Журналистердің құтты мекеніне айналған жатақхана қайта жанданды

0
1030

5-ші жатақхана – қазақ қаламгерлерінің табаны тиген киелі де қасиетті ордасына айналған мекен. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаңарған 5-ші жатақханасы студенттерге қайта пайдалануға берілді. 356 орындық ғимарат замануи үлгіде Студенттер үйі журналистика факультетінің шәкірттеріне салтанатты түрде табысталды. Бес қабатты жаңарған ғимараттың ашылуына университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ҚазҰУ түлектері, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты. Университет ректоры Жансейіт Түймебаев студенттерді жаңа қоныстарымен құттықтады.

«№5 жатақхананың қолына қалам ұстаған қауым үшін өзіндік терең тарихы бар. ҚазҰУ-да оқыған есімі елге танымал журналистер осы студенттер үйінде тұрды. Бүгін сол дәстүр жалғасын тауып, журналистика факультетінде оқып жатқан білім алушы жастарға қолданысқа берілді. Алдағы уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті құрылысының екінші кезеңінде қалашықта жаңа жатақханалар бой көтеретін болады», – деді ректор.

Жатақхана күрделі жөндеуден өткен. Нақтырақ айтсақ, қасбеті жаңартылып, қабырғалары қайта сыланған. Есіктер, еден төсеніштері салынып, жиһаздар сатып алынған. Әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып, санитарлық-техникалық жабдықтар ауыстырылған. Бұған қосымша нысанның су құбыры мен кәріз жүйесі де монтаждалған.

Айта кетсек, №5 жатақханада соңғы бес жылда физика-техникалық факультетінің студенттері қоныстанған. Журналистика факультетінің түлектері жатақхананы тілшілерге қайта беру туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың атына ұсыныс жасаған еді. Осыған байланысты университет әкімшілігі тиісті шешім қабылдап, күрделі жөндеуден өткен жатақхананы болашақ журналистерге қайта пайдалануға берді. Онда жастарға білімді бағындыруға, бос уақыттарын тиімді пайдалануға барлық жағдай жасалған.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here