Америкалық тыңшының тордағы тағдыры қалай шешілді?

0
1247
Фрэнсис Пауэрске қатысты сот 1960 жылы 17 тамызда Мәскеуде, Одақтар үйінің Колонналар залында өтеді, екі күннен кейін америкалық тыңшы 10 жылға бас бостандығынан айырылады

Ол туралы бұрын-соңды ешқашан айтылмаған. КСРО билігі бұл инцидентті жұрт көзінен жасырын ұстауға тырысқан. Тергеу амалдары да жасырын өткен. Әрине, құпия – құпия болуы үшін ғой, оны бір-ақ адам білуі тиіс. Ал, оны көп адам білетін болып шықты. Бірақ, ол туралы араға жарты ғасыр салып қана айтыла бастады. Оның өзінде Қазақстан аумағындағы ең жасырын ғарыш айлағы орналасқан Төретам станциясы туралы ешнәрсе айтылмады. Цензура оған тыйым салды.

АҚШ КСРО-НЫҢ ӘУЕ КЕҢІСТІГІ АРҚЫЛЫ БАРЛАУ
ЖҰМЫСТАРЫН ҚАШАН ЖҮРГІЗЕ БАСТАДЫ?
 

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары АҚШ пен КСРО арасында орын алған қырғи-қабақ соғыс кезінде Американың әскери барлау ұшақтары кеңестік әуе кеңістігін жүйелі түрде бұзып, барлау жұмыстарын жүргізе бастады. Кейбір «ұшқыштардың» жолы болмады. Мәселен, 1960 жылы 1 мамырда Свердловск маңында «Lockheed U-2» барлау ұшағы атып түсірілді. Дәл сол күні КСРО басшысы Никита Хрущев пен АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэрдің Париждегі кездесуіне екі апта қалғанда тыңшылық зерттеулер жүргізген америкалық «Lockheed U-2» барлау ұшағының атып түсірілуі Америка беделіне соққы болды.

1955 жылы Женевадағы кездесуде АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр КОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы, сол кездегі КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Никита Хрущевпен күтпеген шабуылдың алдын алу үшін АҚШ пен КСРО арасында келіссөздер жүргізуге тырысқан болатын. Бірақ, Хрущевтің бұл ұсынысты үзілді-кесілді қабылдамағанына қарамастан, Америка өз жоспарларынан бас тартпады және оның барлау ұшақтары үнемі кеңестік әуе кеңістігінде жасырын ұшуын жалғастыра берді.

Америкалықтар ресми түрде метеорологиялық барлау әуе эскадрильясы деп аталатын арнайы 10-10 отрядын құрды. Тыңшылық ұшуларды АҚШ Әуе күштерінің флагманы саналатын – «Lockheed U-2» ұшақтары орындады. Негізгі міндет – КСРО аумағында орналасқан радиолокациялық станциялар және кеңестік әуе қорғанысының позициялары туралы ақпарат жинау болды.

Бір қызығы, АҚШ-тың 34-ші президенті бұл мақсатқа «Lockheed U-2» ұшақтарын пайдалануға қарсы шықты. Өйткені, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін, бұл өз кезегінде КСРО-мен қарым-қатынастың нашарлауына және ықтимал қақтығысқа әкелетінін жақсы түсінді. Бірақ, амалсыздан олардың ұшу операциясына рұқсатын берді.

1956 жылы 4 шілдеде «Lockheed U-2» ұшақтары КСРО-ның үстінен тұрақты ұшуды бастады және барлау әуе түсірілімдерін сәтті жүргізді. Олар кеңестік әуе қорғанысы үшін қолжетімсіз биіктікте ұшып жүрді. Кеңестік әуе кеңістігін бұзу фактілері бірнеше рет тіркеліп, оған қарсы КСРО үкіметі 1956 жылғы 10 шілдеде наразылық нотасын жолдады. КСРО билігі АҚШ Әскери әуе күштерінің бұл әрекетін «Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынастарды шиеленістіруге бағытталған қасақана әрекет» деп бағалап, тыңшылық әрекеттерді тоқтатуды талап етті.

Арада алты ай тыныштық орнаған болды. 1957 жылдың қаңтарында америкалық «Lockheed U-2» ұшағы Сібір мен Қазақстандағы құпия нысандарды суретке түсіру мақсатында кеңестік әуе кеңістігінде қайтадан ұша бастады. 1960 жылдың мамыр айына дейін 20 рет барлау ұшағы кеңестік әуе қорғанысы радарларына түсіп қалды. Сәуір айынан бастап АҚШ әуе күштері өз қызметін күшейте түсті. 9 сәуірде әуе қорғанысы радарлары тағы бір «Lockheed U-2» ұшағының ұшуын тіркеді, ол көптеген әскери құпия объектілерді, соның ішінде Семей ядролық полигонын суретке түсірді. Ведомстволық емес шатасулар кеңестік әуе қорғанысының америкалық барлау ұшағына шабуыл жасауға мүмкіндік бермеді.

БАРЛАУ ТЫҢШЫСЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ҚАРМАҒЫНА ҚАЛАЙ ІЛІНДІ?

1960 жылы 1 мамырда таңертең ең жақсы америкалық әскери ұшқыштардың бірі – Фрэнсис Пауэрс Пәкістанның Пешавардағы аэродромынан «Lockheed U-2» барлау ұшағымен ұшып шығып, Ауғанстан арқылы Мәскеу уақытымен 05:35-те әуе шекарасын кесіп өтеді. Барлау ұшағы КСРО-ның Кировабад қаласының оңтүстік-шығысынан ұшып шығуды жоспарлайды. Ол сәуір айының соңына жоспарланады, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты ол кейінге шегеріледі. «Lockheed U-2» ұшағы шамамен 21 шақырым биіктікте сағатына 780 шақырым жылдамдықпен ұшады екен. «Төретам» (Байқоңыр) ғарыш айлағын суретке түсірген Пауэрс Магнитогорскіге, одан әрі қарулы плутоний шығаратын «Маяк» зауыты орналасқан Челябі-40 нысанын бетке алады. Америкалық барлау ұшағын кеңестік әуе қорғанысы радарлары бірден байқайды. Оның жолын кесуге әрекет жасалады. Бірақ, өкінішке қарай, олардың бәрі сәтсіз аяқталады. Біріншіден, америкалық барлау ұшағының ұшу биіктігі кеңестік ұшақтардың ұшу биіктігінен айтарлықтай жоғары болды. Екіншіден, сол күндері КСРО-да үлкен мереке болып, әуе барлау ұшақтары анық күтпеген оқиғаларға тап келді. Сәтсіз тосқауыл қою әрекеттерінен кейін команда америкалық барлау ұшағын жою туралы шешім қабылдайды.

Айта кету керек, Пауэрс ұшағын атқылаған дивизия толық күшінде болмағанымен, атылған жеті зымыранның біріншісі нысанаға дәл тиеді. Мәскеу уақытымен 08:53-те Верхняя-Сысерть су қоймасы аймағында Косулино ауылының (Свердлов облысы) маңында ұшып бара жатқан америкалық ұшақ S-75 әуе қорғаныс жүйесімен атып түсіріледі. Зымыран ұшақтың соңында жарылып, оның құйрық бөлігі мен қозғалтқышына снарядтар тиген болып шығады. Осыдан соң «Lockheed U-2» барлау ұшағы жылдамдығын жоғалтып, жерге құлай бастайды.

Ұшқыш Пауэрс өзі отырған орындық пен панель арасында қыстырылып қалып, катапультті пайдалануға мүмкіндігі болмай қалады. Ол ұшақтың жерге құлауына бес шақырым қалғанда парашютпен жерге түседі. Атып түсірілген барлау ұшағы Поварня селосының маңына, ал ұшқыш Косулино селосының маңына түседі. Ұшқышты жергілікті тұрғындар ұстап алады.

Бұл туралы КСРО әскери билігі ештеңе білмейтін. Сондықтан КСРО әскери кеңістігін барлаушы ұшақтары бірінен соң бірі барлау мақсатында көкке ұшып шығады. Осы кезде кеңес әуе кеңістігінің атқыштары жерден көтерілген өзіміздің «МиГ-19» екі ұшағын жау ұшағымен шатастырып, ракетадан оқ жаудырады. Бір оқ кеңес ұшағына тиіп, ол жерге құлайды. Ұшқыш қаза табады.

АҚ ҮЙ ӘЛЕМ АЛДЫНДА ҚАЛАЙ АҚТАЛДЫ?

1960 жылы 5 мамырда таңғы сағат алтыда диктор Юрий Левитан радио арқылы бүкіл кеңес халқына Никита Хрущевтің мәлімдемесін хабарлайды. Хрущев өзінің шамадан тыс эмоционалдылығымен кеңес халқына зымыраншылардың тыңшы ұшағын атып түсіргенін айтып, «арандатулардың көмегімен Париж саммитін бұзуға тырысып жатқан америкалық агрессивті топтарды» ашулы түрде айыптайды. Алайда, Америка тарапы кеңес билігінің бұл айыптауларымен келіспейді. NASA әкімшілігі Пауэрс басқарған «Lockheed U-2» ұшағының мақсаты таза ғылыми екенін айтып ақталған болады. Болжам бойынша, ұшақ Түркияның үстінен ұшу кезінде жоғалып кеткен болып шығады. Жоғалып кетуден бір минут бұрын Паэурс радио арқылы оттегі жетіспейтінін хабарлайды. Бірақ, 6 мамырда Никита Хрущев радиодан «америкалық ұшқыш тірі және ол енді қайықты шайқамайды» деген үндеу жасайды. Осы сөзден кейін ресми Мәскеу Ақ үйге ұшқыш Пауэрстің қамауға алынып, куәлік беріп жатқаны туралы ресми мәлімдеме жібереді.

1960 жылы 16 мамырда Парижге конференцияға қатысуға келген Никита Хрущев АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр одан болған оқиға үшін көпшілік алдында кешірім сұрамайынша, оған қатысудан бас тартатынын жариялайды. Бұл – АҚШ-тың халықаралық беделіне ауыр соққы болып тиеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Пауэрске қатысты сот 1960 жылы 17 тамызда Мәскеуде, Одақтар үйінің Колонналар залында өтеді. 19 тамызда үкім оқылып, ұшқыш 10 жыл бас бостандығынан айырылып, оның алғашқы үш жылын түрмеде өткізу жазасына кесіледі. Алайда, 1962 жылы 10 ақпанда Фрэнсис Пауэрс АҚШ-та тұтқындалып, 32 жыл түрмеде жазасын өтеп жатқан кеңестік барлау офицері Рудольф Абельге ауыстырылады.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here