Президенттің Нью-Йоркке жұмыс сапары қалай өтті?

0
157

Бір апта бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) штаб-пәтері орналасқан Нью-Йоркте (АҚШ) БҰҰ-ның 77-ші сессиясы басталды. Сол 13 қыркүйек күнгі келелі жиынды ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш және сессия төрағасы, мажар дипломаты Чаба Кереши ашты. Ал, 20-26 қыркүйек күндері ұйымның жоғары деңгейлі апталығы өтеді. Оған ұйымға мүше 193 елдің президенттері, премьер-министрлері мен сыртқы істер министрлері қатысады. Биылғы сессияның негізгі тақырыбы Украинадағы қақтығыс, климаттың өзгеруі, әлемдік экономиканың рецессиясы, инфляция, тауар жеткізу тізбегінің бұзылуы сияқты өзекті мәселелерге арналады.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ НЬЮ-ЙОРККЕ
САПАРЫ ЖАҺАНДЫҚ ҚАРЖЫ ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ
ЖЕТЕКШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУДЕН БАСТАЛДЫ

Бүгін, 20 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының Жалпы дебатында сөз сөйледі. Әлемдегі ең өзекті мәселелерді талқыға салатын жиынның алдында Мемлекет басшысы жергілікті іскер топтармен кездесті. 19 қыркүйек күнгі келіссөздер таң бозынан қас қарайғанша жалғасты. Айталық, Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапары Citi, Goldman Sachs, NASDAQ, Auerbach Grayson & Company LLP, Franklin Templeton, Brightlight Capital, AllianceBernstein, Jefferies Financial Group, Luxor Capital Group, Paine Schwartz Partners LLC, New Silk Road Forum, Robotti & Company Advisors, TPG Capital, Grupo Los Grobo сияқты жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуден басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Eurasia Group компаниясының президенті Ян Бреммермен де кездесті. Сол күні Мемлекет басшысы шетелде тұратын әрі әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан 400 қазақстандықты біріктіретін Digital Nomads IT қоғамдастығының өкілдерімен кездесу өткізді. Бейресми жағдайда өткен кездесуде Қазақстанда ІТ саласын дамыту перспективалары мен қазіргі әлемдік үрдістер талқыланды.

ПРЕЗИДЕНТ ЖҰМЫС САПАРЫНЫҢ ЕКІНШІ КҮНІ
ІСКЕР ТОПТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Нью-Йоркке сапарының екінші күні Қазақстан Президенті қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру салаларында жұмыс істейтін америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесуі әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-тің мұнай және шикізат саудасы жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Эд Эмерсонмен әңгімелесуден басталды.

Іскер топтармен бірқатар екіжақты кездесулер аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қазақстан-Америка инвестициялық дөңгелек үстелінің жұмысына қатысты. Іс-шараға Chevron, ExxonMobil, Fluor, Shell USA, The Solar Turbines, S&P Global, Centrus Energy Corporation, Boeing, Amway, GE International Markets, Honeywell UOP, Philip Morris, The Procter & Gamble Company, Baker Hughes, John Deere, Bechtel, Halliburton, Valmont, Champion Foods, PepsiCo, MasterCard, Citi, McLarty Associates, Macro-Advisory LTD, private equity fund RCF, Brownstein Hyatt Farber Schreck, Greenenberg Traurig LLP, Microsoft, Coursera, StartX, EPAM, Wabtec Corporation, Zscaler, DoorDash, Amazon, Pfizer, Medtronic, Netflix секілді ірі америкалық компаниялардың басшылары қатысты.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕУРОПАЛЫҚ КОМИССИЯ
БАСШЫСЫН ҚАЗАҚСТАНҒА ШАҚЫРДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың екіжақты келіссөздер бағдарламасын БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-ші сессиясының аясында Австрия Президенті Александр Ван дер Белленмен болған кездесуі ашты. Содан кейін Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Питер Маурермен жүздесті.

Сол күні Мемлекет басшысы Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен екіжақты келіссөз жүргізді. Тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады. Қазақстан Президентінің 2021 жылғы қараша айында Брюссельге ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, энергетика және көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қозғалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Урсула фон дер Ляйен стратегиялық серіктестікті одан әрі жан-жақты нығайтуға деген өзара қарым-қатынасты растады. Еуропалық комиссияның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде іске асырылып жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады. Кездесу соңында Президент Урсула фон дер Ляйенді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Африка Одағы мен Еуропа Одағының бірлескен төрағалығымен өткен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммитке қатысып, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы нәубет кезінде Қазақстан аштық қасіретін бастан кешкенін, сондықтан азық-түлік проблемаларын шешуге толық мүдделі екенін айтты.

Мемлекет басшысы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммит аясында Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельмен де кездесті.

ПРЕЗИДЕНТ БАСТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МІНБЕРДЕ СӨЙЛЕДІ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы Жалпы дебаттарына қатысуы Нью-Йоркке сапарының басты оқиғасы болды.  Басты халықаралық мінберде сөз алған Қазақстан Президенті БҰҰ-ның штаб-пәтеріндегі бүгінгі кездесу әлем геосаяси текетірестің жаңа кезеңіне қадам басқан адамзат үшін сындарлы кезеңде өтіп жатқанын айтты. 

– Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып жатыр. Жаһандық тежеу ​​мен тепе-теңдік жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай алмады. Қауіпсіздік архитектурасы жойыла бастады. Әлемдік державалар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам артып келеді. Әлем әскери қақтығыстардың жаңа толқынының құрбанына айналды. Біз бірінші рет екі буыннан кейін ядролық қаруды қолдану қаупімен бетпе-бет келдік, – деді Президент.

Қазақстан Президенті өз сөзінде 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер ұйымның Жарғысында осы уақытқа дейін біздің қызметімізді сәтті реттеп келгенін халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын жазып, бекіткенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ негізінде жатқан іргелі постулаттарды сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, ол мемлекеттер егемендігінің теңдігі, территориялық тұтастықты құрметтеу және мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі сияқты үш негізгі қағидаттың өзара байланысын қайта қарастыру қажеттігіне тоқталды. 

– Бұл – үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады. Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы. БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала береді, – деп сенім білдірді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, аталған құндылықтарды батыл қорғауға шақырды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформаларға да тоқталып, Қазақстандағы ішкі саяси оқиғаларға, атап айтқанда президент мерзімінің қайта қарастырылып жатқанын атап өтті. 

– Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы тың серпіліс. Біз «күшті Президент – беделді Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын қатаң ұстана береміз. Бұл формула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

ЕКІ КҮНДЕ 27 КЕЗДЕСУ, 3 ІРІ ШАРА

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапарының соңында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді.  Конструктивті және достық жағдайында өткен кездесуде Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың жай-күйі мен перспективалары талқыланды.  Сондай-ақ, қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін шешудің ұжымдық әдістерін әзірлеуге бағытталған күш-жігерге ерекше назар аударылды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерришті Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәліметінше, Мемлекет басшысы екі күнде 27 кездесу өткізіп, 3 ірі шараға қатысқан.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here