Қалпына келтірілген Дінмұхамед Қонаевтың саяжайы

0
1135

Жаңадан құрылған Алматы облысында есте қаларлық игі шара өтті. Кездесу шеңберіндегі шара халқымыздың сүйікті ұлы, танымал тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа арналды. Оны Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Қазақстан туристік ассоциациясы бірлесіп ұйымдастырды.

Бас қосу парктің саялы да сұлу табиғатында өткізілді. Ұйғыр ауданы аумағындағы табиғаты әсем көрініске алыс-жақыннан ат терлетіп келгендер таңырқай қарады. Таулы тасты, өзені мен көлінің суы мол аймақ еліміздің сұлу өңірінің бірі болса керек.

Айта кету керек, бұл жер әуелде облыс басшылары дем алатын саяжай ретінде пайдаланылған. Кейін Мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаевқа аңшылық үйі болсын деп ұсынылған. Аңшылық үйінің іргетасы 1972 жылы қаланған. Елу жыл бойы сәнінен айырылмаған ағаш үй қазіргі кезде ерекше күтімге алынған. Үйдің ішін аралаған біздер таң тамаша болдық. Аумағы кең төргі бөлменің ортасына жиырма бес адам отырарлықтай ұзын үстел қойылған. Төргі бөлменің қабырғасына фотосуреттер ілінген. Жансыз бейнеде Дінмұхамед Қонаев дос-жарандарымен, таныстарымен, туған-туыстарымен қатар тұр. Сондай-ақ, екі адамдық жатын бөлме, жуынатын бөлме де бар.

Қонақ шақырғандар осынау фотосуреттерді қабырғаға ілумен қатар Дінмұхамед атамыздың үлкен полотноға әсемделген суретін жасатыпты. Полотно қос ағаш тұғырға бекітіліп, әлгі ағаш үйдің кіре беріс тұсына орналастырылған екен. Суретте Дінмұхамед атамыз үстіне аңшылық киімін киіп, аңшылық мылтығын оң қолына қыстырған қалпы биік ағашқа сүйеніп тұр.

Асыл атамыздың алтын уақытын тек жауапты қызметке ғана жұмсап,  дем алуға уақыт таппай жүрген күндері көп болғаны тарихтан белгілі. Алматыдан екі жүз шақырымдай тұстағы саяжайға аптадағы демалыс күндері тыныштық іздеп келе бермепті. Бұл туралы Ұйғыр ауданы мәслихатының хатшысы Есжан Нұрәкім шындыққа жанасатын әңгімесін алға тартты.

«Дінмұхамед Қонаевтың қандай қызметте де ұқыпты болғаны анық. Кейбір елдердің басшылары сияқты аң аулауға, құс атуға аңсары ауа бермеген. Біздің ауданға қызмет бабымен жолы болған шақтарда ғана саяжайға аялдағанын естіп, біліп жүрдік», – дейді.

Жиынға келген қария Ызғарбек Бектұрсынұлы мен Қазақстан туристік ассоциациясының төрайымы Рашида Шәйкенова ағаш үйдің жанына орналастырылған фотополотноның бетіне жабылған ақ пердені салтанатты түрде ашты. Жиналғандар орындарынан тұрып, дуылдата қол соқты. Сол кезде жұрттың бәрі де бір сәтке ғана аяулы ата Дінмұхамед аңшылықта жүргендей жылы сезімге бөленді. Міне, халық қашанда есіл ердің есімін ұмытпайды.

Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметовпен жолығып, сұхбаттасқанда көп жайдың беті ашылды. Оның айтуынша, мемлекеттің құнды табиғи алқабы аталған кәсіпорынның ерекше қамқорлығында. Сонымен қатар, олар Дінмұхамед атамыздың есімі берілген саяжайға жоғары ілтипатпен қарайды.

Ермекбай ХАСЕНОВ, ҚР Мәдениет қайраткері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here