Жетпіс бес жыл бұрын бір Корея екіге қалай бөлінді?

0
2174

Түрі, тілі, ділі бір болғанымен, бүгінде корей ұлты екіге бөлінген мемлекет. Корей түбегінің оңтүстігінде – Корея Республикасы, ал солтүстігінде – Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) орналасқан. Екінші елдің бейресми атауы – Солтүстік Корея. Солтүстігінде Қытай және Ресеймен шектеседі. Астанасы – Пхеньян. Социалистік ел. Билік Еңбек партиясының қолында, яғни біздің тілмен айтқанда, Солтүстік Кореяның президенті (партия төрағасы) – 41 жастағы Ким Чен Ын. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осыдан 75 жыл бұрын екіге бөлінген бір ұлтқа тоқталады.

КОРЕЙЛЕРДІҢ
ЕКІ МЕМЛЕКЕТКЕ БӨЛІНУІНЕ
КСРО МЕН АҚШ-ТЫҢ
ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?

Күні кешеге дейін 41 жыл бойы немістер екіге бөлінді, сол заман тілімен айтсақ, 1949-1990 жылдардағы капиталистік Федералды Германия және социалистік Демократиялы Германия. Біріншісі – НАТО құрамында, екіншісі – Варшава келісім жағында болды. Соғыс өрті тұтана қалса, екі жақтың да оттығының ұшында тұрған екі неміс бір-бірін өлтіретін еді. Кезінде Вьетнам жұрты да екіге бөлінді: солтүстік – социалистік, оңтүстік – капиталистік. Дегенмен, бүгінде сол Германия да, Вьетнам да біртұтас елге айналды. Ал, 75 жылдан бері бір-біріне ата жау болып келе жатқан корей халқының бүгінде бір елге айналуы мүмкін еместей көрінеді. Ал, бір Корея қалай екіге бөлініп еді?

Корея 1910-1945 жылдары Жапонияның боданында болды. Ал, 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияның жеңіліс тапқаны белгілі. Яғни, сол жылдың тамызында Германияның одақтасы болған Жапониядан Кореяны азат етуге екі ұлы держава – КСРО мен АҚШ білек сыбана кіріседі. Кореяға біріншісі елдің солтүстігінен, екіншісі оңтүстігінен «көмек қолын» созып, жапон басқыншыларын қуып шығады. Осылайша, Корея екіге бөлініп, солтүстік – КСРО-ның, оңтүстік – АҚШ-тың бақылауына өтеді. Солтүстік Кореяны басқаруға коммунист Ким Ир Сен, Оңтүстік Кореяны басқаруға капиталистік көзқарастағы Ли Сын Ман тағайындалады. КСРО мен АҚШ-тың келісімі бойынша, уақытша басқару мерзімі аяқталғаннан кейін екі тарапты (солтүстік пен оңтүстікті) қайта біріктіру көзделеді. Бірақ, Корея екі алып державаның саяси ойыншығына айналып, корей ұлтының тағдыры тәлкекке түседі. 1948 жылы 15 тамызда Сеулде ресми түрде Корея Республикасы, ал 9 қыркүйекте Пхеньянда Корей Халық Демократиялық Республикасы құрылады. Осылайша, КСРО мен АҚШ-тың кесірінен екіге бөлінген корейлер бір-бірімен соғысты бастайды.

КСРО және Қытайдың қолдауымен Солтүстік Корея әскері қуатты күшке ие болды. Содан Ким Ир Сен Иосиф Сталинге Ли Сын Ман басқаратын Оңтүстік Корея билігін басып алуға көмектесуін өтінеді. Көп ойланбастан Сталин Ким Ир Сеннің өтінішін жерге тастамайды. КСРО мен Қытайдың қолдауымен Ким Ир Сен ата жауы болған Ли Сын Ман билігіне шабуыл жасап, Оңтүстік Кореяның 90 пайыз жерін басып алады. Алайда, Ким Ир Сен жергілікті халықтың қолдауына ие бола алмайды.

1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін Солтүстік Корея Кеңес Одағының қолдауынсыз қалады. Яғни, Ким Ир Сен Оңтүстік Кореядан бас тартуға мәжбүр болады.

1950 жылы 25 маусымда басталған Корей соғысы 1953 жылғы 27 шілдеге дейін жалғасты. Корей соғысының зардабы орасан зор болды. Түрлі деректер бұл соғыста жалпы саны 5-6 млн адамның қаза тапқанын көрсетеді.

Иә, Кореяның кезінде қайта бірікпеуіне КСРО мен АҚШ-тың өз мүдделерін корей ұлтының тағдырынан биік қоюлары себеп болды. Өйткені, қос держава Кореяны өз жақтастарының басқаруын қалады. Ал, бұл жағдайда корей ұлтының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы» мүмкін емес еді.

Содан бері ұзақ уақыт өтсе де, коммунист корейлер мен демократ корейлердің басы бірігер емес, бір-бірін ата жаудай көреді. Өйткені, осы жылдар аралығында Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея басшылығы бір-біріне қарама-қайшы идеологияны жүргізіп келді. Оңтүстік Корея антикоммунистік, ал КХДР антикапиталистік саясатты қатаң ұстанды. Соны халықтың санасына әбден сіңірді. Соның салдарынан бір ұлттың екі көзқарастағы ұрпағы пайда болды.

Қазіргі жағдайда екіге бөлінген корей халқының тұтастығы туралы айтудың өзі артық болса керек. Ал, әлем державаларының қысымына қарамастан ядролық қаруын жасап алған Пхеньян райынан қайтар емес. Бұрнағы жылдары КХДР Гуам аралын (Тынық мұхитындағы АҚШ-тың жері) баллистикалық зымыранмен атқылайтынын, АҚШ-тың айбатынан еш сескенбейтінін мәлімдегенін ұмыта қойған жоқпыз. Сол тұстағы Ақ үй басшысы Дональд Трамп та Солтүстік Кореяға зымыранмен жауап беретінін хабарлаған-ды. Алда-жалда Ким Чен Ын Гуамды нысанаға алса, АҚШ-тың да қол қусырып қарап отырмайтыны белгілі. Оқиға мұндай жағдайда өрбісе, Корея түбегінде қайта соғыс өрті лап етуі ықтимал. Бұл соғыс Солтүстік Кореяға да, оның айналасындағы Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Жапония, Батыс елдеріне де абырой әкелмейді. Мұны ресми Пхеньян да, әлем державаларының басшылары да жақсы түсінеді.

КИМ ЧЕН ЫН
ЕКІ АҒАСЫНЫҢ АЛДЫН
ОРАП КЕТТІ МЕ?

КХДР сөз жүзінде демократиялық ел болғанымен, іс жүзінде мемлекеттік басқару құрылымы автократия мен монархияға келеді. Билік әкеден балаға мұра ретінде қалады. Ким Чен Ын 29 жасында билік басына осындай мұрагерлік жолмен келді. Ал, Солтүстік Корея әлемдегі ең жабық елдердің бірі болып саналады. Социалистік елдің ішінде болып жатқан оқиғалар жайлы ақпарат аз. Жабық елде шын мәнісінде не болып жатқанын нақты білу қиын. Негізгі ақпаратты әлемдік қауымдастық КХДР мемлекеттік баспа органдарынан немесе Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың барлау қызметтерінен алады. Әрине, Пхеньян өзін мақтаған, Батыс елдерін даттаған ақпарат таратады. Бірақ, 26 млн халқы бар және халықаралық санкция құрсауында қалған жабық елде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» тумағанын ішіміз сезеді. Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы барлық саладағы айырмашылық жер мен көктей. Әрине, диктатор басқарған елдің оңғаны жоқ.

Пхеньянның Солтүстік Кореяға қатысты таратқан кез келген ақпаратына жұртшылық күмәнмен қарайды. Демократиялық принциптер ескерілмейтін, халқын елден сыртқа шығармайтын әрі интернетті бұғаттап тастаған автократиялық елде нағыз диктатура орнағанын бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін жақсы біледі. Содан жұртшылық Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың барлау қызметтеріне құлақ түреді. Мысалы, Ким Чен Ынның нақты жасы да белгісіз. КХДР мәліметтерінде оның 1982 жылы 8 қаңтарда жарық дүниеге келгені жазылады. Бірақ, Оңтүстік Кореяның барлау қызметі оның бір жылдан кейін дүниеге келгенін хабарлайды. Сонда Пхеньян неге жалған ақпарат таратады? Бұл сұраққа Оңтүстік Корея барлау қызметінің өз жауабы бар. Олардың мәліметінше, Солтүстік Корея билігі Ким Чен Ынның туған жылын ел үшін маңызды мерейтойларға, яғни әкесі Ким Чен Ирдің 40 жылдығына және атасы мен елдің бірінші басшысы Ким Ир Сеннің 70 жылдығына орай өзгерткен. Солтүстік Корея былтыр Ким Ир Сеннің 110 жылдығын, Ким Чен Ирдің 80 жылдығын, Ким Чен Ынның 40 жылдығын тойлады. Осылайша, Пхеньян болашақ үшінші көсемнің туған жылын бір жылға арттыруға идеологиялық тұрғыдан қараса керек.

Ким Чен Ынның балалық шағы туралы да мардымды ақпарат жоқ. Бұл тұста ресми ақпаратқа ғана жүгінуге тура келеді. Ресми мәліметке сенсек, Ким Чен Ын – Ким Чен Ирдің үш ұлының кенжесі. Анасы Ко Ён Хи – Ким Чен Ирдің үшінші әйелі. Екі ағасы мен қарындасы бар. Үлкен ағасы Ким Чен Намды Ким Чен Ирдің бірінші әйелі Сон Хе Рим туған.

Солтүстік Кореяның басшылығы мен Ким әулеті туралы ақпарат жариялайтын North Korea Leader-ship Watch порталының мәліметінше, Ким Чен Ын балалық шағын Солтүстік Кореяда өткізген. Тоқсаныншы жылдары оны ағасы мен әпкесімен бірге Швейцарияға оқуға бүркеншік атпен жіберген. Елдің болашақ үшінші көшбасшысы Отанына екі мыңыншы жылдардың басында оралған. Содан Ким Ир Сен атындағы Әскери университетке оқуға түскен.

Енді Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың барлау қызметтерінің бейресми мәліметтеріне тоқталайық. Жоғарыда қазіргі көсемнің бұрынғы көсемнің үш ұлының кенжесі екенін жаздық. Ресми мәлімет солай дейді. Бейресми мәлімет бойынша, Ким Чен Ирдің заңды төрт некеден туған сегіз, некесіз туған тоғыз, жалпы 17 перзенті болған. Әрине, Солтүстік Корея сияқты елде басшы барлық жағынан мінсіз болуы керек. Содан Ким Чен Ирдің некесіз туған балалары оның ресми өмірбаянында атап көрсетілмейді.

Көзі тірісінде Ким Ир Сен де, Ким Чен Ир де өз-дерін «мәңгілік көшбасшы» деп санағандарымен, мына жалған дүниеде ешкімнің мәңгілік емес екені анық. Солтүстік Кореяның негізін қалап, өзі құрған елді соңғы демі қалғанша 45 жыл 302 күн басқарған Ким Ир Сен 1994 жылы 8 шілдеде қайтыс болған-нан кейін «таққа» оның ұлы Ким Чен Ир отырды. Ол да ажалы келгенше 17 жыл 162 күн елді уысынан шығармай ұстады. Яғни, 2011 жылдың 17 желтоқсанында Солтүстік Корея басшысы жетпіске қараған шағында қайтыс болды. Ким Чен Ирдің мұрагері ресми мойындалған үш ұлдың кенжесі Ким Чен Ын болды.

Осы арада «Неге мұрагер үш ұлдың кенжесі болды?» деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені, Ким Чен Ын отызға толмай жатып орда бұзды. Оның тете ағасы Ким Чен Чхольді есепке алмағанда, Ким Чен Ирдің тұңғышы Ким Чен Намның да билікті қолына ұстауға мүмкіндігі бар еді. Бірақ, Ким Чен Ын екі ағасының да алдын орап кетті.

Айта кетейік, Ким Чен Ынмен қаны бір болғанымен, аналары бөлек Ким Чен Нам 2017 жылы 46 жасында Куала-Лумпур халықаралық әуежайында (Малайзия) жендеттердің қолынан қаза тапты. Жендеттер оны улап өлтірді. Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Ким Чен Нам өлімінің артында туған інісі Ким Чен Ын тұрғанын, оны өлтіруді КХДР Мемле-кеттік қауіпсіздік министрлігінің төрт қызметкері мен КХДР Сыртқы істер министрлігінің екі қызметкері ұйымдастырғанын жалпақ жұртқа жариялады. Сонда әулеттің тұңғышы Пхеньянға неге жақпайды қалды? Жауап беріп көрейік.

Ким Чен Нам 2001 жылға дейін тақ мұрагері саналды. Екі інісі сияқты Швейцарияда білім алды. Отанына оралған соң бірқатар жоғары партиялық лауазымдарға тағайындалды, елдегі ақпараттық технология саласының дамуына жетекшілік етті және 2001 жылдың қаңтарында әкесі Ким Чен Ирмен бірге Шанхайға сапар шегіп, қытай шенеуніктерімен де кездесті. Бірақ, тұңғыштың сол жылы жасаған ойсыз әрекеті опық жегізді. Айталық, ол отбасымен бірге жалған төлқұжатпен Жапонияға кірмек болған жерінде ұсталды. Сапардың мақсаты – төрт жастағы баласына атақты Диснейлендтің Токиодағы көшірмесін көрсету еді. Диктатор әкенің мұндай тірлікті құп көрмейтіні белгілі. Дегенмен, өз қолын өзі кесе алмады. Баласын құтқарды. Жапония Ким Чен Намды Қытайға депортация жасады. Содан әке мен баланың арасы нашарлап, көп ұзамай ол шетелге қоныс аударды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін кенже інісімен де тіл табыса алмады. Тіпті, Пхеньян оны «АҚШ-тың Орталық барлау басқармасына мемлекеттік құпия ақпаратты жариялап жүр» деп айыптады.

Бір айта кетерлігі, бастапқыда Ким Чен Ынмен тел өскен Ким Чен Чхоль де тақ мұрагері саналды. Ол да Швейцарияда оқыған. Қазіргі көсемнен 1-2 жас үлкендігі тағы бар. Дегенмен, ол 2015 жылы Лондонда із-түссіз жоғалып кетті. Бұған дейін Солтүстік Кореяның Ұлыбританиядағы елшісінің орынбасары болған оның қазіргі тағдыры белгісіз. Ал, Пхеньянның таратқан ресми мәліметінше, Ким Чен Чхоль тыныш өмір сүреді, саясатқа мүлдем араласпайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Майлықожаның термесінде «Атасы жақсы қандай-ды,/ Перзент қамын ойлайды» деген жыр жолдары бар. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дегенді де қазақ айтқан. Қазақтың осы сөздері Ким Чен Ынға да қарата айтылғандай әсер қалдырады. Өйткені, атасы мен әкесі болмағанда, қазіргі көсем де болмас еді. Отызға толар-толмас жаста бір елдің тізгінін ұстау әркімге бұйыра бермейтін бақ. Дегенмен, ХХІ ғасырда халықты ХХ ғасырмен өмір сүргізу, қарсы шыққандардың көзін құрту, халқын «отырса – опақ, тұрса – сопақ» ету абырой әпермейтін тірлік. Кезінде ондаған ұлтты «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған талай империяның шаңырағы шайқалғанын ескерсек, Ким әулеті құрған режимнің түбі құлайтыны сөзсіз. Сонда жалғанды жалпағынан басқандар болашақ ұрпақтан алғыстың орнына қарғыс алады…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here