Абай атындағы ҚазҰПУ профессорлары Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі (IAAR) өткізетін Қазақстан Республикасының сұранысқа ие жоғары оқу орындары тәуелсіз рейтингінің ТОП-50 үздік ғалымдар қатарына енді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындары үшін мақұлдаған IААР рейтингі білім беру сапасын арттыруға бағытталған және жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру сапасын жақсарту бағытындағы көрсеткіш болып табылады.
Осылайша, Абай университетінің 5 оқытушысы өткен жылдың көрсеткіштерін жақсартып, Қазақстанның жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы бас рейтингінің ТОП-50 ғалымдарының қатарына еніп, Abai University беделін арттырды. Олар – В.Н. Косов, Е. А. Бөрібаев, А. С. Бердышев, Ж. А. Хамзина және Б. С. Ахметов.
Еліміздің жетекші педагогикалық университеті – Абай атындағы ҚазҰПУ соңғы жылдары ұлттық және халықаралық рейтингтерге белсене қатыса отырып, тұрақты түрде жетекші орындар алып келеді. Бұл ретте атақты ғалымдардың да, олардың жас талантты әріптестерінің де зерттеулерін қолдау үлкен рөл атқарады. Ғылыми-зерттеу университеті мәртебесін алу үшін басшылық өз қызметінің ғылыми бағытын жан-жақты дамытуда. Осылайша, Абай университетінің үздік оқытушылары өз жобаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік және университетішілік гранттар алып, әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтуде, республикада және шетелде өтетін байқауларға, түрлі ғылыми шараларға қатысуда. Білім алушыларға белгілі шетелдік ғалымдар мен сарапшылар дәріс оқиды, олар да қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасады. Ғылыми бағытты дамыту жолында басқа да жұмыстар жүргізілуде.