Асқар тауымыз еді…

0
1612

Перзент атаулы жүрек сөзін ең алдымен ата-анасына арнайды. Содан ба екен, әкем туралы ойланған сайын өн бойымды ұдайы сүйіспеншілік сезімі билейді. Осынау ғазиз Әке туралы қалай айтсам да жарасар еді. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген ұлағатты сөздің мағынасын мен қазір терең түсініп жүрмін.

Менің әкем туралы ағайын-туыстар, құда-жекжат, замандастары да аз білмесе керек. Ендігі жерде екінші ғұмыры басталып кеткен аяулы әкеміз Киікбай Изетұлы, анамыз Шолпан туралы өз перзентінің бірауыз сөз айтуға қақысы болса керек. Өйткені, ол бізді өмірге алып келген Әке, Ана! Ал, ол туралы сөйлеу қашан да қиын. Сондықтан менің сөзім тек қана перзенттік борыштың бастауы болмақ.

Анамыз Шолпан өмірден ерте кеткендіктен бар басымдықты әкемізге түсіріп отырмын.

Әкеміз Киікбай Изетұлы Сыр өңірінің Арал ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. Кейін еншісі бөлінбеген көршілес Қазалы ауданына көшіп келіп, бар бақытын осы жерден тапты. Осы ауданда аудандық газетте тілшіліктен бастап, бас редакторлық жолдардан өтті. Аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарып, абыройлы болды деп ойлаймын. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамай мамандығына адал болды. Ол ең біріншіден, аса дегдар, өз ісіне мығым өте еңбекқор жан еді. Ол үшін демалыс күні деген атымен жоқ болатын. Таңның атуы мен кештің батуы аралығын ол өз кәдесіне жарата білетін. Мәселен, ақ парақ бетіне өмірде көргендері мен түйгендерін маржандай етіп түсіру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл жұмыстарды ол мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп істеді. Өмірінің соңғы жылдары қос жанарынан айырылса да, қолынан қаламын тастамады. Осынау өзі өлсе де сөзі өлмейтін рухы биік әкеміздің соңында көптеген шығармалары қалды.

 Туған жердің тарихын көп зерттеп, оқырманның ой-санасын ашты. Республикалық мерзімді баспасөзге үнемі материал дайындап, Сыр өңірінің беймәлім тарихының құпиясын ашып, жаңа деректер тауып, оқырманды қуантуға тырысты.

Тегінде бар тектілік, қанында бар бекзаттық оны арыстар жүрген жолға бағыттады. Кеңес заманында да, азаттық алған жылдарда да «дүниеге бой алдырмай, аяғын шалдырмай» адалдық үлгісін көрсетті.

Хатқа түскен әрбір сөздің ғұмырлық тарихы бар өзінің атқарып жүрген жауапты қызметтерінен тыс рухани дүниемен өзін-өзі тәрбиелеп отыру – кез келген адамға бұйыратын нәсіп емес. Ол соңына мәңгілік өшпейтіндей ұлағатты дүние қалдырды. Оның жазған ғибратты сөздерінен көп нәрсені аңғаруға болар еді. Оның көбісі тек қана тәрбиеден тұратынын көрдік.

«Саңылаудай сәуле жоқ қара түнек күндер туса да, аспанда ай тұтылып төңірек тұмшаласа да, сеніміңнен айырылмайтын табиғат тәңірінің нұры ақ жауыны мен аппақ қардан кейін алтын күрек есіп дүние тазарады. Адамзат жаратылғалы бері жақсылық пен жамандық қайшылық атауы ұдайы ит-жығыс түсіп келеді. Десек те, адам баласына өмір сүру ешқашан да оңай болған емес. Түбі тазалық жеңеді. Соған сеніммен қараңдар. Еңселеріңді биік ұстаңдар! Өздеріңді сыйлап өмір сүріңдер, жеңілдігін береді. Ол сендердің азамат болып қалыптасуларыңа жәрдемдеседі. Осыны естеріңде сақтаңдар!» – дейтін. Бұл әкеміздің өз ұрпағына тастаған аманаты десе де болады.

«Қолыңнан келсе, жақсылық жаса. Шамаң жетсе, жалпыға қарас. Тым болмаса бір адамға шарапатың тисін. Тіршіліктің мағынасы – сонда», – деуші еді. Бұл әкеміздің әр кезде айтатын әңгімесінің басы болатын. Кейде ойлаушы едім. Әкеміз осы әңгімені неге айта береді деп. Жас болдық, әрине, оның мағынасына тереңдей бойлай алмадық. Ол жоғары мектеп бітіріп, баспасөз саласында жауапты қызметтер атқарды. Әкеміз бізге ұстаз болды. Қайда жүрсек те, жаман атымыз шықпады, қызметті адал атқара білдік. Әр жылдары қызмет бабында түрлі жауапты қызметтер атқаруына тура келді. Сонда әкеміздің айтқан ақылдарын үнемі есімізден шығарған емеспіз. Қай жерде қызмет атқармайық, қолымыздан келгенше қарапайым, әділдік салтын ұстануға тырысып келеміз.

Ескі ғұламалардан қалған сөз бар. Кісіге екі дүниеде пайдалы үш нәрсе бар: алғашқысы – іс пен әзиз мінезділік, екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік. Адам осы үшеуі арқылы бақыт табады. Біршама табысқа қол жеткізген де болдық. Ол әкем Киікбай Изетұлы мен анамыз Шолпанның арқасы деп білемін.

Жұмыр басты пенденің өмірге келуі мен өмірден кетуі – ұлы жаратушының уәки ісі. Қуаныштан тасымай, мұқалғанда басылмай, үмітін өшірмей, сенімін қашырмай, адами қасиетті аттамай, айналасын даттамай өткенге не жетсін. Жаратылысынан бүгілуді білмеген, болымсызға үгілуге көнбеген әкеміз өмірден өткенде де ұлылықтың үлгісін көрсетіп кетті. Ең бастысы, әкеміз Пайғамбар мінезді, сәруар тұлғалы болатын. Ашынса, ашуынан қаталдық, қуанса мейірімінен адалдық, бой қуатынан тектілікті көрсетіп өткен әкемізді біз әлі талай іздейтін боламыз. Ол өмірге сәби болып келіп, сәбилік тазалығын ғұмыр бойы сақтай алған сәруар абыздыққа жетті.

Тірілер – қашанда өлгендер алдында қарыздар. Сондай парыз, қарыздың бірі – марқұмның басына белгі қою делінеді екен. Әкеміз бен анамыздың басына өзіне лайықты сәулетті белгі қойдық. Ол да бір өтелген парыздың бірі болды. Бізді дүниеге әкеліп, әрқайсымызға бақытты өмір сыйлаған әке рухы алдында басымды иемін. Оның рухы өлмейді, біз бар да жаққан шырағы сөнбейді.

Қайғының емі – көңіл айту. Ол – біреудің ішке түскен қайғысын сыртқа шығарады, бүгілген белін жазады, түңілген түрін оңдайды. Осынау қаралы күнде әкемізді ақтық сапарға шығарып салуға адам көп келді. Біз олардың баршасына алғысымызды білдіреміз. Алла оларға амандық берсін!

Ұл-қыздары – Бақытбек, Сәбит, Ғабит, Гауһар, Гүлнар

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here