Қаңтар оқиғасы: 594 айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданды

0
257

Орталық коммуникациялар қызметіндегі өткен брифинг барысында ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев қаңтар оқиғасына байланысты 594 айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданғанын хабарлады.

«Қайғылы қаңтар оқиғасының себебін, террористік актілер мен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды анықтау және тергеумен арнайы прокурорлар жетекшілігімен ведомствоаралық жедел-тергеу топтары айналысып жатқанын естеріңізге саламыз. Өкілеттікті асыра пайдалану және тергеу мен анықтаудың рұқсат етілмеген әдістеріне азаматтардың шағымдары бойынша тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері, жекелеген жағдайларда арнайы прокурорлар жүргізуде», – деп нақтылады Мұхтар Қожаев.

Тергеу департаменті бастығының орынбасары ішкі істер органдарының жедел-тергеу топтары жаппай тәртіпсіздіктер аясында жасалған ұрлық, тонау, бұзақылық, мүлікті қасақана бүлдіру, қаруды ұрлау әрі сақтау сияқты фактілерді тергеп жатқандығын айтты.

«Полиция қаңтар айындағы оқиғалар бойынша барлығы 4 642 қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде 2,5 мыңнан астамы – ұрлық, 708-і – қаруды ұрлау немесе сақтау, 418-і – бұзақылық, 199-ы – мүлікті жою, 26-сы – қарақшылық және тонау фактісі. Осы қылмыстық істер аясында полиция тергеушілері 15 мыңға жуық адамнан жауап алды. 35 мыңнан астам тергеу әрекеттері және 2,5 мың сараптама жүргізілді. 1 731 азамат жәбірленуші болып танылды. 343 млн теңгеден астам сомаға шығынды өтеу қамтамасыз етілді», – деп соңғы мәліметтерді келтірді Мұхтар Қожаев.

ІІМ өкілінің дерегінше, бүгінде 969 істі тергеу аяқталып, оның ішінде 594 айыпталушыға қатысты іс соттарға жолданды. Сотта қарау нәтижесінде 500 адамға қатысты үкім шықты. Олардың көпшілігі, нақты айтқанда, 398 адам бас бостандығынан шектелді.

«Қазір полиция тергеушілерінің өндірісінде 289 іс бар. Оның ішінде 20-сы бойынша 27 күдікті анықталған. Олардың алтауы күзетпен қамауда ұсталуда. Жақын арада бұл қылмыстық істер бойынша түпкілікті шешім қабылдау жоспарланған. Бұл ретте, Ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеу барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын әрі бұзылмауын қатаң бақылауда ұстауда», – деді Тергеу департаменті бастығының орынбасары.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here