«Өнегелі келін» республикалық байқауы өтті

0
7375

Таяуда Алматы қаласында Медеу ауданы «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының қолдауымен және салт-дәстүрді насихаттап жүрген қоғам белсендісі, «Бұрымды қыз», «Бесік жыры» жобаларының авторы Рабиға (Раиса) Қалдыбайқызы Үмбетбаеваның ұйымдастыруымен «Өнегелі келін» республикалық байқауы өтті.

Байқауға Аяужан Сәдуақасова (Алматы облысы), Анар Ахметова (Қарағанды қаласы), Рауан Қалманова (Қызылорда облысы), Қымбат Сламбай (Алматы облысы), Перизат Бакирова (Қызылорда облысы), Фариза Тулебаева (Ақтөбе қаласы), Алтынай Ходжаева (Алматы облысы), Нүрия Саназарова (Ақтау қаласы) сынды жан-жақтан келген келіндер қатысты.

Келіндер сайысына «Анаға құрмет» музейінің директоры, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Аршагүл Тойбаева, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі, этнограф-жазушы Болат Бопайұлы, Халифа Алтайдың келіні Дэриға Алтай, Қазақстан психоаналитикалық және Ұлттық медициналық ассоциацияларының мүшесі, білім беру саласының үздігі Салима Сатылғанқызы әділқазылық етті.

Байқау барысында қатысушылар әр өңірдің өзіне тән салт-дәстүрі мен сәлем салу, орамал тарту үрдістерін көрсетті. Олар төрт кезең бойынша сынға түсіп, бақтарын сынады.

Қатысушылар байқаудың бірінші кезеңінде өздерін қысқаша бейнеролик арқылы таныстырды. Екінші кезеңде ұяшық таңдап, салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға, отбасылық өмірден алынған логикалық сұрақтарға жауап берді. Байқаудың үшінші кезеңінде келіндер өз өнерін ортаға салып, ән салу, би билеу, домбыра тарту, ақындық секілді қырларынан танылды. Соңғы кезең бойынша қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп, аспаздық өнерлерін паш етті.

Қатысушылар қазақ келініне тән түрлі номинацияларда топты жарып, заттай бағалы сыйлық иегерлері атанды.

Айта кетейік, тамыз айында «Qazaq» газетінде «Өнегелі келін» республикалық байқауы жарияланғаны жөнінде хабарландыру жарық көрген болатын. Рабиға (Раиса) Қалдыбайқызының биыл ұйымдастырған бұл үшінші байқауы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here