Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек…

0
1063

Елімізде кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Ал, сайлау алдындағы үгіт 21 қазанда басталып, 18 қарашада аяқталады. 19 қараша – тыныштық күні. Саяси науқан үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, Орталық сайлау комиссиясында жұмыс қызу жүріп жатыр. Өйткені, бұл сайлау бұған дейінгі сайлаулардан өзгерек болғалы тұр. Біріншіден, осы жолы Президент бір ғана мерзімге жеті жылға сайланады. Екіншіден, қазақстандықтар енді «бәріне қарсы» дауыс бере алады. Бір ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін саяси науқанның соңғы жаңалықтарына тоқталады.

ОН ЕКІ КАНДИДАТТЫҢ АЛТАУЫ ҚАЛДЫ

Қазақстанда 23 қыркүйекте басталған кезектен тыс президент сайлауына кандидаттар ұсыну мерзімі 11 қазан күні кешкі сағат алтыда аяқталды. Президенттікке кандидаттарды республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынады. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, саяси додаға қатысуға 12 кандидат ниет білдірді. Яғни, осынша адам Орталық сайлау комиссиясына құжатын тапсырды.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаевты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы саясаткер Нұрлан Әуесбаевты, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің экономикалық зерттеулер институтының басшысы Мейрам Қажыкенді, «AMANAT» партиясынан бөлек басқа да саяси бірлестіктер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты, «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясының мүшесі Қарақат Әбденді, «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі экс-депутат, кәсіпкер Талғат Ерғалиевты, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі экс-депутат Жұматай Әлиевті, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекованы, «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұлттық валюта авторларының  бірі Хайролла Ғабжалиловты, «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігі экс-депутат Нұржан Әлтаевты, «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі Фатима Бизакованы, «Қазақстандық Футбол Әуескерлері Лигасы» қоғамдық бірлестігі Бақыт Жаңабаевты ұсынды.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, осы 12 кандидаттың талтауы талапқа сай болмай шыққан.

ЕНДІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ПРЕЗИДЕНТТІ
БІР МЕРЗІМГЕ САЙЛАЙДЫ ЖӘНЕ
«БӘРІНЕ ҚАРСЫ» ДАУЫС БЕРЕ АЛАДЫ

Жоғарыда бұл сайлау бұған дейінгі сайлаулардан өзгерек болғалы тұрғанын жаздық. Оның екі себебі бар.

Біріншіден, 20 қараша күні сайлаушылар Қазақстан президентін жеті жылға және бір мерзімге ғана сайлайды. Яғни, елімізде президенттің қайта сайлануына тыйым салынады. Конституцияға тиісті түзетулер таяуда енгізілді. Бұған дейін Қазақстан президенті бес жылдан екі мерзімге сайлану құқығына ие болып келген еді. Осылайша, Қазақстан президент мандатын бір мерзіммен шектеген посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел атанды.

Екіншіден, енді сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген баған қосылады. Яғни, президенттікке ұсынылған кандидаттарға сайлаушылардың көңілі толмаса, олар дәл осы бағанды белгілеп, өз қарсылығын білдіре алады.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанды енгізуді ұсынған болатын. Оны Президент: «Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн», – деп түсіндірді. Содан былтыр Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» бағанын қосуды көздейтін заңға қол қойды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here