Қарағандыдан Керекуге…

0
617

Түске дейін жұмыс сапарымен Қарағандыда болған Президент түстен кейін Керекуге барды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары өңір жұртшылығымен кездесуден басталды.

«Абылайдың ақылшысы Бұхар жырау, ғұлама ойшыл Мәшһүр Жүсіп, Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов осында дүниеге келген. Жаяу Мұса, Естай ақын, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкен Айманов сынды руханият саласының айтулы өкілдері осы өңірден шыққан. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Кемел Ақышев, Шапық Шөкин сияқты әйгілі ғалымдар – Ертіс бойының перзенттері. Бір сөзбен айтсақ, Баянауыл баурайы – тектілердің берекелі бесігі», – деді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде өңірдің басты басымдықтарына назар аударды. Олар:

БІРІНШІ, аймақтың индустриялық-инновациялық әлеуетін нығайту, шағын және орта бизнеске кешенді қолдау көрсету;

ЕКІНШІ, өңірдің экологиялық мәселесін шешу, өнеркәсіптердің шығаратын қалдықтарын қайта өңдеу ісін дамыту;

ҮШІНШІ, өңірдің инфрақұрылымын дамыту, облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салу, жолды күтіп ұстауға және қыс мезгілінде жолдарды тазалау жұмыстарына баса назар аудару, жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру және жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтау;

ТӨРТІНШІ, креативті индустрия мен туризмді дамыту.

* * *

Ертең «AMANAT», «Ақ жол» және Қазақстан халық партияларының съезі өтеді. Онда аталған саяси ұйымдар өз кандидаттарын ұсынады. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауына қандай ұйымнан қатысатыны нағыз интрига ғой! Мемлекет басшысы Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуінде алдағы сайлауға қандай ұйымнан қатысатыны туралы айтты. «Өздеріңізге мәлім, мен еліміздегі ең ірі «AMANAT» партиясының Төрағасы қызметінен бас тарттым. Конституциялық реформа нәтижесінде Президентке өзінің өкілеттігін атқару кезінде партия қатарында болуға тыйым салынды. Алдағы сайлауға қандай ұйымның атынан қатысатыныма қоғам қызығушылық білдіріп отырғанын білемін. Ашығын айтайын, маған әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан өздерінің атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Әсіресе, жастар және басқа да қоғамдық ұйымдардың бастама көтеріп жатқанына қуандым. Осының барлығы азаматтардың кейінгі үш жарым жылда жүзеге асырылып келген реформалар мен өзгерістерге қолдаудың айтарлықтай артқанын көрсетеді. Бірақ жасаған ұсынысы мен сенімі үшін, стратегиялық бағытыма белсенді қолдау көрсеткені үшін барлығына алғыс айтамын. Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің ірі коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялармен, бірлестіктермен тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Президент.

Міне, бір күнде екі облысқа жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы президент сайлауына қай ұйымның атынан қатысатынын жалпақ жұртқа жария етті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here