Ұлт ұстазының кейінге шегерілген 150 жылдығы қашан өтеді?

0
250

Осыдан тура 150 жыл бұрын қазіргі Қостанай облысына қарасты Жангелді ауданының Ақкөл ауылында дүниеге келген Алаш арысының ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқан мерейтойы 5 қыркүйекте туған өлкесінде жалғасуы тиіс болатын. Алайда, Қостанай облысында тұтанған алапат өрттің салдарынан Торғайдағы шаралар кейінге шегерілгені белгілі. Енді кейінге шегерілген Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шаралар 1 қазанда өтеді. Бұл туралы ұйымдастыру алқасы хабарлады.

«Биылғы жылдың 3-5 қыркүйек күндеріне жоспарланған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар Әулиекөл ауданындағы төтенше жағдайдың салдарынан кейінге шегерілген болатын. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетілді. Қазіргі таңда жағдай тұрақталды. Осыған орай, Ұлт ұстазының мерейтойы 1 қазан күні атап өтілетін болады. Мерекелік шаралар Ахмет Байтұрсынұлы және Торғай ауылдарында өтеді. Бағдарлама бойынша Сарытүбек қонысында Ахмет Байтұрсынұлының кесенесіне тағзым жасау, музей-үйдің тұсаукесері өтіп, ас беріледі. Торғай ауылында спорттық шаралар (қазақ күресі, ат жарысы), ескерткіштің ашылуы, реэкспозициядан кейінгі А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби музейінің тұсаукесері, ғылыми-практикалық конференция жоспарланған», – делінген ұйымдастыру алқасының хабарламасында.

Айта кетейік, Қостанай облысындағы алапат өрт кезінде өңірге жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты пікір білдірген еді. Сол кезде Мемлекет басшысы өртпен байланысты жағдай тұрақталып, зардап шеккендерге көмек көрсетілген соң Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне баратынын мәлімдеген болатын.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here