреулер секілді сауда-саттықпен де айналысты. Бұл бұрынғы Кеңес Одағы ыдырап, экономикамыз енді-енді қалыпқа түсіп, ел еңсесін көтере бастаған қиын уақыт-ты. Барлық ауыртпалықты қостанайлық бауырларымен бірге көрді.

Жасыратын несі бар, орыс тілін жеткілікті білмегендіктен бастапқы кездері кедергілерге кездесті. Сондықтан бұл күндері қарым-қабілетін ел мойындаған перзенті Заңғар бастаған төрт ұлын Глазуновка (қазіргі Айсары) елді мекеніндегі мектепке берді. Олар орыс сыныбына барып, әжептәуір төселді. Отағасы әлгі балалары туған жерінің жан-жақты білімді әрі білікті мамандары атануы үшін осындай ұйғарымға келді. Балалары да оны жерге қаратқан жоқ. Бәрі де саналы да парасатты, елжанды, адам баласының қадір-қасиетін білетін азаматтар болып қалыптасты.

Әрине, өсе келе олар ана тіліндегі білім ордаларында оқуларын жалғастырып, қос тілді меңгерген жігіттер болып шықты. Мысалы, Заңғар қазіргі Тобыл қаласындағы Нұржан Наушабаев атындағы қазақ мектебін тәмамдаса, Дәркенбай облыс орталығындағы Сырбай Мәуленовтің есімі берілген қазақ гимназиясын тәмамдады. Бұлардан үлкен ұл мен қыздары да өмірден өз орындарын тауып, жүректері қалаған кәсіптері бойынша маңдай терін төгіп, адалдық және адами қасиеттерімен көпке танылды.

Әке көрген оқ жонар

Арада жылдар сынаптай сырғып өтіп жатты. Санай ағамыз бен Әзей замандасымыздың ұл-қыздары да бір-бір шаңырақты тербетіп, отағасы мен отанасы тамырын тереңге жайған үлкен бәйтерекке айналды.

Қарап отырсақ, олардың атажұртқа келіп, туған еліміздің толыққанды азаматтары атанғандарына да осы тамыз айында отыз жыл болды. Олар өздерін қай салада болмасын жан-жақты көрсетіп, ата дәстүріміздің өркендеп, тіліміздің биік тұғырына көтерілуіне аянбай атсалысты.

Бұл күндері Санай ақсақал бәйбішесімен Қостанай шаһарына жақын орналасқан Заречный кентінде ғұмыр кешіп жатыр. Тобыл-Торғай өңіріндегі ағайындарымызбен құда-құдандалы болды. Ұлдары келін түсіріп қуантса, қыздары өрістерін кеңейтіп, бақытты жанұялар атанды.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлдары ес білгеннен кісі алдынан көлденең кесіп өтпеді. Ешкімнің алдына шықпады. «Алғыспен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген қағиданы ұстанды. Мәселен, таратып айтатын болсақ, шаңырақтың тұңғышы Мейрамбек ұлтымыздың аяулы қызы Балнұрмен тағдырын қосып, кейінгі бауырларына бағыт-бағдар беріп келеді. Олардың отбасындағы үш перзенті де әке-шешесінен көргенін істеп, бойларына ата-бабамыздан мирас болған қазақы қасиетті молынан сіңірді.

Әулеттегі жалғыз қыз бала Айнұр да кішкентайынан елгезек, тілалғыш болып, ата-анасының қолғанаты атанды. Үйдің шаруасына көмектесіп, шешесінің жұмысын жеңілдетті. Бойжеткен соң ұлтымыздың жайсаң мінезді жігіті Алпыспен жеке шаңырақ көтеріп, алтын асықтай балаларының тіршіліктегі ақылшысы болып отыр.

Заңғар да Арқалық өңірінде туып өскен инабатты да ибалы Гүлжан есімді арумен отбасын құрып, әке-шешесінің ақ батасын алды. Қазір олардың жанұясындағы Санжар және Сардар есімді қос ұлдары көз қуаныштары. Зайыбы филология саласының білікті маманы.

Әріптесіміз жылқы ұстауға жаны құмар. Өйткені, отағасы ат баптағандықтан ұлдары да  көп жайды үйренді. Кішкентайынан елгезек Заңғар өздері Айсары ауылында тұрғанда анасына бие саууға да көмектесті. Мұның бәрі де алдағы өміріне белгілі дәрежеде ықпал етпесе, зиянын тигізген жоқ. Соның бәрі де талапты жасқа үлкен ғұмырлық мектеп болды.

Шаңырақта өзіндік орны бар Дәркенбай інімізді қазақ гимназиясында оқып жүрген шағынан білемін. Елгезек бауырымыз көрген жерде сәлемдесіп, інілік-ілтипатын танытып жатады. Сүйіп қосылған жары Ақмарал екеуі төрт баланың өнегелі ата-анасы.

Одан кейінгі Алтынбек келіншегі Римамен ынтымағы жарасқан жанұя. Бұлардың отбасында да үш бала тәлімді тәрбие алып, білімге, үлкенді сыйлауға талпыныс жасап жатқандары қуантады.

Тұлпар да әке-шешесінің ерекше үміт күткен перзенттерінің бірі. Ол қашан да атына заты сай болуға талпынады. Ат ұстап, көкпар баптайды. Өмірлік серігі Әдетпен сыйластықтары өзінен кейінгілерге үлгі. Бұл жанұядағы тәрбиеленіп жатқан қос баланың да болашағы жарқын.

Әулеттің сүт кенжесі Дүлдүлбек ағаларының бір сөзін екі етпейді. Әке-шешесінің жанынан табылып, оларға құрмет көрсетуді өзінің перзенттік парызы санайды. Ол тағдырын қосқан қазақ қызы Қымбат та ұлтымыздың асыл-қасиеттерін жоғары қояды. Екі балалары тәуелсіз Қазақстанның нағыз жанашыры болатын тұлғалар болып қалыптасса дейді.

Асыл ана өнегесі

Әр отбасындағы ұлтымыздың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпын берік ұстанатын ардақты да аяулы апаларымыздың орны қашан да бөлек. Бүгін әңгімеміздің арқауына айналған әулетте үнемі жылы жымиып, дидарынан шырайлы шуақ төгіліп тұратын Әзей ананың да ұрпақтары мен келіндеріне ғибрат болар қырлары жетерлік.

Ол қыз бала болашақ бір жанұяның алтын діңгегі деп есептейді. Сол себепті жүрегі нәзік жандардың қонақтарын қабақ шытпай қарсы алып, дәмді тағамдар дайындаумен қатар, қолдарынан тігіс тігу, ою-өрнек салу, басқа да үй ішіне сән берер пайдалы нәрселермен шұғылданса, ұтары мол екендігін әрдайым назарда ұстады.

Ақ жаулықты ана сый-құрметке лайықты, ісмер жан болған соң қызы Айнұр мен келіндері де өзіне ұқсап бағуға тырысты. Шаңырақтың тұңғышы Мейрамкүлдің келіншегі Балнұр да енесі секілді халық алғысына бөленген. Жүзінен ибалылықтың иісі аңқып тұратын Балнұр бұрын облыс орталығындағы аты ерте шығып, елге кеңінен танылған «Сұлтан» сән ательесінде абыроймен жұмыс істеп, талғампаз жұртшылықтың ризашылығын алған-ды. Мол тәжірибе жинақтап, шеберлігі әбден шыңдалған соң, өз алдына жеке кәсібін дөңгелетіп, ұлттық киімдерді жаңғыртуға баса назар аударып келеді. Өзінің шығармашылық қиялы мен оқыған-тоқығаны бұл орайда көмегін тигізгені даусыз.

Осынау өнерлі қарындасымызбен бірге Әзейдің сүйікті қызы Айнұр мен Дәркенбайдың келіншегі Ақмарал да тынымсыз ізденіс үстінде. Бұлар кәдімгі ұлтымыз ежелден ерекше жоғары қоятын әрі бұрыннан қазақты қыста суықтан, аптапты ыстықтан сақтайтын баспанамыз болған киіз үйдің жабдығын тігеді. Бұл да кез келген қыз-келіншектің қолынан келе бермейтіні айдан анық.

Өнерлі өрге жүзер

Өздері жайлы сыр шертіп отырған ұлағатты Санай ағамыздың әулетін шын мәнінде өнер қонған шаңырақ десек қателесе қоймаспыз. Өйткені, Сәкең мен оның құдай қосқан қосағы Әзей де жастайынан ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын, жансарайы рухани жағынан кемел кісілер болып қалыптасқан-ды.

Моңғолияда тұратын қандастарымыз да қазақтың қара домбырасы мен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, мәдениетімізді ардақ тұтатын ағайындар екендігін жақсы білеміз. Олардан алар үлгі өнегеміз жетерлік. Нанбасаңыз сол жақтан арамызға қосылған кез келген бауырларымыздың үйіне бара қалсаңыз, бірден төрде ілулі тұрған домбыраны көресіз.

Бұл отбасында тәрбиеленген балалар да ата-анасына еліктеп, солардай әмбебап болып қалыптасуға ерекше ден қойды. Аталмыш жанұядағы тағылым алған ұрпақтарының кейбір шығармашылықтағы жетістіктеріне де қысқаша шолу жасап өтелік.

«Болар бала бесігінде бұлқынар» демекші, Заңғар ініміз отбасындағы тағылымды тәлім-тәрбиені былай қойғанда, мектеп және жоғары оқу орнының қабырғасында жүргенде өзінің келешегінен үлкен үміт күттірер дарынды жас екендігін байқатты. Күнделікті сабақ пен оқуды айтпағанның өзінде, жас жеткіншектер арасындағы айтысқа қатысып, сөз өнеріне бейімділігін айқын дәлелдеді. Бұл орайда тәлімгері, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркеновадан түйгені мол. Осы күнге дейін талай додаларда топ жарған ұстазының адамгершілік қырлары мен шеберлікке баулыған шақтарын айтудан еш жалыққан емес.

Есімі көпке белгілі дарынды азамат Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің журналистика факультетін аяқтады. Студент кезінде кәсібіне деген құштарлығын танытып, құрдастарының арасында кішіпейілдік, үлкенге деген құрмет секілді жақтарымен көзге түсті.

Қолына диплом  алған соң өзінің журналистік еңбек жолын «Қазақстан-Қостанай» телеарнасында қатардағы тілшіліктен бастады. Алғыр да тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын ол өзінің таңдаған мамандығында тәлім алған ұстаздары ретінде Байтұрсын Ілияс, Серікбай Оспанов, Сәлім Меңдібаев, Серік Шайман, Жанұзақ Аязбеков сияқты республикаға танымал қаламгерлерді үнемі құрметпен ауызға алады.

Өңірдегі қызметінде ысылып, өзін кәсіби жағынан көрсеткен соң  елордамыздағы «Астана» телеарнасына меншікті тілші ретінде жұмысқа шақырылды. Алғашқы күннен бастап облыстан танымдық-тағылымдық жағынан көрерменге берері мол маңызды хабарлар мен бағдарламалар дайындап, өзін тынымсыз ізденіс үстіндегі әріптес ретінде көрсетті.

Уақыттың бағасын білетін, ұлтжанды да іскер жігіт талай рет мәртебелі марапаттарға ие болды. Өткен тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы оның жадында мәңгілік сақталып қалды. Себебі, өзі қызмет атқаратын телеарнаның басшылығы  мұның еңбекқорлығы мен қайраткерлік, азаматтық жағын ескеріп, «Құрмет» орденіне ұсынды. Сондай-ақ, Заңғар ініміз журналистер арасында өткен республикалық «Нұр-Сұңқар» байқауының екі мәрте дипломанты. Қостанай меценаттар клубы тағайындаған «Шабыт» сыйлығының лауреаты. Осы марапаттар оны жігерлендіріп, шығармашылық толағай табыстарға жетеледі. Сондай-ақ, есімі өңір жастарының «Алтын» кітабына енді. Парасатты азамат осы құрметті өзіне жүктелген жауапкершілік пен аманат деп түсінді.

Заңғардың бір інісі Дәркенбай да ғұмырын өнерге бағыштады. Қостанайдағы жоғары оқу орнын аяқтап, музыкалық  білім алды. Қазіргі таңда Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясына қарасты дәулескер күйші Назымбек Молдахметовтың есімі берілген ұлттық оркестрдің белді мүшесі.

Дәркенбайдың отбасы да руханиятқа жақын. Оның бір ұлы Дінмұхаммед Алматыдағы қаншама таланттарды түлетіп ұшырған киелі өнер ордасы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мектепте оқиды. Әкесі секілді болашақ күйші.

Санай ақсақалдың отбасының ұйытқысы болып отырған алғашқы перзенті Мейрамбек ініміздің аяулы қызы Айжан да жоғарыда аталған филармонияның танымал әншісі. Қостанайда дәстүрлі әндерді әуелете орындайтын дарынды жас ретінде белгілі.

Әрине, кімге болсын кіндік қаны тамған жер ыстық екені аян. Отағасы Санайдың жастық шағы бірге өткен қимас бауырлары, тай-құлындай тебісіп  өскен құрдастары Баян-Өлгей өңірінде қалды. Олармен туыстық қарым-қатынастары үзілген емес. Барыс-келіс жасап тұрады.

Саналы ұрпақтарын тәрбиелеген Әзей өте қонақжай. Оның өзіне тірек санайтын бір інісі Бақдәулет Қостанай шаһарына таяу жерде орналасқан Жданов деп аталатын құтты қоныстың тұрғыны. Отбасының берекесін келтірген ғазиз жан. Ата-бабамыздан келе жатқан әйел затына тән барлық салт-дәстүрімізге жетік. Балаларымен қатар келіндеріне де ақылшы ана. Немере-шөберелеріне ардақты әже.

Ерлі-зайыптылар осы ұл-қыздарынан тараған ұрпақтары ұлттық мерекелерімізде киелі қара шаңыраққа жиналғанда ерекше бақытқа бөленіп, мәре-сәре болып қалады. Өмірлерінің мәнді де сәнді өтіп келе жатқанына да шүкіршілік етеді. Құда-құдағиларымен де сыйласады. Оларға мақсат та, мүдде де ортақ.

Өзім көптен бері ойда жүрген қандастарымыз хақында толық мағлұмат алу үшін әріптесім әрі туған інімдей болып кеткен Заңғар Санаймен кездесіп, емін-еркін сөйлестім. Сонда  ол көп ойланып, толғанып жатпастан былай деп жан-сарайын ақтарды: «Қазақстанның егемендік алуы сонау Моңғолияда ұзақ жылдар бойы тіршілік кешкен біздің әулетіміздің мұнда оралып, жергілікті ағайындармен қауышуына жол ашты. Осында терең білім алып, таңдаған кәсібімізді меңгердік. Ол үшін Мемлекет басшысына, асқар таудай ардақты әкемізге алғысымыз шексіз. Кішкентай кезімізде отағасы бізбен дастархан басында отырып сөйлескенде: «Қарақтарым, сендердің ата-жұрттарың қазақ елі. Соны ешқашан ұмытпаңдар. Аман болсам, өздеріңді сонда жеткізуге уәде беремін» дейтін. Қымбатты әкеміздің сол сөздері шындыққа айналып қабыл болды. Арманы орындалды».  

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here