Жолда жүру ережелеріне күзде қандай өзгерістер енгізіледі?

0
1439

Елімізде жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» Қазақстан Республикасының заңы күшіне енеді. Онда жолда жүру ережелеріне қатысты қандай өзгерістер қарастырылғаны туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев айтып берді.

Жандос Дүйсебайұлының айтуынша, аталған түзетулерде көлікті екінші рет мемлекеттік нөмірсіз жүргізген адамға әкімшілік жауапкершіліктің жаңа құрамы қарастырылған. Онда 20 АЕК (61 260 теңге) мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу немесе көлік басқару құқығынан бір жыл мерзімге айыру көзделген. Қолданыстағы қазіргі заңда мұндай норма қарастырылмаған. Енді осы олқылықтың орны толады.

«Жалған мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралын басқарғандар үшін де жауапкершілік күшейтіледі. Айыппұл түріндегі жаза алынып тасталды. Енді аталған құқық бұзушылық үшін тек бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру және бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қолданылады», – деп түсіндірді Жандос Мұратәлиев.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы трассаларда «орташа жылдамдықты» арттырғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулерді пысықтап жатыр. Атап айтқанда, бір жыл ішінде бес реттен көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғалар айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен айырылады.

Айта кетейік, заң аясында жүргізушілердің жолдағы жауапкершілігін арттырмасқа болмайды. Өйткені, елімізде жол апатынан күн сайын шамамен 10-ға жуық адам қаза тауып, 70-ке жуық адам түрлі дене жарақаттарын алады. Мысалы, жарты жылда жолда 700-ден астам адам қаза тауып, 7 мыңға жуық азамат жарақат алған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here