Араға 13 жыл салып Республика күні халықпен қайта қауышты

0
2181

Еліміз азаттық алғалы 25 қазанРеспублика күні ретінде тойланып келді. Алайда, бұл күн мемлекеттік мерекелер тізімінен 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталды. Биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен араға 13 жыл салып ел тарихындағы айшықты күн халықпен қайта қауышты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін ұлттық мерекенің тарихы мен маңызына тоқталады.

МЕМЛЕКЕТТІК ЕГЕМЕНДІК ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯ

1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Қазақ КСР-ның егемендігі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Сондай-ақ, құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал, Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтата алдық және өзіміздің заңдарымызды жасай бастадық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, мемлекеттік мерекелер тізіміне 2001 жылы енгізілді. Бірақ, 2009 жылы «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ.

ЕЛДІҢ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ
ТАРИХИ ҚАДАМЫНЫҢ СИМВОЛЫ

Жоғарыда жазғанымыздай, биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде аталып өтеді. 29 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Аталған заң бойынша 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып бекітілді.

Биыл маусым айында Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтты.

«Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Өйткені, олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал, Тәуелсіздік күні Мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Яғни, бұл қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here