Түнгі зобалаң (деректі әңгіме)

0
1838

…Тағы да түн. Тағы да түнгі әуе шайқасына дайындық жүріп жатты. Түнгі әуежайдың бұл реткі орналасқан жері Кавказ өңірі болатын. Оның үстіне бұл жолғы соғыс та өзге түнгі шайқастардан өзгешерек, репеті бөтен еді. Өйткені, ымырт үйіріліп, қараңғы түсуімен қарсы беттен жау ұшағы бірінің артынан бірі андыздай ұшып, қаптап келе жатқан. Звено командирі осының алдында ғана ұшқыштар мен штурмандарды сапқа тұрғызып, жағдайды жәймен түсіндірген.

– Қыздар, – деген алқына сөйлеп, – бүгінгі соғыс өткен түндердегі сырғыма соғыстарға мүлдем ұқсамайды. Бүгін әуе шайқасы болады. Бұл түн бәріміз үшін аса қиын, зобалаң түн екенін естеріңде сақтаңдар. Сол үшін ұшақтың екі жағындағы пулеметті де қатар іске қосып, әуе атысына қатысатын боласыңдар. Қорықпай, сасқалақтамай пулемет оғын дәл ататын болыңдар. Және әрбір тастаған бомбаларың да діттеген тұсқа тиетін болсын. Бұл, әсіресе, штурмандарға жүктелетін міндет. Ал, ұшақ тұтқасын ұстағандар, сендер осы жолы бар шеберліктеріңді салыңдар. Ұшақты алуан түрлі құбылтып, дұшпанның сағын сындырыңдар. Түсіндіңдер ме?!

– Түсіндік, – деп қыздар легі шу ете түскен.

– Қандай қиын сәт болса да, алға ұмтыламыз деп ант беріңдер.

– Ант береміз!

– Мен сендерге осы сөздерің үшін алғыс жариялаймын.

– Отан үшін қызмет етеміз!

Звено командирінің айтқаны айна қатесіз келген. Екі жақ та бірін- бірі барлап, шолып жатпады. Ә дегеннен ашық айқасқа шыққан. Таман әуе полкынан бірден оннан астам ұшақ көкке көтерілген. Жау ұшағының саны одан да көп. Түйдектеліп, қанат тірестіріп, қалқып келеді. Әуе атысы басталған. Қап-қараңғы аспан жарқ-жұрқ еткен көрініске, таңдайы тақылдаған пулемет үніне толып кетті. Әрине, мұндай сәтте аспандағы ұшаққа негізгі қауіптің бірі жерден төнеді. Қап-қараңғы түнді күшті от сәулелері тілгілейді. Ұшақтың дыбысын қуалаған арнайы әскери техниканың от сәулесі түн аспанын оңды-солды шимайлап, ұшақтың нобайын зенитканың оғына байлап береді…

– Тыңда мені, – деді Хиуаз.

– Тыңдап тұрмын, – деді серіктесі.

– Шұғыл көкке көтеріл!

– Шұғыл көкке көтеріліп барамын.

– Ақша бұлттардың ішін панала!

– Ақша бұлттардың ішін паналаймын.

– Ақша бұлттардың ішінде қалықтап, айналып ұш!

– Құп болады, ақша бұлттардың ішінде қалықтап ұшамын…

Ұшақты бәрінен биік көтерген қос бойжеткен әуе соғысын аспаннан бақылағандай болған. Келесі бір айналмада Хиуаз анық байқады.

Оля Таранның ұшағына оқ тиді. Оқ тисе, тез тұтанғыш ПО-2 ұшағы лап еткендей болып, жана бастаған. Осыны сезген және өзінің де енді сау қалмасын тұспалдап үлгерген Оля Таран ұшақты тура қарсы алдарынан көкке өрлеп келе жатқан жау ұшағына қарай қарсы бағыттап еді. Екі ұшақ шартпа-шұрт соқтығысқан. Оля Таран ұшағы жау ұшағына соқтығысқан бойда жарқ етіп, екіге бөлініп кетіп еді. Жау ұшағы жерде өртеніп жатты. Таман полкының тағы бір ұшағы оққа ұшты. Қарсыласын атып түсіріп, көңілі көншігендей болған екінші жау ұшағы бір сәтке түзулік бойымен қалықтағандай еді. Осы сәтте ПО-2 ұшағы моторын сөндіріп жіберіп, тура төбесінен шаншылған. Төбесінен шаншылып, қияс өтіп бара жатып, пулемет оғына дес берген. Өз уақытында және дәл атылған пулемет оғы жау ұшағын қызыл жалынға ораған. ПО-2 ұшағы жан ұшыра шыңғырып, омыраулай келіп, тағы көкке атылды. Ақша бұлттың ішінде аз айналды да, құлдилай келіп, жаудың келесі ұшағын атып түсірді. Тағы да шыңғыра үн шығарып, тік көтерілген. Сәт сайын екі жақтан да ұшақтар отқа оранып жатты. Бірақ, қорамы азаяр емес. Бірі апат болса, іле артынан екіншісі келіп жатты. Штурман Хиуаз ұшағы үшінші жау ұшағын атып түсіріп, тағы көкке өрлемек еді. Алайда, бұл әрекеті іске аспаған. Себебі, дәл жан-жағынан бірнеше жау ұшағы торып, қаумалап алған екен. Осыны сезген Хиуаз ұшаққа төмендеп, көлбей ұшуға бұйрық берген.

– Төмендеп ұша бер, – деді бұйыра сөйлеп.

– Төмендеп ұшып бара жатырмын, – деп жауап берді серіктесі.

– Мен айтқан Бөрілі сайдың басындағы жалғыз емен ағашы есіңде ме?

– Есімде.

– Біз жаудың көп ұшағының қыспағында қалдық.

– Ұқтым.

– Сен сол жалғыз еменді айналып ұш!

– Құп болады, мен жалғыз түп еменді айналып ұшамын.

– Еменді үш рет айналып ұшатын бол!

– Еменді үш рет айналып ұшамын.

Осы кезде жау ұшағы да маневр жасап, ПО-2-ні қыспаққа ала бастаған. Ұшақ еменді үш рет айналып ұшып, жалт беріп, Бөрілі сайдың қойнауына түсіп кеткен. Жау ұшақтары болса, емен ағашының түбінде бір-біріне қақтығысып, жайрап жатты.

Қатарынан аспанға жетінші рет көтерілген  ПО-2 ұшағы тағы да жау ұшағының қуғынына тап болған. Бұл жолы бақандай үш жау ұшағы соңына түскен. Тегі жау ұшағына қалайда осы бір ПО-2 ұшағын құрту тапсырылған секілді. Бір жау ұшағы дәл төбесінен төнді де, екіншісі екі бүйірден қыспаққа алды. Енді не істеу керек?! Бұндайдан құтылу қиынның қиыны еді. Хиуаздың саңқ еткен дауысы естілген.

– Мен ұшақты қайда айдап бара жатқанымды білесің бе?

– Жоқ.

– Ендеше біліп қой, мен ұшақты ескі көпірге қарай айдап барамын. Ескі көпірді білетін шығарсың?

– Ескі көпірді білемін.

– Білсең, ұшақты сол көпірдің астынан өткіземін. Құтылудың бірден-бір жолы осы. Сен пулемет тұтқасынан бір сәт ажырама.

– Құп болады, мен пулемет тұтқасынан бір сәт ажырамаймын.

Хиуаз мұндайда әсте саспайтын. Қобалжу, қорқу деген санасына кірмейтін. Қайта осындайдан қалай жол табудың жолын қарастыратын. Және сол жолды табатын. Көп жағдайда жас қыздың таңдауы дұрыс келіп жататын. Бұл жолы да ол жаңылмап еді. ПО-2 ұшағы көпірдің астынан жалт беріп өте шығып, қайқаң етіп, қайта аспанға көтеріліп, құлдилай келіп, көпірдің астынан екінші рет өтіп кеткен. Алғашқы қимылынан жаңылмай тағы бір маневр жасап, үшінші рет өтіп кетіп еді. Үшінші рет өткен бойда, қалың орманның ішін, биік ағаштардың ұшар басын аралай ұшқан. Жау ұшағы тағы құрыды. Бірі тұмсығымен шаншылып, суға түсіп кетсе, қалған екеуі бірінен кейін бірі көпір жақтауына соғылып, ескі көпірді отқа ораған.

Хиуаздың ПО-2 ұшағын көпірдің астынан өткізуі бір бұл емес еді. Осыған дейін де талай көпірдің астынан өткізіп, әбден дағдыланып, ысылып алған болатын. Сай бойына түсіп кету, айдаладағы жалғыз ағашты айналып ұшып, жау ұшағын адастырып кету оның ұшқыштық іс шарасындағы дағдылы әрекеттердің бірінен саналатын. Ұшақты көпірдің астынан өткізіп кету әлбетте үлкен өнер саналады. Бұл әдісті В.Чкалов,Т.Бигелдинов, Н.Әбдіров тәрізді танымал ұшқыштар жасады дегенді Хиуаз да естіген. Бірақ, олар ұшақты көпірдің астынан өткізу әдісін тек күндіз ғана жасаған. Оның үстіне олар алды-артын танып қалған, әбден ес тоқтатқан, сүйегі қатқан, отыздың ішіндегі атпал азаматтар еді. Ал, Хиуаз ше? Хиуаз бұл шақта жасы жиырмаға толық жете қоймаған, үлпілдеген бойжеткен қыз еді…

Ол жөнінде Хиуаздың өзі де сұхбаттарының бірінде ағынан жарылып, ашып айтқан: «Кішігірім ПО-2 ұшағы оқ дөп тисе, тез жанғыш еді. Дегенмен, әуеде маневр жасауға аса ыңғайлы. Біз онымен көпірдің астынан да зулай өтетін едік. Атақты Чкаловтың ерлігін пәлен қайтара жасағанбыз. Артымыздан қуған жау ұшағын жүрісінен жаңылдырушы едік. Далада тұрған жалғыз ағашты шыр айналып ұшып, әуреге салатынбыз. Біз бұл ұшақты қатты сүйдік. Ол біздің майдандас досымыз, қаруымыз еді. Оны «Майдан старшинасы» дейтінбіз…»

Өмірде небір күтпеген жәйттер болады ғой. Әсіресе, соғыстың аласапыран шақтарында мұндай тосын оқиғалар жиі болып тұратын. Осындай бір ойламаған жағдай Хиуаздың да ұшқыштық өмірінде болып, кейін айтып жүрер қызықты естелігіне айналған.

…ПО-2 ұшағы тағы да жан ұшыра шыңғырып, күллі денесі қаһарлы гүжілге толып, дір-дір етіп, әуеге көтерілген. Бұл Хиуаздың бір түндегі аспанға қатарынан оныншы реткі көтерілуі еді. Соғыс Кавказда, Грозный маңында жүріп жатқан. Аэродром Асиновская дейтін шағын елді мекенге орналасқан еді. Бұл жолы штурман Хиуазға термитті бомбаларды тастау тапсырылған. Бомбалардың өзі әр түрлі болып келетін. Кейбірі ұшақтың екі қанатының астына тізіледі. Оны тастау оңай. Шыжым жіпті тартып қалсаң бітті, шариктер домалайды да, артынша бомбалар шуылдап, бірінен соң бірі жерге төгіліп, түсіп жатады. «Фугас», «Кассета» бомбалары да болды. «Фугас» бомбасы да тастағанда пәлендей қиындық тудырмайды. Ол да белгілі бір тетіктер арқылы ақтарылып, сау ете қалады. «Кассета» бомбасын қолмен лақтырады. Өйткені, ол әрі жеңіл, әрі жанғыш бомба болатын. Түскен жерінде лезде лап етіп, жанатын да, айналасын отқа бөлейтін. Ал, «Термитті» бомбалар аса ауыр болады және оны қолмен тастауға тура келетін. Хиуаздың бұйрығы бойынша ұшақ құлдилай келіп, аз ғана көлбей ұшып, әлгі бомбалар тасталып жатты. Тізерлей отырып алған қыз қап-қараңғы кабина ішінде жанталасып, бомба тастауға кіріскен. Ең соңғы бомбаны ала бергені сол еді, ұшақ қайқаң етіп, шыңғыра үн қатып, көкке шапшыған. Уақыт болжамы бойынша дәл осы кезде бомбаның бәрі тегіс тасталып бітуі керек еді. Алайда, соңғы бомба соңғы секундта, әсіресе ұшақ аспанға шапшығанда бұлт етіп қолынан шығып, кабинаның бір бұрышына лықсып кеткен. Хиуаз бұған сәл сасып, әбіржіп қалғандай еді. Алайда, бұл бомба бір нәрсеге қатты соғылмайынша жарылмайды. Соны есіне берік сақтаған қыз бір бүйірлеп жата қалып, шыр айнала беріп, екі аяғымен бірдей бомбаны кабинаның жақтауына тіреп, сірескен күйі қатып қалған. Қозғалтуға болмайды. Ұшақ лықсып кеп, көк аспанға тағы шапшитын болса, бомбаның қапияда бірдемеге қатты тиіп, жарылып кетуі әбден мүмкін.

– Полина, – деген қыз даусы саңқ етіп.

– Тыңдап тұрмын, – деген Полина.

– Саған айтарым сол, қазір ұшақты өте ақырын әрі әдемі қондыратын бол.

– Келістік, ұшақты сен айтқандай асықпай әрі өте әдемі қондыратын боламын.

– Қонар сәтте ұшақтың жылдамдығы ең төменгі көрсеткіште болсын.

– Қонар сәтте ұшақтың жылдамдығы ең төменгі көрсеткіште болады. Бұл сөзді неге айттың, әлде жараланып қалдың ба?

– Жоқ, бұл сөздерді мен саған өтініш ретінде айтып тұрмын.

– Өтінішің мүлтіксіз орындалады.

Полина өз айтқанында тұрады. Ұшақты аса шеберлікпен, баяу және әп-әйбат қондырады. Хиуаз өзі жасырған «Термитті» бомбаны өзімен бірге жерге ала түсіп, болған жәйді баян етеді. Екі құрдас бұған баладай мәз болып, шаттана күлісіп алған…

Әйтсе де, қыз көкірегінде бір өкініш, ішкі күйініштің өшпей қалғаны рас еді. «Бұл тегінде жақсылықтың нышаны емес, – деп ой қорытты оңаша қалған шақтарында, – бұны әсте жақсы деуге де болмайды. Және мұндай кезде күлудің де қажеті жоқ. Неге күлмекпіз сонда, өзіміздің әлсіздігімізге, босаң әрекетімізге күлмекпіз бе?! Жоқ, әсте олай емес. Бомбаның тиесілі жеріне түспей, өзіңмен бірге жүруі, қасыңда, қатарыңда жатуы деген біле білген жанға сұмдықпен бірдей. Бұл дегеніңіз ажалмен бірге жүріп, қолтықтасып, күн кешу дегенге саяды.  Мұндай босаңдыққа ешқашан жол бермеген жөн. Бұл кешірілмейтін оқиғалар санатына жатады…»

Аспан аруы өз дегенінде тұрды. Іштей толқып айтқан сөзін былайғы тірлікте қайталамады.

«Термитті» бомбаны келесі жолы жау шебіне бірінші лақтырған еді…

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here